Жұлдыз FM радиосы – 7 жаста
Биыл тың хабарлар, қызықты бағдарламалырымен көптің жүрегінен орын алып жүрген Жұлдыз FM радиосының негізі қаланғанына 7 жыл толды. Радио ұжымы туған күнге орай еліміздегі айтулы әншілер мен актерлерді қонаққа шақырған екен. Массагет порталының тілшілері де мерейтойға барып, радионың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Радио ХХ ғасырда адамның адал серігі болды. Ақпараттық бюродан шыққан атақты хабарландырулар, алғашқы музыкалық бағдарламалар, ақпарат берудегі нағыз серпіліс, бұқаралық ақпарат құралдарындағы революция – осының бәрі радио арқылы жүзеге асып жатты. Қазақстанда да радионың пайда болғанына 100 жыл өтті.
Жұлдыз FM радиосы 2014 жылдың қараша айынан хабар тарата бастады. Аз ғана уақыт ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен тыңдармандарын тауып, талғамынан шыға білді.
Жұлдыз FM - Қазақстандағы тек қана ана тілімізде хабар тарататын және бағдарламалары телеарнадан қатар көрсетілетін жалғыз радиостанция. Радио бастапқыда жастарға арналған бағытта ашылғанымен, бүгінде еңбектеген бала мен еңкейген қартқа дейін тыңдайды.
Жұлдыз FM – сағат сайын еліміздегі ең соңғы жаңалықтармен хабардар ететін, жаңадан шыққан әндердің "тұсаукесері" жасалатын, ең танымал жұлдыздармен эксклюзивті сұхбаттар жүргізілетін, таңнан кешке дейін тыңдарман көңіл-күйін көтеретін радио.
Радиода алдын ала бір аптаға тақырыптар бекітіледі. Атаулы күндерге орай қонақтар шақырылады. Бағарлама бірнеше айдарлардан тұрады. Қазақ эстрада жұлдыздарының әндерінен микс жасалады. Бағдарлама СТВ арнасы, радио мен әлеуметтік желіде тікелей эфирде өтеді. Әр сағат сайын елімізде болып жатқан жаңалықтармен тікелей эфирде тыңдармандарды хабардар етеді.
Анар Мыңбаева: "Радионың атмосферасы бөлек"
Жұлдыз FM радиосының іргесін қалауға үлес қосқан, бүгінде осы радионың бас редакторы боп қызмет атқаратын Анар Мыңбаева радиоға бір келген адам бұл жерден кете алмайтынын айтады.
"Бүгін 7 жастамыз. Осы жылдар аралығында біраз істер атқарылды. Жастар радиосы. Қазір өзім де көп эфирге шықпаймын, жастар шықсын деймін. Бүгін бізде – радиомарафон. Ең алғаш оны ұйымдастырған Жұлдыз FM радиосы еді. 1 жылдыққа байланысты ұйымдастырдық та кейін дәстүрге айналып кетті. Жыл сайын өзіміз де тыңдармандарымыз да асыға күтеді. Биыл ерекшелеу етіп өткізіп жатырмыз. Студия ішіне сахна қойдық. Келген әншілер тек құттықтап, тілек айтып емес, ән айтсын дедік. Карантин болды. Көптеген концерттер өтпей қалды. Тыңдармандар ең болмаса осылай радиодан концерт тыңдасын деген мақсат болды. Тағы бір өзгеріс логотипіміз де өзгерттік. Мен үшін радио – жанұя. Радиодан кете алмай қалғаным да содан. Оның атмосферасы бөлек болады. Адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы жақсарады. Біз бір-біріміздің эфиріміз үшін уайымдаймыз. Көмектесеміз. Бұл жер шығармашылыққа басқа салалардан қарағанда жақын", - дейді Анар Мыңбаева.
Айтбек Тұрсынбай: "Көңілсіз жүрген елді күлдіретін,
Көңілді бір радио керек шығар!"
Құттықтап келушілердің арасында айтыскер ақын Айтбек Тұрсынбай да болды. Ол эфир барысында өз тілегін өлеңмен былай жеткізді:
"Кейбір адам 101,4 елеп сынар,
Ерекше болғандығы себеп шығар.
