Жарамсыз жабдықтардың екінші өмірі: электрон қалдықтар қалай өңделеді?
Істен шыққан компьютерлер, бұзылған тоңазытқыштар, телефон, үтік тағысын-тағы. Мұның барлығын бір сөзбен электрон қалдықтар дейміз. Қажетімізге жарамай қалған электрон қалдықтар ашық жатқан қоқыс алаңына емес, қайта өңдеу орнына жол тартуы тиіс. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген осындай қалдықтарды өңдеп отыратын жер бар екенін білесіз бе? Мassaget.kz порталы қалдық өңдейтін орынмен танысып қайтты.
Алматы қаласының іргесінде электрон қалдықтарын өңдейтін зауыт бар. Жарамсыз қалған жабдықтарды көріп, бейне бір бөлек әлем дерсіз. Қалдықтарды өңдеумен 11 жылдан бері "ПромТехноРесурс" ЖШС айналысады. Есептен шыққан жабдықтардың басым көпшілігін мемлекеттік мекемелер әкеледі. Компания директоры Павел Мухин тілшімізге аймақты толық таныстырып шықты.
© Суретте: қалдықтардың сыртқы көрінісі
© Суретте: істен шыққан компьютер блоктары
Қоқыс үйінділерінің арасында ең көбі - электрон қалдықтар. Арасында темір-терсек, бөшкелер, резиналы шиналар, тоқ сымдары да бар.
© Суретте: техникалардың ішіндегі сымдар
Қалдықтар қалай өңделеді?
Есептен шыққан мемлекеттік жабдықтар нарыққа қайта кірмес үшін өңдеу зауытына әкелінеді. Одан кейін қалдықтар түрлеріне қарай сұрыпталып, жинақталады. Артынша бөлшектейтін құрылғыға кезекпен салынып отырады.
© Суретте: "ПромТехноРесурс" ЖШС директоры - Павел Мухин
"Біз KazWaste - Қазақстан өңдеушілер қауымдастығымен бірлесіп жұмыс істейміз. Мемлекеттік мекемелермен заң шеңберінде ресми келісімшарттармен, мемлекеттік сатып алулар жүйесімен қызмет ұсынамыз. Елімізде қалдықтарды өңдеумен айналысатын 19 кәсіпорын бар. Біз соның біріміз. Десе де түрлі қалалардан да өңдеуге қалдықтар әкелінеді", - дейді Павел Вадимович.
© Суретте: сұрыпталған электрон тақталар
© Суретте: қалдықтарды бөлшектейтін құрылғы
© Суретте: бөлшектелген электрон тақта
Әрі қарай материалдарды бөлу, тазалау, қайта өңдеу және қауіпті қалдықтарды қауіпсіз түрде кәдеге жарату процестері жүргізіледі. Өңдеуге жарайтындарының бір бөлігі елімізде қалса, енді бірі шетелге жіберіледі. Жоғарыда көрсетілген бөлшектелген электрон тақталар Еуропаға, пластик үгітінділері Ресейге, ал металл, әйнек, шина қалдықтары өзімізде қалады.
"Экобокстар жоғалып барады"
Павел Мухиннің айтуынша, мемлекеттік мекемелерден бөлек қарапайым тұрғындар арнайы қойылған экобокстарға электрон қалдықтар өткізе алады. Осыдан 4 жыл бұрын Алматыда осындай 137 экобокс болған. Директордың сөзінше сол жылы 5000 тонна қалдық қайта өңделген. Қазір мұндай экобокстардың тек екеуі қалған. Біреуі Мақатаев көшесіндегі MEGA Park сауда орталығында орналасса, енді бірі Сүйінбай көшесінде тұр.
"4 жыл бұрын мемлекеттен бөлінген субсидияға Алматы қаласындағы мектептерге 137 экобокс қойған едік. Нәтиже беріп, сол жылы ең көп қалдық өңделді. Қазір экобокстар жоғалып барады. Электрон қалдықтарын қоқыс полигонына жібермей қайта өңдеуге ат салысқан оқушыларға мадақтамалар мен бонустар да бергенбіз. Кейін 1 келісіне 25 теңгеден деп сыйақы ұсынып та көргенбіз. Қазір бұл шаралар тоқтап қалды", - деді Павел мырза.
© Суретте: электрон қалдықтарын тастауға арналған экобокс
Электрон қалдықтар - экологияның жауы
Эколог Тимур Елеусізов электрон қалдықтардың қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіретінін айтты. Олардың құрамы химиялық элементтердің периодтық жүйесіндегі 69 элементке жуығын қамтиды.
"Ауыр металдарда қорғасын, сынап, кадмий және мышьяк бар. Олар топырақты, суды, ауаны ластайды. Мысалы, сынған экранның қорғасыны жерасты суларына түсуі мүмкін. Сондай-ақ бромдалған отқа төзімді заттар өрттен қорғау үшін қолданылғанымен, тірі ағзалардағы гормоналды жүйелерді бұзады", - дейді ол.
© Суретте: жарамсыз қалған қатты дисктер
© Суретте: істен шыққан тоңазытқыштар
© Суретте: зауыт қызметкерлерінің үлкен техникаларды бөлшектейтін орны
Ал құрамында қорғасын, кадмий, сынап сияқты ауыр металдары бар жарамсыз қалған батареялардың айналаға залалы басым. Олар топыраққа сіңіп, тіршілік үшін мүлдем жарамсыз етеді.
© Суретте: қолданылған батареялар
Өкініштісі, бұл батареяларды не бөлшектеуге, не жойып жіберуге, не қайта өңдеуге де келмейді. Зауыт тұрмақ, мемлекеттің өзі батареялармен не істеуге болатынын әлі күнге дейін білмей отыр.
"Әр адам жанашырлықпен қараса екен"
Қоқыс алаңында жоғарыда аталған заттардан бөлек, түрлі қызық нәрселер бар. Мәселен, қала көшелерінің қараңғылануына байланысты әкімдік кей аудандағы 26 мың ескі жарықшамдарды қайта өңдеуге өткізген.
© Суретте: алюминий ретінде өңделетін жарамсыз шамдар
Бұдан бөлек, дүкендерде және өзге де орындарда қолданылған сканерлеуге арналған құралдар мен қажетсіз қалған шырын құятын аппараттар да екінші өмірін күтіп жатыр.
Павел Вадимовичтің айтуынша, электрон қалдықтарды мемлекеттік мекемелерден бөлек, өздері әкелетін адамдар да бар. Ондай кісілер шынайы түрде өздерінің қалауларымен елге, айналаға пайдасын тигізіп отыр дейді ол.
"Сирек болса да, арасында өздерінің істен шыққан техникаларын біздің зауытқа өңдеуге әкеліп тастайтын тұрғындар да бар. Менің отбасым мен жақындарым да үйдегі қоқысты үнемі сұрыптап отырады. Меніңше, егер әр адам айналаға, өзінің болашағына жанашырлықпен қарайтын болса, жаһандық экологиялық мәселе болмайтын да секілді. Электрон қалдықтарды зауытқа болмаса да, қаладағы экобокстарға тастап кетсеңіздер болады", - деді зауыт басшысы.
Біз де тамшыдай болсын пайдамыз тисін деп қайта өңдеу зауытына үйдегі істен шыққан үтікті қалдырып кеттік. Ел үшін елеулі еңбегіңіз сіңбесе де, ертеңіңіз үшін үйдегі қоқысты дұрыс сұрыптауға ерінбесеңіз жеткілікті.