"Жазылып кеттік, болды керек емессіздер дейді". Жедел жәрдем қызметкерінің бір күні

"Жазылып кеттік, болды керек емессіздер дейді". Жедел жәрдем қызметкерінің бір күні

Басымыз ауырып балтырымыз сыздағанда бәріміздің барар жеріміз - аурухана. Алайда оқыстан тап келген ауруға уақытында алғашқы көмек жасау керек. Әйтпесе салдары тым ауыр болуы бек мүмкін. Сондықтан медецина саласында жедел көмек көрсету үлкен маңызға ие. Дерт меңдеп, әл кетіп, дәрменсіз күйде жатқан жанға жедел-жәрдем қызметкерлері санаулы минутта жетуі тиіс. Тәуліктеп елге қызмет ететін ақ халаттылардың арасында нәзік жандылар көп. Қоңырауды уақытылы қабыл алып, қажетті мекенжайға барып, дәріні немесе екпені салып дендеген дертке дереу дауа табады.  Алайда біз жедел-жәрдем қызметкерлерінің жұмысы қаншалықты жауапты, әрі азапты екенін біз біле бермейміз. Massaget.kz тілшісі дәл осы саладағы мамандардың түнгі жұмысымен танысып қайтты.  

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Алтынай Болаттың фельдшер болып қызмет атқарғанына биыл 5 жыл. 24 сағат дамылсыз қызмет ету "нәзік жандыларға қиын" дейді ақ халатты. Өйткені күніне 4-5 келі тартатын қобдишаны көтеріп, орта есеппен 20-23 науқасқа көмек береді екен. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

"Осы салада қызмет еткісі келетін қыздарға айтқым келетіні, жұмысқа кірмес бұрын жақсылап ойлану керек. Медецина саласына өз қалауымен келген, қызығушылығы бар адамдар ғана жұмыс істей алады. Нәзік жандыларға физикалық және моральдық тұрғыдан мықты болу керек. Себебі кейде пациентті төртінші қабаттан насилькамен түсіруге тура келетін сәттер болады. Жалғыз өзі жүргізушімен жүрген кезде қиын. Фельдшерге қарсы шабуыл болуы мүмкін. Науқастың жақындарынан немесе өзінен ауыр сөздер айтылады. Сонымен қатар бір күндік жұмыс адамды қатты шаршатады" , дейді дәрігер. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Алматы облысында 2700-ге жуық қызметкер жұмыс істесе, оның 55 пайызы нәзік жандылар. Алдымен жедел-жәрдем қызметкерлерінің жұмыс жүйесін түсіндірейік. 103 қоңырауы алдымен диспетчерлік бөлімге  түседі. Диспетчерлер қоңырауды қабыл алып, аурудың санатына қарап жақын маңдағы жедел-жәрдем бригадасына нұсқама береді. Бас-аяғы 4 санаты болады екен. Дәрігерлер бірінші дәрежелі науқасқа 10 минуттың ішінде жетуі тиіс. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Әне-міне дегенше бізге де қоңырау түсті. Қобдишаны қолға алып, көлікпен оқиға орнына қарай жүйткідік. Барған сәтте көліктің ішіндегі науқас өз-өзін нашар сезініпті. Жолдың жанына тоқтап лезде науқасты жедел жәрдем көлігіне ауыстырдық. Көліктегі құрылғыларды пайдалану арқылы фельдшер науқасқа көмек көрсетті. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

"Шақырту түскен кезде науқастың қалай ауырып тұрғанын айтпады. 35 жастағы әйел адам көліктің ішінде өзін жайсыз сезініпті. Ең алдымен қан қысымы жоғарылағанын анықтадық. Қалыпты қан қысымы 90/60 болған. Қазір 140/70 болып тұр екен. Қан қысымын түсіретін дәрі беріп, көліктің ішінде Электрокардиограммаға түсірдік. ЭКГ таза болып шықты", - деді Алтынай Болат

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Дәрігер қан қысымының көтерілуін 10-20 пайызға көтеріліп кетпей тұрған сәтте түсіруі тиіс. Жедел  медициналық 7қызметтің арқасында қаралушының қан қысымы 100/60 қа төмендеді. 

Десек те ел аузында жедел-жәрдем қызметкерлеріне қатысты сын көп. Орынды сынайтындардан көрі, сыныққа сылтау іздейтіндердің қарасы қалың. Бұқараның басым көпшілігі ақ-халаттылардың кешігіп, уақытында оқиға орнынан табылмайтындарына наразы екен. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

"Кешігуге ең бірінші кедергі жолдың нашарлығы. Кейбір ауылдық жерлерде жолдар салынбаған. Бригадамен қатты жүре алмаймыз. Екіншіден кептеліс кезінде қатты қиын. Бұл барлық жерде бар деп ойлаймын. Кейбір жүргізушілер әдейі өткізбей жатады. Қатты сигнал беріп, жарқылдатқышты қосқанның өзінде мән бермейді. Кейбір науқастар болмашы ауру үшін қоңырау шалады. Енді бірі тіптен жалған болып шығады. Көшеде арақ ішіп ұйықтап жатқан адамды көрген жаяу жүргінші қоңырау шалады. Бірақ барсаң орнында тұрмайды. Біз 1-2 сағаттап іздеп қаламыз. Кейбір адамдар жедел-жәрдем шақырып алып, күтпестен өздері ауруханаға кетіп қалады", - дейді дәрігер.  