"Таңғы шоу, "Кешкі шоуды" кім білмейді,
Қалың қазақ хабарласып демеп шығар.
"Сәлем саған туған ел" сағынышты,
Сәл де болса басуға көмек шығар.
Жұлдыз FM радиосына дән ризамыз,
Себебі, орындары бөлек шығар,
Жылататын жаңалық пен жағдайлар көп,
Сондықтан орындарың ерек шығар.
Көңілсіз жүрген елді күлдіретін,
Көңілді бір радио керек шығар!
Ағайындылар тобы да сахнаға шығып, құттықтау сөзін әнмен әрледі
Нұрбек Қасым: "Радио – өзінше бір мәдениет"
"Кешкі Шоу", "Сәлем саған туған ел" бағдарламарының жүргізушісі Нұрбек Қасым Жұлдыз FM алдымен жастарға арнап хабар таратқанын, қазір еңбектеген баладан бастап еңкейген кәрінің де сүйікті радиосына айналғанын айтады.
"Бүгінгі мереке жалпы адамзат баласы үшін қастерлі санға сәйкес келіп тұр. Жұлдыз FM радиосы ашылғалы 7 жыл зулап өте шығыпты. Қазақ тілді радиолардың осылай хабар таратуы қазақ тілінің кеңеюіне өзінше бір үлес қосады деп ойлаймын. Бұрын, студент кезімде орыс тілді радио тыңдайтын едік. Әттең, осындай қазақша сөйлейтін радио болса деп армандайтын едік. Сол радио ашылды. Тыңдарманы болып тыңдап жүрдік. Міне, екі жылдан бері сол радионың белді бір мүшесі ретінде атсалысып жатқаныма қуаныштымын. Жұлдыз FM радиосын жастардың радиосы деп жатады ғой. Иә, басында жастар радиосы болды. Қазір еңбектеген баладан еңкейген кәрінің де сүйікті радиосына айналды. Ағаларымыз кейде әжелеріміз бен аталарымыз да тыңдап, хабарласып жатады. Тыңдарманның ауқымы кең. Радио – өзінше бір мәдениет. Мәдениеттің бір түрі. Осындай заманауи өмірде заманауи радио тыңдармандары қалыптасып келе жатыр", - дейді Нұрбек Қасым.
Әнші Әзімбек Байлин: "Жұлдыз FM-ай, Жұлдыз FM-ай;
Жұлдызға шыққандар жұлдыз екен-ай..."
Бұл жереге кімдер келіп кім кетпеген,
Қарсы алар барлығында құрметпенен.
Себебі, жүргізуші кіл мықтылар,
Жан барма Жандәуренді үлгі етпеген.
Ақбибі ақ бейілін елге арнап,
Атқарар ерек ісін міндетпенен.
Наргизбен бұл радио көрікті боп,
Нұрланып кетер шіркін, Нұрбекпенен!
Актер, әнші Әсет Есжан қонақ кәдеге "Қасымда болайын" әнін айтып берді
Қонақта болған әншілерді радио тыңдармандары инстаграммнан тікелей эфирден тамашалады
Жандаурен Мәди: "Мен үшін радио – менің өмірім"
Музыкалық редактор, радиожүргізуші Жандаурен Мәдидің мамандығы журналист. Радиода "Таңғы шоу" , "Сәлем саған туған ел!" бағдармаларын жүргізеді.
"Жұлдыз FM радиосына 2017 жылы келдім. Бұл радиомен, тыңдармандармен мақтанамын. Жетістікке жетіп жатқанымыздың бір себебі, осы – тыңдармандардың арқасы. Жұлдыз FM үздіктердің үздігі бола берсін. Ең халыққа танымал, ең беделді радиолардың бірі. Мен үшін радио – менің өмірім. Себебі, кезінде маған бір кісі айтқан: "Радиоға бір кіретін болсаң, шыға алмай қаласың" деп. Міне, шыға алмай жүрмін", - дейді ол.
