Жануарлар зообақта қалай қоректенеді?

Жануарлар зообақта қалай қоректенеді?

Зообақтар ежелден бар болған. Тарихқа үңілетін болсақ біздің дәуірімізге дейінгі 3500 жылдары Бабыл мен Ассирияда, кейінірек Ежелгі Римде хайуанаттар бағы табылған. Птолемей дәуірінде жануарлар жай ғана сақталып қана қоймай, оларды бақылаған.

Қазіргі Еуропада зоологиялық саябақтар 1752 жылы Венада және 1770 жылы Мадридте пайда болды. Француз төңкерісінен кейін Париждің өсімдіктер бағында хайуанаттар бағы ашылды, оның негізгі міндеттерінің бір – жануарлар туралы білім беру еді.

Ал, Алматы қаласының мемлекеттік хайуанаттар бағы Қазақстан Республикасындағы ең көне зоологиялық саябақтардың бірі. Ол 1937 жылы құрылған. 21 гектар аумақты алып жатқан Хайуанаттар бағы Орталық мәдениет және демалыс саябағының жанында орналасқан.

Массагет порталы қыста жан-жануарлар қалай қоректенетін білу мақсатында аталмыш зообаққа барды. Бізді онда зообақтың даму бөлімінің меңгерушісі Рахимова Ақжәми қарсы алды.

Зоббақта жануарларға күнделікті тамақ кәдімгідей зерттеліп, мақұлдаудан өткесін беріледі. Оның бәрі алдын ала жоспарланады. Мысалы, бір жылға піл қанша тамақ жейді? Оның бәрі, есептеліп қалалық бюджетке жіберіледі. Сол жақтан жануарлардың тамағы үшін қаржы бөлінеді.

Алматы зообағы даму бөлімінің меңгерушісі Рахимова Ақжәми

"Жануарлардың жылдың мезгілдеріне қарай тамақтануы да әрқалай. Мысалы, кейбір ірі жыландар айына бір рет қана бір-екі қоян жейді. Болды. Табиғаты сондай. Қолтырауындар немесе майда жыландар аптасына бір рет тамақтанады. Сосын бір апта бойы оны қорытып жатады. Мұндай кезде оларды ұстауға, тіпті жақындауға болмайды. Себебі, олар мұндай күйден күйзеліске түсіп, тамағын құсып тастауы мүмкін. Ал, қасқыр сияқты жыртқыштар күніне бір рет ет жейді", - дейді Ақжәми Рахимова.

Осындай әңгімемен біз жаңадан әкелінген жолбарыстарға да келіп жеттік. Амур жолбарыстары былтыр күзде елордамыздан әкелінген екен. "Лад" және "Бентли" деп аталады.

"Тұрғылықты мекені Сібір жерлері болғасын, Алматының ауа райы бұларға шипажай сияқты әсер етеді", - дейді зообақтың даму бөлімінің меңгерушісі.

Ақжәми Рахимованың айтуынша, екі жолбарыс жас болғандықтан күніне 8 кило ет жейді. Урман атты жолбарыс күніне 10-12 кило ет жейді екен. Себебі, ол 10 жасқа келген ересек, ірі жыртқыш.

"Бұлардың тамағының құрамында тауық еті, сиыр еті болады. Тілдерінің бүртігі сонша сүйектен етті сылып алады. Кейін сүйегін мұжіп жеп қояды. Аптасына бір рет, жексенбі күні жыртқыштарда ашығу күні. Бұл күні оларға тамақ бермейміз", - дейді зообақтың даму бөлімінің меңгерушісі.

Біз ары қарай су сиыры мен пілге бардық

Бұл піл "Ару" деп аталады. Жасы 24-те.  Ару күніне екі рет, 199 кило тамақ жейді. Ол Азия пілдері тұқымдастығына жатады. 1998 жылы туған. Лаостан 2000 жылы келген.

Пілдердің күнделікті азық мөлшері

Екінші бөлмедегі су сиырының (бегемот) аты "Жамбо" деп аталады екен. 2007 жылы туған. 2009 жылы Израильден әкелінген.