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Сондай-ақ жедел-жәрдем шақыртқан жандар мекен-жайды нақты айтпайды екен. Тұрғын үйдің орналасқан орнынан бөлек кіре беріс дәліздің нөмірі, қай қабатта екені және пәтердің нөмірі белгісіз күйде қалады. Салдарынан діттеген жерге жеткенше дәрігерлер алтын уақыттарын жоғалтады.  

Алматы облысында ресми дерек бойынша 1,5 милионнан астам адам тұрады. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің 225-бабына сәйкес 10 мың адамға бір жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Яғни бір ғана Алматы облысында 150 бригада өз қызметін атқарып келеді. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Дәрігердің алдында денесін дерт дендеген науқасты ажалдың аузынан арашалап қалу міндеті тұрады. Алайда бұл міндетті орындау кей кезде ақ халаттылардың қолынан келмей жатады. Бұл жағдай бүгінгі біздің кейіпкерді де айналып өтпепті. 

"Бірінші категориялы шақырту болды. Кеуде тұсындағы ауырсыну. 32 жастағы ер адам біз барғанға дейін ешқандай дәрі-дәрмек ішпеген екен. Пациент көп уақыт ішімдікке салынған. Жедел-жәрдем шақырған кезде жағдайы күрт нашарлаған. Кеуде тұсындағы ауырсыну, ауа жетіспеу, дененің бозғылттануы секілді белгілер байқалды. Ең алдымен қан қысымен өлшеп, кардиоманиторинг жасадық. Сол кезде науқастың жүрегі тоқтап қалды. Алғашқы көмек реанимацияны 5 цикл, 30-40 минут жасадық. Өкінішке орай пациенттің өмірін сақтап қала алмадық"

"2,4 категориялы қоңырау, яғни науқас ес-түссіз жатыр деген хабарлама келді. Барған кезде пациент жерде жатты. Сөйлей алмайды. Аяқ-қолы істемейді. Құсқаны байқалды. Қорылдап ұйықтап жатқан секілді. Қан қысымы 240/120. Қан мөлшері тұрақты еді. Туыстары шәй ішіп отырған жерінен құлап қалғанын айтты. Алдын ала диагноз инсульт деп болжадық.  Абырой болғанда алғашқы көмек көрсетіп, орталық ауруханаға жеткіздік"

Ер адамның денесі терлеп, бозғылттанып 2,4 категориялы қоңырау түсті. Науқастың өзінен не болғанын сұраған кезде ол кісі өз-өзіне эксперимент жасап көріпті. Бір күнде неше қорап темекі шеге алады немесе қанша литр ащы сусын іше алады деген секілді. Бұл университетпен келісімнің төңірегінде жасалған тәжірибе екен. Осы сәттен кейін науқастың жүрегіне зақым келген екен. Оның жағдайы өте ауыр болды. 

Күніне сан түрлі аурумен бетпе-бет келетін жедел-жәрдем қызметкерлерінің басынан өткенін жазар болсақ бір кітаптың беті аздық ететін шығар. Саналы ғұмырын адамдардың өмірін сақтауға арнаған жандардың жүрегіне түскен сызаты да бар. 

"Сіздер келгенше адам өліп кететін болды ғой", "Қай жақта жүрсіздер", "Жазылып кеттік болды керек емессіздер" - деп айтады. Ал кейбір пациенттер фельдшер мамандығын бітірген қызметкерді менсінбейтіндер де бар. Көбінесе қалталы адамдар бізді менсінбей жатады. Көпке топырақ шашпаймын. Біз барған кезде құрметтеп, бізге де жақсылық тілеп отырады", - дейді Алтынай Болат.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Адамның бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Сәл сәттік қателегіне бола тұтас медецинаға жағылған айыптан Алтынай секілді мамандарда ада болмақ емес. Қарапайым елге қараспақ болған жандардың ерік-жігерін берік қылған бір ғана нәрсе ол - мамандыққа деген махаббат. Ал Алтынай Болаттың мамандыққа махаббаты өмірлік жарын жолықтыруға сеп болды. 

  

"Бұл мамандықты мен бала кезімнен армандағам. Анамның "дәрігер боласың" деп жиі айтатын. Кейін мен де осы мамандыққа қызығып, мектепте биология мен химия пәндеріне қызықтым. Кейін оқуды бітіре салып Талғар медициналық колледжіне оқуға түстім. 2019 жылы Алматы облысы жедел жәрдем станциясы №17 подстанция бөлімінде жұмыс істеп келе жатырмын. Қуанышыма орай осы мамандығымның арқасында өзімнің жартымды таптым. Жолдасым да осы салада жұмыс істейді", - дейді ол. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!