Жазғы демалыс: Балалар лагеріндегі бір күн

Жазғы демалыс: Балалар лагеріндегі бір күн

Жазғы демалыс уақытында лагерьлердің жұмысы қыза бастайды. Балалардың бір күндік демалысымен танысу мақсатында Massaget.kz тілшісі Алматыдағы лагерьлердің біріне барып қайтты.

Лагерь Алматы қаласынан 18 шақырым жерде Қаскелең бағытындағы тау бөктерінде орналасқан. Алдын ала басшылықтан арнайы рұқсат алып, біз де жолға шықтық. Бізді қақпа алдынан күзетші ағай қарсы алып, күте тұруымызды өтінді. Ішкі тәртіптің қатал екенін байқадық.

Бізді лагерьдегі тәрбие департаментінің директоры Базыл Утилов қарсы алды. Біз барған уақыт түскі уақыт болғандықтан балалар тамақтанып, түсте ұйықтауға дайындалып жатты. Кейбір топтағы балалар ғана түстен кейін болатын іс-шараға дайындалып жүргенін айтты.

Аға тәлімгер Диас Алмасұлы бізді лагерь аумағымен таныстырмақ болды. Бірнеше жылдан бері лагерь саласында қызмет атқаратын оның балалармен әңгімелесу барысында еркін әрі біраз тәжірибесі бар екенін аңғардық. 

"Біз балаларды мұнда 7-16 жас аралығында қабылдаймыз. Мына үйлерде жас ерекшелігіне қарай балалар топқа бөлініп жатады. Бір үйде 4 бөлме бар. Қазіргі таңда алғашқы маусымда 350 бала қабылдадық. Балалар Қазақстанның әр аймағынан келген. Атап айтқанда, Ақтау, Павлодар, Алматы, Талдықорған, Қостанай және Абай облыстарынан қатысып жатыр", - деді ол.

Лагерь аумағына кіргенде құдды басқа әлемге кіргендей боласың. Айналаның бәрі жап-жасыл, ағып тұрған өзенмен қатар гүлдердің иісі мұрныңды жарады.

"Бізде бірнеше топтар бар. Бір топта 25-30 баладан бөлінеді. Әр топқа екі тәлімгер береміз. Біреуі - ұл, біреуі - қыз. Тәлімгерлер балалардың қауіпсіздігіне, тәртібіне жауап береді. Жоспар бойынша қойылған әртүрлі іс-шаралардың өтуіне атсалысады",- деді Диас.

Лагерь 2014 жылы құрылып, өз жұмысын бастаған. Биыл он бірінші жазда балаларды қабылдап жатыр. 

Тәрбие департаментінің директоры Базыл Утилов 2011 жылдан бастап осы салада жұмыс істеп келе жатыр. Ең алғаш қызметін "Сұңқар" лагерінен бастаған.

 "Жекеменшік мекеме болғандықтан ақылы түрде балаларды қабылдаймыз. Биылғы ерекшелік - "Қазақстан халқына" қорының қаржыландыруымен 50 бала Абай облысынан келіп, демалып жатыр. Алдағы маусымда Талдықорған мен Қостанай облыстарынан келеді деп жоспарланып отыр",- деді ол.

Оның айтуынша, мұнда педагогикалық құрам өзгеше.

"Мұнда келетін тәлімгерлерді қараша айында оқытып, іріктеуден өткізіп, содан кейін ғана жұмысқа аламыз. Мәселен, осы жылы 200 тәлімгерді оқытып, ішінен 70-ін іріктеп алдық.  Өзіміздің тәлімгерлер мектебіміз бар. Көбіне 18-23 жастағылар қатыса алады. Жалпы іріктеуді келісім-шарт жасалған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және басқа да колледждерден іріктеп аламыз", - деді Базил Утилов. 

Лагерьде өзге ұлттан гөрі қазақ балалардың көптігі қуантты. Демалыс орыны балаларды екі тілде, орыс және қазақ тілінде қабылдайды.

"Бізге шетелден де келетін балалар бар. Мәселен, Америка, Қытай, Қырғызстаннан балалар қатысып кетті", - деді ол. 

Бізге әр күн сайын тіпті, маусым сайын бағдарламаның өзгеріп отыратыны ұнады. Тәрбие департамент басшысының айтуынша, бағдарламалар балаларға арнайы құрылады.