"Біздің қазақтар оны "Жанболат" деп атайды", - дейді Ақжәми Рахимова

"Жамбо күніне екі рет тамақ жейді. Таңартең 10:00 және кешкі 17:30-да. Бассейінін қызметкерлер аптасына 3 рет тазалайды. Тісін күнде осылай жуып тұрады", - дейді зоотехник Сәлімбаев Руслан.

Су сиырларының бір күндік тамақ мөлшері

Бұдан кейін маймылдарға бардық. Олардың қалай тамақтану барысын бізге приматтар бөлімінің меңгерушісі Әбдібекова Шолпан Қайыпқызы айтып берді.

Маймылдардың тамағы жеміс-жидектерден тұрады. Оның ішінде мандарин, авакадо, анар, жүзім, банан, брокколи, иогурт, биос, дәрумендер және түрлі сусындар бар. Тіпті құрғақ сүт ішетін аққол гиббон "Джим" атты маймыл бар екен.

"Мысалы, мына шимпанзенің аты – "Паша". Оған шырын сусынын береміз. Оны өзі ашып ішеді. Анау иогурт ыдысын көрдіңіз бе? Ол иогуртты ішкесін осылай бір шетке тастап қояды. Шырын берген кезде оны иогурт ыдысына құйып ішеді", - дейді приматтар бөлімінің меңгерушісі.

"Кейде келушілер: "Маймылдар тұратын орын неге тазаланбаған, тамақтары шашылып жатыр, бір ыдысқа жинап салып қоюға болмай ма?" деп наразы тілегін білдіріп жатады. Олар маймылдардың тұрмыс тәрізін білмегендіктен айтады. Себебі, мына маймылдардың ішінде топ басшысы болады. Олар тамақтың ішіндегі ең дәмдісін, қаймағын теріп жеп қояды. Басқаларға тамақ қалдықтары бұйырады. Ондай маймылдар өте агрессивті, ашуланшақ болып алады. Соны болдырмау үшін, барлығы бірдей тамақтансын деген ниетпен жеміс-жидекті жан-жақа шашып қоямыз", - дейді Әбдібекова Шолпан.

Приматтар бөлімінің меңгерушісі Әбдібекова Шолпан Қайыпқызы мен 2019 жылы туған аққол гиббон баласы Джим

"Жұмыс күніміз 08:00-де басталғанымен қызметкерлер одан ерте келеді. 07:00 шамасында Джим сүт ішіп алады. Сосын алманың ¼ бөлігін жейді.  Маймылдар жалпы, күніне төрт рет тамақтанады. Сосын 17:00-ден әрі қарай демалады. Джим де жұмсақ ойыншығын құшақтап ұйықтайды. Ондай кезде оны ояту мүмкін емес", - дейді Шолпан Қайыпқызы.

"Ал мына шимпанзе 9-10 арасында таңғы асы – 4 тілік нан жейді. Оған әртүрлі (таңқурай, құлпынай, бал, сары май) жеміс тосаптары жағылады. 10-11 арасында сүтке бұқтырылған жарма береміз. Одан кейін піскен ет, қайнатылған картоп жейді. Олардың арасында сәбіз, әртүрлі қырыққабаттар (7 түрі) беретініміз бар", -  дейді приматтар бөлімінің меңгерушісі.

"Маймылдардың тамақтану барысы әрқилы. Екі мен үштің арасында иогурты мен биосын ішеді. Үш пен төрттің арасында қайнатылған картоп пен сүтке пісірілген жарма жейдң. Төрт пен бестің арасында әртүрлі жаңғақтар – грек жаңғағы, жер жаңғақтарын береміз. Ең соңында печенье жейді және онымен қоса қант қосылған шәйін ішіп отырады", - дейді Әбдібекова Шолпан Қайыпқызы.

Шолпан Қайыпқызының айтуынша, маймылдар да адамдар сияқты жеміс-жидектерді жақсы көреді.

"Тағы бір  ерекшелігі қоңыр капуцин дейтін маймылымыз таңертеңнен түске дейін түрлі шөптердің (ақжелкен, кинза, қалақай т.б) қайнатылған сусын ішеді. Арасында пісірілген тауық еті мен сиыр еті және жұмыртқа жейді. Мезгіл бойы жейтін жеміс-жидектерінің ішіне апельсин, мандарин, банан жейді. Мезгіліне қарай құрма береміз. Көктемде таңқурай, құлпынай жалпы, жазда біз қандай жеміс-жидек жесек, бұлар да соны жейді", - дейді приматтар бөлімінің меңгерушісі Шолпан Қайыпқызы.