Ақбибі Қамидолла радиода "Сәлем саған туған ел!" бағдарламасын жүргізеді. Сонымен бірге ол биші, "Бақыт" шоу-балетінің солисі
Наргиз Ибрагим: "Радио дегеніміз – еркіндік"
Наргиз Ибрагим, радиожүргізуші "Таңғы шоу", "Сәлем саған туған ел!" бағдарламаларын жүргізеді.
"Жұлдыз FM радиосы халық пен әншілер арасындағы көпір іспеттес. Жылда біз радиомарафон ұйымдастырамыз. Бұл дегеніміз туған күнімізде жыл бойындағы жұмысымыздың нәтижесін көрсетеміз. Туған күнімізге қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары, спортшылыра жылпы, елдің алдында жүрген танымал адамдар келеді. Радио дегеніміз – еркіндік! Радиоға келгелі тұлға ретінде қалыптасып жатырмын. Армандарымның бірі және бірегейі орындалды. Радио мені пісіріп жатыр. Жан-жақты дамытып жатыр. Үлкен керемет мүмкіндік ашып жатыр. Сол үшін алғысым шексіз. Студен кезімізде "Таңғы шоу" бағдарламасында Анар ханым мен Жасұлан ағаны тыңдап отырытынбыз. Кейін осы бағдарламаны өзім жүргіземін деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Адам деген кішкентайынан арманшыл келеді ғой. Сол армандарын өсе келе ұмытып қалады. Бірақ олар орындалады екен. Бала кезде әкем екеуміз көлікте келе жатып радио тыңдадық. Сол жүргізушілердің мүдірмей сөйлегенін көріп таңғалдым. Осындай да шеберлік болады екен ғой деп ойлағанмын. Керемет дүние көрінген. Өскенде радиожүргізуші боламын деп сол кезде армандадым. Сол арманым орындалды", - дейді Наргиз Ибрагим.
Алашұлы тобы жаңа әндерінің тұсауын Жұлдыз FM сахнасында кесті
"Өз басым осымен алтыншы рет Жұлдыз FM радиосының туған күніне келіп отырмын. Былтыр, 5 жылдық қана пандемияға байланысты атап өтілген жоқ. Мұңайып жүрген елді күлдіре білетін, жабырқаулы жанға жұбаныш сыйлайтын радионы 7 жасымен құттықтаймыз", - деді әнші Мақсат Рахмет.
Құттықтап келушілердің бірі – әнші Гаухар Сардарбек
Радиомарафон түнгі 00:00-ге дейін жалғасты. Ғаділбек Жанай, Мөлдір Әуелбекова, Айкерім Қалаубаева, Серікбол Сайлаубек т.б әншілер болды.
Жұлдыз FM радиосы әр жылдары отандық БАҚ саласындағы түрлімарапаттарға ие болған. Атап айтар болсақ: 2016 жылы "Халықтың сүйіктісі" сыйлығы, 2018 жылы үздік радио ретінде "Үркер", 2018 жылы "Толқын" жүлделерін алған.
Бұл кезде эфир сыртында қызу жұмыс жүріп жатты. Осы орайда Массагет порталының оқырмандарын эфир сыртындағы радио жұмысы, радио тарихымен де таныстырып өткенді жөн көрдік
Әр мемлекеттің тыныс-тіршілігінен, мәдениет, әдебиет, тарихынан, салтдәстүрінен, тілінен, ділінен тағы басқаларынан хабардар ететін бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді. БАҚ белгілі бір дәрежеде халықтың тыныстіршілігінің айнасы тәрізді. Осы бұқаралық ақпарат құралдардың жұмыс істеу бағыттарына орай сол елдің, халқының бет-бейнесімен танысуға, өзіндік пікір қалыптастыруға болады. Халықаралық эфирде осындай 160 астам елдің радиостудия жұмыс істейді. Олардың тыңдармандарының саны 200 миллионнан аса екендігі социологиялық институттар зерттеулері арқылы зерделенген.
Радио (лат.radiare, radio - сәуле шығару, сәулелендіру) дегенді білдіреді. Радиотолқындар арқылы хабарларды қашықтыққа тарату әдісі. "Радио" терминін алғаш рет айналымға ағылшын физигі-химигі Уильям Крукс шамамен 1873 жылы енгізген.
