"Жер сілкінісінде зақым келген". ҚазҰУ-дың Студенттер сарайы төңірегінде дау шықты

"Жер сілкінісінде зақым келген". ҚазҰУ-дың Студенттер сарайы төңірегінде дау шықты

Әлеуметтік желіде Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Студенттер сарайы төңірегінде дау шықты. Massaget.kz тілшісі мән-жайға үңілді.

Желіде Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны көрінетін видео тарады.

Видео авторы ғимараттың сыртқы қабатын жуып, ретке келтірсе де болатынын, өйткені нысан мінсіз күйде тұрғанын, бұған дейін сапалы жасалғанын айтты.

Оның сөзінше, қазір жұмысшылар ғимаратты қиратып жатыр. 

Автор бұл жұмыстардың қажеті жоқ екенін, қыруар ақша текке жұмсалатынын, ғимараттың іргесі өте берік салынғанын, ал ішкі бөлігі табиғи ақ тастан жасалғанын айтты. 

"40 жыл тұрды, тағы 40 жыл тұрар еді", - дейді видео авторы.

Суреттер: instagram.com/sanzhar_bokayev

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі даулы жағдайға пікір білдірді.

"Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы пайдалануға берілгелі бері 30 жыл бойы күрделі жөндеуден өтпеген. Соның салдарынан ғимарат тозып, техникалық жағдайы айтарлықтай нашарлаған", - деп жазылған Massaget.kz-ке берілген жауапта.

Жоғары оқу орнының баспасөз қызметі мәліметінше, 2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жағдайын тексеріп, тіреуіш және қоршау бөліктерінен бірқатар ақау анықтаған: кейбір темірбетон арқалықтар мен қабырғалар болмауы, тіреуіш колонналарды тот басуы және олардың қисаюы, жылу оқшаулау қабаты мен шатыр жабындысы зақымдануы.

"Ақаудың басым бөлігі әрлеу қабаттарының астында жасырылған. Қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес ғимараттарға күрделі жөндеу әр 20-25 жыл сайын жүргізілуге тиіс", - деп жазылған жауапта.

Сурет: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметі ұсынған

Университет мәліметіне сүйенсек, 2024 жылғы қаңтарда Алматыда болған жер сілкіністері ғимаратқа елеулі зақым келтірген.

"Анықталған ақаулар мен сейсмикалық қауіпті ескеріп, университет ғимараттың келбетін сақтап, оның беріктігі мен қауіпсіздігі үшін нысанды қайта жаңғырту туралы шешім қабылдады", - деді ЖОО өкілдері.

Сурет: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметі ұсынған