"Барлық тамақ өзінің мөлшеріне қарай беріледі. Одан артық берсек семіздік сияқты ауруға ұшырайды. Зообаққа келушілерге тамақ бермеңіздер дейтініміз сондықтан", - дейді  приматтар бөлімінің меңгерушісі.

Одан кейін жыртқыштар бөліміне бардық. Біз оларға дәл тамақ беріп жатқанының үстінен түстік.

Олардың тамақтану барысын бізге жыртқыштар бөлімінің зоотехнигі Сағындық Ерасыл Жұматайұлы айтып берді

Бұл ягуардың аты – "Диана". Ол күніне бір рет 2,5 кило ет жейді. Жексенбі ашығу күні

"Үш жанатымыз бар. Оларға күніне 150 грамм ет береміз. Түлкілердің үлкені төртеу, кішкентайы үшеу. Олар күніне 350 граммнан ет жейді", - дейді Ерасыл Жұматайұлы.

"Екі ұрғашы қорқау қасқырымыз бар. "Жасмин" және "Гаррик" деп аталады. Оларға 3,5 кило ет береміз. "Фелис" және "Фиона" деп аталатын екі қабыланымыз бар. Оларға 5,6 кило ет береміз. Одан бөлек 0,5 кило тауық етін жейді.

"Хангира", "Томас", "Шеба" деп аталатын үш тау арыстанымыз (пума) бар. Екі пума Мәскеу циркінен келген. Олар күніне әрқайсысы 3,8 кило ет жейді", - дейді жыртқыштар бөлімінің зоотехнигі.

"Динго" деп аталатын қара түлкі

"Курсак" деп аталатын қарсақ күніне 0,2 кило ет ейді. Кейде зообақ қызметкерлері балапан береді.

Еттердің барлығы мөрленіп, өлшеніп келеді. Оларды жыртқыштар бөлімінің қызметкерлері қайтадан өлшеп, бетіндегі қағазы бойынша тексеріп алады

Алматы зообағы жыртқыштар бөлімінің қызметкерлері

Зообақта жеті қасқыр бар. Олардың әрқайсысы күніне 3,5 кило ет жейді екен

 

Аңдар жыртқыш болғандықтан қауіпсіздік мақсатында осындай кішкентай тесіктен тамақ береді

Құстар бөлімінде бізді Сыбанбекова Айжан Асқарқызы күтіп алып, құстардың тамақтану барысымен таныстырды.

"Біздің бөлімде 542 құстың 74 түрі бар. Олардың қорегі әртүрлі дәнді дақылдар, жеміс жидек, жаңғақ, шөп және балықтан тұрады. Тамақтың барлығын алдын ала дайындап, турап қоямыз. Бірқазандарға балықты бүтіндей береміз. Себебі олар бөлінген, шабылған балықты жемейді",- дейді Сыбанбекова Айжан.

Жалпы, тамақ құстарға таңертең дайындалады. Оған түрлі дәрумендер мен бор қосылады. Оларға негізенен таңертең күніне бір рет тамақ береміз. Қоқиқаздар таңертең және түсте – екі рет тамақтанады. Ал, Бірқазандар күніне бір рет кешкі сағат 16:00-де балық жейді, – дейді құстар бөлімінің меңгерушісі.

Қазақстанда 3 зообақ (Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларында) жұмыс істейді. Солардың ішіндегі ең ерте ашылғаны Алматыда.

Массагет порталының тілшілерін елеңдеп күтіп алған суриката

Алматы хайуанаттар бағының ресми ашылуы 1937 жылдың 7 қарашасында өткен. Ол уақытта бақта 70-ке жуық жануар болған екен. Биыл Алматы зообағынының ашылғанына 85 жыл толады.

Жалпы, Алматы зообағында жан-жануардың түрі – 371, саны  – 3750. Оның ішінде 2500 балық бар.  Кіру билетінің құны ересектерге 800  теңге, балаларға (7 мен 11 жас аралығында) 300 теңге. Ал көп балалы аналар, зейнеткерлер, мүгедектер растайтын құжаттары болса, тегін кіреді.