"Келген балаларды 6-12,12-16 жас аралығындағы топтарға бөліп, құрастырылған бағдарлама бойынша жүреміз. Барлық бағдарламаны авторлық деп айта аламыз. Себебі бәрін өзіміз құрастырып, педагогикалық құраммен отырып талқылаймыз. Әр маусым сайын жаңалап, өзгеше қызықты бағдарлама жазуға тырысамыз. Оның ішінде квесттер, психологиялық тренингтер, кешкі ойын-сауық бағдарламалары бар. Тіпті, кейде балалардан да ұсыныстар қабылдап, солардың қызығушылықтарына сай әртүрлі кештер ұйымдастырамыз. Қазір лагерьде 10 педагог, 32 тәлімгер бар. Барлық бала қабылдана береді. Алайда инклюзивті бағдарлама болмағандықтан ерекше балаларды әзірше қабылдауға мүмкіндік жоқ", - деді ол.

Біз барған кезде балалар "Таланттылар шоуы" іс-шарасын ұйымдастырып жатыр екен. Олармен бірге ән айтып, би билеп, талантын бағаладық.

  Ауқымды, кең алқаптағы лагерьді көрген соң балалардың қауіпсіздігі туралы да білгіміз келді.

"Лагерь аумағында 80-нен астам камера бар. Аумақтағы екі жағынан кіретін қақпа есігінде күзетшілер бар. Бөтен адам кіре алмайды. Ал денсаулық жағына келсек, медицинкалық пункте кәсіби қызметкерлер құрамы жұмыс істейді. Оның ішінде педиатрлар, медбикелер 24/7 жұмыс істейді", - деді ол.

Біз барған кезде балалар таза ауада сурет салу шеберлік сабағына қатысып жатыр екен. Мұндай шеберлік сабақтарына тек балалар өз қызығушылығымен қатыса алады. 

Лагерьде бес мезгіл тамақ беріледі. Сондай-ақ, бір таңғалдырғаны - балалар тамақ түрін таңдап жеуіне мүмкіндік бар. Мәзірге міндетті түрде жеміс-жидек қосылған.

Басшының айтуынша, барлығы диетологтармен бірге құрастырылған.

Бұдан басқа емдік бөлмелер, соның ішінде тұзды шахта бар. 

Базыл Утилов лагерь таңдауға қатысты ата-аналарға өз кеңесін айтты.

"Лагерь таңдаған кезде ең бірінші, баланың қауіпсіздігін ескеру керек. Екіншіден, басшымен сөйлесіп, педагогтар құрамын қарауға кеңес берер едім. Жыл сайын құрамы ауысып, кез келген адамды жұмысқа қабылдай беретін ұжымға сенбеген жөн. Сондай-ақ, лагерь аумағында өзге адамдар демалса, ойлаун керек", -деді ол.

Лагерьге үш жыл қатарынан келген 7-сынып оқушысы алматылық Данэлламен әңгімелестік.

"Осымен үшінші жыл осы лагерьде туған күнімді тойлап жатырмын. Мұндағы би кеші керемет. Сабақты үздік оқимын. Сурет салғанды, соның ішінде пейзаж жанры жаныма жақын. Лагерьде көптеген достар таптым. Тіпті, қазір ең жақын құрбым болып кеткен қызбен осында келген алғашқы жылы танысқанбыз. Тағы да қатарынан келу ойымда бар", - деді ол.

Лагерьде мемлекет есебінен демалып жүргендердің бірі - Абай облысынан келген 8-сынып оқушысы Арайлым Қаңтарбаева. Оған "Қазақстан халқына" қоры бұл жолдаманы сыйға берген.

 

"Лагерьге алғаш келуім. Мұнда барлық кісілер, күзетшіден бастап тамақ беретін апайға дейін өте сыйпайы, бәрі бір-бірімен жақсы араласады, өте ұйымшыл. Маған жолдаманы сабақты үздік оқығаным үшін сыйға тартты. Қазір өз тобымда капитанмын. Белсенділігімді осында да көрсетіп жатырмын. Кешкісін болатын би кеші, топпен бірге плакатқа сурет салу кештері ұнайды. Келесі жылы міндетті түрде келемін. Болашақта осы жерде тәлімгер болуды армандаймын",- деді ол.

Қайтар кезде балалармен бірге тамақтанып, олармен жылы қоштасып қайттық. 5 сағаттың ішінде балалар түгілі біздің миымыз демалып қалды. Таза ауа, жасыл аймақ, байланыссыз аумақта демалу ерекше әсер сыйлайды екен. Дегенмен, әр баланың талғамы мен таңдауына қарай лагерь таңдауда қателеспеу керек!

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!