Жол ережелерін сақтау - жүргізушілердің міндеті. Бірақ бұл заң талаптары бірдей орындалып жатпайды. Оны бақылайтын арнайы жол полициясы бар. Жол ережісін бұзған жүргізушілерге қандай жаза қолданылады, жол жүргенде қандай ережелерді біліп жүру керек? Осы да өзге сұрақтардың жауабын білу мақсатында Massaget.kz порталының тілшісі Алматы қаласы Медеу ауданы аға инспекторларымен тілдесті.
Аға инспектор, полиция капитаны Абылай Рысқұлбек арнайы мамандандырылған батальонда жұмыс істейді. Түркістан облысы Қазығұрттың тумасы. Жасы 29-да. 2012 жылы Қонаев атындағы университте заңгер мамандығы бойынша оқыған. Отбасылы, екі ұл, бір қызы бар.
Абылайдың әкесі жол-потрульдік полициясында қызмет атқарған. Оның осы мамандықты таңдауына да сол себеп болған.
"Әкем жол полициясында 1990-2000 жылдар аралығында қызмет атқарды. Менің бұл мамандықты таңдауыма да сол себеп болды. Әкеме кішкентай кезімнен қызығып өстім", - дейді ол.
Абылай түнгі қызметте жұмыс істейді. Түнде негізінен жүргізушілер жиі жол ережесін бұзатынын айтады.
"Біздің мақсатымыз жүргізушілердің жол ережесін бұзбауын қатаң бақылау. Жүргізушілер түнде жиі жол ережесін бұзады. Оның ішіндегі ең қауіптісі алкоголь ішіп көлік жүргізу. Бұндай жағдайда жүргізуші 7 жылға куәлігінен айрылады және 15 күнге қамалады", - дейді Абылай.
Алмас Ниязбек мамандарылған патруль қызметінің аға лейтенанты. Арыс қаласының тумасы. Жасы 29-да. Отбасылы. 7 жылдан бері жол полициясында жұмыс істеп келеді.
Алмастың бұл мамандықты таңдауына бала кезгі арманы әсер еткен.
"Бала кезден полиция қызметінде жұмыс істегім келді. Сол арман бойынша жұмыс істеп келеміз", - дейді ол.
Арнайы мамандандырылған батальон қызметіндегі жол полициясына күн сайын белгілі бір аймақты бақылауға тапсырма беріледі. Бүгін Абылай мен Алмас Медеу ауданын бақылауға шыққан.
Қандай жол ережелері жиі бұзылады?
Алмас жүргізушілер жиі бұзатын жол ережесі жылдамдықты асыру екенін айтады.
"Жол апатының негізгі себептері жылдамдықты асыру, көлік жүргізіп келе жатып телефонға қарау. Мысалы, жүргізуші телефон қолданса 591-баптың бірінші тармағында: "көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды пайдаланса бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет – он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады" деп жазылған. Бірақ, көлiк құралын басқару кезiнде телефонды құлаққапты немесе зорайтылған дыбысты қолдану арқылы пайдалануға рұқсат етiледi", - дейді ол.
Абылайдың айтуынша, жол апатының негізгі себебі – телефон.
"Қазір кез келген адамның қолында смартфон жүреді. Бәріміз пайдаланамыз. Бірақ оны көлік жүргізіп келе жатқанда пайдалану қауіпті. Жүргізушілер телефонға қарап келе жатып алдындағы көлікті байқамай қалады. Жол апатының негізі содан болады", - деді ол.
Қазір жол ережесіне байланысты бірқатар өзгерту енгізілген.
"Қазір 2022 жылдың желтоқсанынан бастап жазғы дөңгелекпен жүруге болмайтын заң күшіне енді. Одан кейін нөмірге байланысты өзгертулер енгізілді. Мысалы, мемлекеттік тіркеусіз жүрген көліктерге қатаң айыппұл салынады. Содан кейін жалған нөмірмен жүрген жүргізушілерге қолданылатын жаза да өзгерді. Олар алдымен үш күнге қамауға алынады сосын бір жылға дейін куәлігінен айрылады", - дейді жол полиция қызметкерлері.
Жол ережесін жиі бұзатындарға каршерингпен (қысқа уақытқа көлікті жалға алу) көлік алып жүргізетіндер жатады.
"Себебі, қысқа уақытқа көлікті жалға алып жүргізетіндер ішінде тәжірибесі жоқ жастар, куәлігінен айрылғандар, көлікті енді жүргізіп үйреніп жүргендер жиі кездеседі. Кейде "өз көлігім емес" деп қарайтындар болады. Ұрлықпен айналысатындар да осындай көліктер жүргізеді. Сондықтан мұндай көлік жүргізушісін көп тексереміз", - дейді жол полициясының аға лейтенанты.
Жүргізуші куәлігінен айрылғандар және куәлік алып үлгермеген адамдар көлік жүргізсе оларға да арнайы жаза қолданылады.
