"Жеміне бал да қосылады". Тоқаевтың сүйікті тұлпары қалай бапталады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атқорасында бірнеше ақалтеке бар. Соның бірі - Ганатлы есімді алтын түстес құла айғыр.

Ганатлы айғыры. © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев

Сабырлы әрі адамға үйірсек бұл сәйгүлік қоршауға асықпай жақындап, қонақтарды мұқият барлап шығады. Фотографтардың объективінен де еш жасқанатын емес.

Ганатлы айғыры жаттығу кезінде. © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев

Бұл атқорада Ганатлы мен Мерварид есімді айғырлар, Табыс-Dacor және Армита-Мид атты асыл тұқымды биелер, сондай-ақ, Ақжан, Ақниет, Бөрте есімді құлындар мекендейді.

Айта кетейік, ақалтеке - әлемдегі ең көне жылқы тұқымдарының бірі. Араб жылқысымен қатар таза қанды тұқым санатына жатады. 5000 жыл бойы басқа тұқымдармен будандастырылмаған. Қазіргі Түркменстан аумағында пайда болған, атауы Ахал алқабы және оны өсірумен айналысқан түркменнің теке тайпасына байланысты қойылған. Мамандардың айтуынша, ақалтеке тұқымы - денесі шымыр, артық майы жоқ, өте төзімді жануар. Олар мініске жайлы, ат спортында, әсіресе, қашыққа шабуда кең қолданылады. 

Бұл атқораны мекендейтіндер өзінше сұлу, өзінше сымбатты. Мінездері де әртүрлі. Бірі бейтаныс жандарды сабырмен қарсы алса, енді бірі алғашқы минуттан-ақ назарыңды аударғысы келеді, ал енді бірі сырттай бақылап тұрады.

Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев

Екінші айғыр - Мерварид. Одан екі құлын - Ақниет пен Бөрте туған. 

Бұл - Ақжан. Дәл осы биенің суреттері кейінгі кезде әлеуметтік желіде, отандық және шетелдік БАҚ-та кең тарады:

Ақжан. © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев

"Президенттің ең жақсы көретін тұлпары - Ақжан. Бұл - бізде туған алғашқы құлын. Сондықтан Мемлекет басшысы оған ерекше ықыласпен қарайды", - дейді мамандар.

Оның есімін Президенттің өзі қойған.

"Президент атқораға келгенде, міндетті түрде әр жылқыға жақындап, өз қолымен жем береді", - дейді қызметкерлердің бірі.

Ақжан. Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев

Ақжан - Ганатлы айғырының тұқымы. Президент атқорасындағы ақалтеке тұқымы дәл осы тұлпардан тараған. Оның сырт келбеті кез келген адамды таңғалдырмай қоймайды.

Күн сәулесі түскенде Ақжанның ақшыл жүні ақалтеке тұқымына тән жылтыр реңк береді. Ал серуеннен немесе жаттығудан кейін бие аздап терлесе, жүнінің астынан нәзік қызғылт терісі көріне бастайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақжанның жанында. Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев

Жаттықтырушының айтуынша, кейбіреулер оның түсі неге мұндай ерекше екенін сұрап жатады.

"Оның жүні өзіне тән қызғылт реңкке ие, содан осындай әсер пайда болады", - деп жауап берді ол.

Ақжан. Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев

Жылқының мұндай түсі "изабелла" деп аталады және ол өте сирек кездеседі. Мамандардың айтуынша, бұл түс ақалтеке жылқыларының тек 2,5-3 пайызында болады.

Жаттықтырушы Ақжанды туған кезінен біледі. Оның айтуынша, жануар көз алдында өскен. Оның бұл салада жүргеніне отыз жылға жуықтаған, осы уақыт ішінде тұлпарлардың бірнеше буынын баптап, жануарларды түсінуді үйренген.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақжан атты биенің қасында. Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев

Маманның айтуынша, Ақжанның өзіндік мінезі бар. Ол адамдардың назарын жақсы көреді, жаңа қонақтарға қызығушылықпен жақындайды және жалғыздықты мүлдем жаны сүймейді.

Ақжан. Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев

Атқорадағы өзге де жылқылар назар аударуға әбден лайық. Мысалы, қара-бұлғын түсті Табыс-Dacor - Ақжанның енесі, асыл тұқымды бие. Ол өзінің ерекше құлынына қарағанда басқаша.

Табыс-Dacor биесі. © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев

Табыс-Dacor айналасында болып жатқан жайттарды жіті бақылап тұрғандай, себебі құлындарға жақындай қалсаңыз, оның аналық түйсігі қаншалық күшті дамығаны бірден байқалады.

"Ол әрқашан құлындарын қасында ұстауға тырысады және оларды мұқият қадағалайды", - деді қызметкерлер.

Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев

Ақжаннан бөлек, Табыс-Dacor-дан таяуда ғана, 9 мамырда, Бөрте есімді құлын туған.