Радиобайланысты алғаш ойлап тапқан кім? Негізінде, радионы белгілі бір өнертапқышқа телу дұрыс емес, өйткені әртүрлі уақытта бұл технологияның дамуына тым көп адамдар үлес қосты. Бұл тізімде Томас Эдисон, Никола Тесла, Александр Попов, Гуглиельмо Маркони және басқалар да бар. Бір қызығы, көптеген елдерде радионың өз өнертапқышы бар. КСРО-да дәстүрлі түрде радионы Александр Попов ойлап тапты деп есептелді.
Иә, Попов 1895 жылдан бері деректерді беру саласында сәтті эксперименттер жүргізді. Бірақ, Попов өз жұмысын патенттеген жоқ.
Бастапқыда радиотолқындар дыбысты жіберу үшін пайдаланылмады. Радиосигналды аудио сигналмен модуляциялауды болжаған бірінші адам канадалық өнертапқыш Реджинальд Фессенден болды, ол ұшқын таратқыш антеннасының сымындағы үзіліске көміртекті микрофонды қосқан. Осылайша, 1900 жылы 23 желтоқсанда Фессенден 1 миль қашықтыққа дыбысты сигнал беруді жүзеге асырды.
1901 жылы нағыз сенсация 3200 километр қашықтыққа радио сигналын беру болды. Содан кейін көптеген ғалымдар радиотолқын Жердің сфералық пішініне байланысты мұндай қашықтықты тарата алмайды деп есептеді.
Радиохабарды радиотолқын таратады. Толқын – тербеліс. Ал радиотолқын дегеніміз – кеңістікте таралатын электромагниттік өрістің өзгеруі. Жарық сияқты радиотолқындар да электромагниттік сәулелену болып табылады. Жалғыз айырмашылық жиілік пен толқын ұзындығында. Вакуумдағы радиотолқынның таралу жылдамдығы шамамен секундына 300 000 километрді құрайды.
Өз тәжірибелерде Фессенден радиосигнал көзі ретінде жиілігі шамамен 50 кГц Эрнст Александрсон генераторын (алтернатор) пайдаланды. Брант-Рокта бұрын салынған 128 метр антеннаны пайдаланып, 1906 жылы 24 желтоқсанда ол әлемдегі алғаш рет радио эфирге шықты.
Радиотолқындар субмиллиметрден ультра ұзындыққа дейінгі диапазондарға бөлінеді. Әрбір толқын ұзындығы диапазонының таралу ерекшеліктері бар. Мысалы, толқын ұзындығы неғұрлым ұзағырақ болса және жиілік неғұрлым төмен болса, толқын соғұрлым кедергілерді айналып өтуге қабілетті болады. Ұзын толқындар бүкіл планетаны айналып өтеді. Барлық маяктар мен құтқару станциялары 6 метр толқын ұзындығына және 500 кГц жиілікке бапталған. Орташа толқындар жұтылу мен шашырауға бейім. Олардың таралу ұзындығы шамамен 1500 км. Қысқа толқындар қысқа қашықтыққа тарайды.
Ең қарапайым радиоқабылдағышта қабылдағыш пен таратқыш бар. Таратқыш сигналды жіберуі керек, ал қабылдаушы оны қабылдайды.
Бұл жағдайда таратқыш сигналды жай ғана жібермейді, модуляцияны қолдана отырып кодтайды. Қабылдаушы керісінше істеуі керек, яғни сигналды декодтайды. Содан кейін бізге берілген сигналды аламыз.
Эдвин Говард Армстронг 1933 жылы жиіліктегі модуляциялы немесе FM радионы ойлап тапты. FM радиосының дыбыстық сигналы электр жабдықтары мен жердің атмосферасына байланысты шу статикасын бақылап, жақсартты.
Осымен біздің де фоторепортажымыз тәмамдалды. Жолда сенімді серігіңіз, жалғыз қалғанда жолдасыңыз, мұңайғанда сырласыңыз болатын Жұлдыз FM радиосы әрқашан қосулы болсын!