"Егер жүргізуші куәлігінен айрылған адамдар көлік жүргізсе алдымен соттың шешімімен айыппұл салынады, сосын 15 күнге қамалады. Ал жүргізуші куәлік алмаған адам болса онымен бірге көліктің иесіне де айыппұл салынады және көлік тұраққа қойылады", - дейді Алмас.
Мемлекеттік нөмірсіз мүлдем көлік жүргізуге болмайды. Егер тоқтауға болмайтын орынға қойылған көлік нөмірін алып кеткен жағдайда да анықтамаға нөмірсіз көлік жүргізуге болмайды деп жазылады.
Алмас көлік жүргізушілері бағдаршамның сары түсін елемей өте беретінін айтады.
"Сары түс негізінен өтуге тыйым салынған белгі. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар оны елемейді. Кейде көлік апаты осындай жағдайдан да болады. Сары түске тек бір жағдайда – тоқтау сызығынан өтіп кеткенде ғана рұқсат етіледі", - дейді ол.
Біз Достық даңғылымен төмен түсіп келе жатқанда алдымыздан Mercedes маркалы көлік жаяу жүргіншілер жолын ескермей оңға бұрылды.
"Өздеріңіз көргендей, жол ережесін бұзған жүргізушіге 10 айлық есебінде айыппұл салынады. Кейбір жүргізушілер байқамайды, кейбірі "адам жоқ қой" деп өтіп кетеді. Мына жүргізушінің де айтқанын естідіңіздер. "Бала бар еді жылап кетті, байқамай қалдым" деп отыр. Бірақ заң бәріне ортақ", - дейді жол полиция қызметкерлері.
Алмас бірден айыппұл салып, жүргізушіні тоқтату мақсат емес дейді.
"Иә, біз де айтып, ескерту беруге тырысамыз. Бірақ оны кейбір жүргізушілер дұрыс түсінбейді. Кейде олар "сіздердің міндеттеріңіз алдымен ескерту жасау" деп жатады. Бірақ бізге берілген арнайы планшеттен тексеріп қарасақ, ондай азаматтардың жиі жол ережесін бұзатынын байқаймыз. Кейде жүргізушілер біле тұра жол ережесін бұзады. "Көрмей қалады, ештеңе етпейді, тез өтіп кетем" деген нәрселер заңға жүрмейді. Ондайларға әкімшілік хаттама толтырылады", - дейді ол.
Кейде көлікті байқамай соғып оқиға орнынан кетіп қалатын жүргізушілер болады. Алмастың айтуынша, бұлай заң бұзып, жазадан құтылып кете алмайсың.
"Мұндай жағдай болғанда біз арнайы топқа хаттама толтырып жібереміз. Олар жақын жердегі бейнекамералар арқылы жүргізушіні анықтайды. 611-бапта жазылған жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұзып, өзi қатысушы бола тұра жол-көлiк оқиғасы орнынан кетiп қалуы – 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады", - дейді жол полиция қызметінің аға лейтенанты.
Есірткі қабылдап көлік жүргізсе не болады?
"Кейде ондай жағдайлар да болады. Қазір есірткінің түрі көп қой. Синтетикалық есірткілер бар. Егер азаматтың көлік жүргізуі күмән тудырып жатса, біз бірден тоқтатамыз. Арнай тексеретін орталыққа апарамыз. Егер қан талдауынан наркотикалық зат табылып жатса, ол азамат 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айрылады және 15 тәулікке қамалады. Егер бұл жағдай тағы қайталанса жүргізуші 5 жылға бас бостандығынан айрылады", - дейді жол полициясының аға инспекторы Алмас Бауыржанұлы.
Мас күйде көлік жүргізіп келе жатып, құқық қорғау органдары тоқтатқан жағдайда қашып кететіндер болады.
"Біз бәрібір ондай жүргізушіні ұстаймыз. Егер ол "көлікті мен жүргізген жоқпын. Қасымда ішпеген, сау адам болды. Қазір кетіп қалды" деп себеп айтатын болса оны да сергек бейнекамералары арқылы тексереміз. Егер дәлел жетпей жатса криминалистикалық топты шақырамыз. Олар рөлден, есіктен саусақ іздерін алады. Барлық жағдай расталса, ол азаматқа 613 бап бойынша елу айлық көрсеткішінде айыппұл салынады және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айрылады", - дейді жол полициясының аға инспекторы.
Жол полициясының аға инспекторлары Абылай мен Алмас өздерінің аймағындағы кез келген жол көлік оқиғасына олар да жауапты екенін айтады.
"Біз жол ережесінің сақталуына барынша күш саламыз. Себебі біздің аймақта болған жол апатына біз де жауаптымыз. Бізден де "қайда қарадыңдар?" деген сияқты сұрау болады. Сондықтан оқыс оқиғаның алдын алуға тырысамыз дейді", - аға инспекторлары.