Тағы бір ересек бие - Армита-Мид мүлдем басқаша әсер қалдырады. Сабырлы, байсалды, өзіне сенімді және өзгелердің арасында нағыз көшбасшы саналады.

Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев

Биыл наурызда Армита-Мид Ақниет атты құлын туған. Ол - биылғы құлындардың ішіндегі ең үлкені.

"Құлындарға салмақ түсіруге болмайды. Әзірге оларды тек жетектеп жүрміз, кейде кордамен аздап жұмыс істейміз. Қазір олар үшін ең бастысы - өсіп, қатайып, адамға сенуді үйрену", - деп түсіндірді жаттықтырушы.

Мұнда қызметкерлердің жұмысы тоғызда басталады. Бұл уақытқа қарай жылқылар жем-шөбін жеп, суын ішіп, жаттығуға дайын тұрады.

Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев

Бірінші шаруа - міндетті түрде тазалау. Мамандар жылқыларды арнайы щетка, қырғыштармен мұқият тарап, тұяғын тексереді, жүні мен терісін қарап шығады.

"Тексеріс күніне екі рет, яғни таңертең және кешке жасалады. Олардың жағдайын үнемі қадағалап отырамыз, уақтылы вакцинация жасап, сараптамалар өткіземіз", - дейді қызметкерлер.

Әр жануарға жеке жаттықтырушы бекітілген, ол жылқының жай-күйіне жауап береді және күн сайын кез келген өзгерісті бақылап отырады.

Мұнда күннің көп бөлігі жаттығуға арналады. Таңғы сағат оннан кешкі беске дейін жылқылар кезекпен шығады. Жасына және дайындығына қарай әрқайсы жаттығуда бір жарым сағаттан екі сағатқа дейін болады.

Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев

Алдымен биелер құлындарымен бірге серуенге шығады. Олар далада жүргенде, қызметкерлер қалған жануарларды дайындайды. Одан кейін ересек айғырлардың кезегі келеді. Содан соң Ақжанмен жұмыс басталады.

Бапкер жас жылқыларды асықтыруға болмайтынын айтты:

"Ақалтекелер адамды өте жақсы сезеді. Ашулы немесе мазасыз болсаң, олар мұны бірден түсінеді. Сондықтан бастысы - төзімділік. Жылқының өзі саған сене бастауы керек".

Отыз жылға жуық еңбек өтілі бар маман оларды көзінен түсінетін деңгейге жеткен. 

Жаттығудан кейін қызметкерлердің жұмысы бітіп қалмайды. Керісінше тағы бір маңызды кезең басталады. Себебі терлеген атты бірден қораға кіргізуге болмайды.

© Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев

Алдымен жануардың тынысы толық қалпына келуге тиіс. Содан кейін жуындыру кезегі келеді. Мұның бәрі спа кешеніндегі деңгейде атқарылады.

Мамандар жылқыларды кәсіби сусабындармен жуып, арнайы кептіру аймағына өткізеді. Мұнда жылыту шамдары мен қуатты желдету жүйесі жұмыс істейді, соның арқасында жануардың түгі тез кебеді.

Табыс-Dacor-ды жаттығу алдында жуындыру сәті. © Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев

"Ешқашан қораға су күйінде қоймаймыз. Бұл тоңып қалуына немесе ауруға шалдығуына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан алдымен жануарды толық кептіріп, содан кейін ғана ішке кіргіземіз", - дейді қызметкерлер.

Күтім жасаудың да өз ерекшеліктері бар.

"Жылқыларды күн сайын жуындыруға болмайды. Олай істесе, терісінің табиғи қорғаныс қабаты жуылып кетеді. Ал тазалау жұмыстары күніне екі-үш рет, міндетті түрде жұмыс алдында және одан кейін жүргізіледі", - деп нақтылады мамандар.

Ал Ақжан ерекше күтімді қажет етеді. Оның сирек кездесетін ақшыл түсіне байланысты кез келген шаң бірден көзге түседі.

Ас мәзірінің негізі - пішен, бидайық, жоңышқа және дәнді жем. Бірақ мәзір мұнымен шектелмейді. Ақалтекелерге күн сайын сәбіз, алма, арнайы дәрумені бар қоспалар мен мюсли беріледі.

Жемге тіпті бал да қосылады. Ал асылтұқымды айғырларға тауық жұмыртқасы беріледі.

"Бұл тұқым сапасын жоғары деңгейде сақтау үшін қажет", - деп түсіндірді бапкер.

Ақорданың баспасөз қызметінен / Аманқұл Дүйсенбаев

Аттар күніне үш рет қоректенеді. Ал пішен мен су тәулік бойы тұрады.

Айта кетейік, қазақ үшін жылқының орны әрқашан ерекше. Ол тек көлік емес, адамның айнымас серігі де болған. 

Дереккөз: Tengrinews.kz



Бөлісу: