Алматының Түрксіб ауданындағы Қайрат шағынауданы жаңалықтарда жиі айтылады. Кейінгі жылдары бұл аудан айтарлықтай өзгерді, себебі мұнда көптеген жаңа тұрғын үй кешені салынып жатыр. Мұндай қарқын жағдайға әсер етпей қоймайды. Себебі инфрақұрылым мен инженерлік желілер құрылыс қарқынына ілесе алмай қалып жатады. Бұған дейін кейбіреулер құрылыс компанияларына, енді біреулер жарық жиі өшірілетініне шағымданса, ал жеке үйлердің тұрғындары баспаналарын бұзбауды сұраған болатын.
Қайраттың басты көшелерінің бірі Тараз қаласының құрметіне аталған. Ол Құлжа тасжолы мен Жетісу базары маңынан бастау алады. Жолдың өзі тар, ал ірі базармен көршілес болуы оған еш пайдасын тигізіп тұрған жоқ.
Салынып жатқан тұрғын үй кешендеріне бетон мен құрылыс материалдарын таситын жүк көліктері жағдайды қиындата түседі. Салдарынан мұнда үнемі кептеліс болады.
Жолшыбай кездескен алғашқы тұрғын үй кешені премиум санатқа жатады. Dream City Family туралы сөз болып отыр. Қазірдің өзінде A, B, C және D әріптерімен белгіленген алғашқы төрт үй бой көтерген.
Ал Е, F және G блоктары салынып жатыр.
Сондай-ақ, K, L, M және N блоктарының құрылысы басталған. Құрылыс қарқынына қарағанда компания ағылшын әліпбиін "толық игеруді" жоспарлап отырған сияқты.
Жаңа көпқабатты үйлер жазық алаңда бой көтеріп жатыр. Оларға апаратын асфальт төселген жолдар болса, жағдай жақсара түседі.
Бірақ бәрінің бірдей жолы бола бермейді. Мәселен басқа құрылыс компаниясына тиесілі Qazyna тұрғын үй кешеніне баратын жолға әлі асфальт төселмеген. Бұл оның премиум санатқа жатпайтынынан болса керек. Осы 13 жеті қабатты блокқа жету үшін біраз тер төгу керек.
Бұл үйлерге ыстық күнде де жету оңай емес, жер қатты болғанымен, шаң-тозаң. Күзде жауын-шашын кезінде және көктемгі жылымықта мұнда қандай батпақ болатынын елестету қиын емес.
Жергілікті тұрғындар су мен жарық туралы айтты.
"Иә, жарық өшіп тұрады. Бір күн ішінде бірнеше рет өшіп қалуы мүмкін", - дейді дүкендердің біріндегі сатушы.
Тараз көшесіндегі тағы бір тұрғын үй кешені Buta Legacy деп аталады. Ол бес қабатты 24 блоктан тұрады.
Осы кешеннің тұрғындары 2025 жылғы шілдеде бейнеүндеу жариялап, құрылыс компаниясына шағымданған болатын.
"Пәтерлерді комфорт санатындағы, тіпті құрылыс компаниясы мен сату бөлімі айтқандай, комфорт плюс санатындағы үйлерден сатып алдық. Бірақ қарапайым комфорт деңгейіне де жете алмай отырмыз", - деді бұған дейін желіде тараған видеода Buta Legacy тұрғындарының бірі.
Сондай-ақ, адамдар үйлердің қасбеті кей жерлерде тозып кеткенін айтты. Тұрғындар су қысымы төмендігіне, оның сапасына және электр қуаты Талғардан (Алматы облысындағы қала) келетіндіктен жиі ажырайтынына шағымданды.
Қазіргі жағдай қалай? Бұл сауалға тұрғындардың бірі жауап берді:
"Өзім мұнда тұрмаймын. Балам тұрады. Ол шағымданбайды. Жарық пен су мәселесі туралы одан бірде-бір рет естімеппін".
Ал келесі жергілікті тұрғын құрылыс компаниясы бірқатар ескертуді түзеткенін, бірақ жарық пен су өшіп тұратынын айтты. Осы кешеннің тағы бір тұрғыны су қысымы әлі де төмен екенін айтады.
Тұрғын үй кешенінің кіреберісіндегі шлагбаум алдында тұрған жүргізушілердің бірі қонақтарға арналған тұрақ жоқтығына наразы. Кешен аумағына тек тұрғындар кіре алады, ал курьер, такси жүргізушісі болсаңыз немесе біреуге қонаққа келсеңіз, көлік қоятын жер жоқ. Мұндағы жолдар да, тротуарлар да өте тар.
Келесі кезекте Tamarix City тұрғын үй кешені. Оған жету үшін жеке үйлер мен ірі автобус паркінің маңынан өту қажет.
Кейін Tamarix City 2.0 маңынан өту керек.
Оның артында әлі пайдалануға берілмеген Buta Albion тұрғын үй кешенін көруге болады. Сыртқы түріне қарағанда, құрылыс компаниясы қасбеттегі жұмыстарды аяқтап қалған.
5 қыркүйекте Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Tamarix City тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде инженерлік мәселелер және инфрақұрылым мәселелері талқыланды. Тұрғындар қала басшысына жолдар мен тротуарлардың жай-күйі, арық желісі мен сыртқы жарықтандыру мәселелері бойынша да өтініш білдірді. Бұл мәселелердің барлығы бақылауға алынған.
Мұнда 2021 жылдан бері, яғни үйлер пайдалануға берілген сәттен бастап тұратын әйел былай дейді:
"Биыл жарық өткен жылдарға қарағанда әлдеқайда жиі өшіп тұр. Жарық күні бойы болмаған кездері де бар. Басқа мәселе көріп тұрған жоқпын, тек жарық жағы қиын болып тұр".
Тағы бір жергілікті тұрғынды осы тұрғын үй кешені аумағы арқылы өтетін көліктер мазалайды:
"Көліктер күндіз-түні ағылып жатыр. Маңайдағы құрылыстардың кесірінен үнемі шаң болады, соның салдарынан балалар алаңқайлары лас. Су мен жарық өшуі туралы айтпай-ақ қояйын".
Tamarix City-ге қарама-қарсы жаңа мектеп салынған.
Ал оның артында тағы бір тұрғын үй кешені - Jeti Qazyna бой көтеріп жатыр.
Тағы бір тұрғын үй кешені - Altyn City. Бұл кешен Қайрат шағынауданының негізгі бөлігінен оқшау орналасқанымен, картада осы ауданға жатады.
Ол 32 он қабатты блоктан тұрады. Сыртқы түрі Tamarix City үйлеріне қатты ұқсайды. Екі жақта да құрылыс компаниясы бір.
Мұндай төрт айдан бері пәтер жалдап тұратынын айтқан бір тұрғын тұрғын үй кешеніндегі жағдайды былай сипаттады:
"Төменгі блоктарда тұрамын. Меніңше, жоғарғы блоктарда жарық жиі өшеді. Әйтеуір бізге қарағанда жиі. Дауыстың бәрі естіліп тұрады: көшедегі де, көршілер де. Тіпті көршілердің оятқышы шырылдағанына дейін естимін. Ыстық су да жиі өшеді, жарыққа қарағанда жиірек. Үш-төрт сағатқа өшіріп тастауы мүмкін. Әсіресе, бала болғанда өте ыңғайсыз", - деді әйел.
Шілдеде шенеуніктер берген есепке сүйенсек, тек осы ауданның өзінде 21,6 шақырым су құбыры мен 24,7 шақырым кәріз желісі тартылып, 15,6 шақырым жол мен үш кәріз сорғы станциясы салынған.
Дегенмен билік құрылыс компанияларының қарқынына ілесе алмай келеді. Тұрғын үй кешендері көп салынып жатқаны соншалық - қуат көздері бәріне бірдей жетпей жатыр. Қала билігі тепе-теңдікті сақтай ала ма, жоқ па, мұны тек уақыт көрсетеді.
Дереккөз: Tengrinews.kz