Жаңа жыл - әрбір адамға бақытты күннің бірін сыйлайтын қызықты күндердің санатына жатады. Сондықтан барша адам баласы бұл күні бір-біріне әдемі сыйлықтар жасап, түнгі сағат 12 болуын асыға күтеді. Ал осы күні қаламыз қандай сұлу болатынын бірі білсе енді бірі біле бермейді. Сіздердің назарларыңызға осы бір ерекше сұлулыққа бой алдырған Алматы қаласының түңгі көрінісін таныстырмақпыз. Қала көшелерінің бойында орналасқан жасанды, әрі табиғи шыршалардың көп бөлігі безендірілген. Түрлі ойын-сауық орталығы мен көптеген ғимараттың алдында көз алмай қарауға болатын шыршалардың алуан түрін кездестіруге болады. Алматының алмасын да осы күні қазақы оюлармен өрнектеп, үстіне шыршаның ойыншықтары қойылған дөңгелектің үстіне жасап қойған екен. Әрине жаңа жыл аяз атасыз болмайды. Орталық цирктің алдындағы әдемі безендірілген көрініс. Көздің жауын алатын сұлу жарықтарға бір қарап өтпеу мүмкін емес. Мына бір мекен жыл сайын ертегілер елінде жүргендей жылулық сыйлайды. Себебі бұл жерден жаңажылдық көріністің барлығына көз тігуге болады. Жаңажылдық шыршаның маңындағы аяз атаның елігі бейнеленген көрініс. Ағаштың діңгегіне жанған жарықтар, адам көңіліне өзгеше сезім сыйлайды. Осы бір сұлулыққа тамсанып, жаңа жылды бірге қарсы алуға ниет білдіріп тұрған қос ғашықтың көрінісі. Мына бір әсем шамдар да арнайы жаңажылдық сұлулыққа өз үлесін қоссын деумен ілінген екен. Күндіз бір қарағанда қалыпты көрініс сыйлайтын бұл жердің шынайы бейнесі алдарыңызда тұр. Әрбір көшенің бойынан ерекше безендірілген орынарды байқауға болады. Орталық мұражайдың алдындағы алтын адамға зер салыңыз. Түннің қараңғылығын өзінің алтын түстес жарығымен жарқыратып тұрған сәті. Көп балалардың қардан жасайтын ақ қаласын бүгінгі күнде әдемі банерлерден көруге болады. Алматы тұрғындарының барлығы дерлік Жаңа жылды жақындарымен қарсы ала алмайды. Бірі жұмыста болса, енді бірі шалғайдағы туған жерден жырақта қалып жалғыз қарсы алуларына да тура келеді. Бірақ қаланың керемет көрінісі мен адамдардың әсерлі көңіл күйлері бұл жандарды да шаттыққа бөлейтіні жасырын емес. Отыз бірінші желтоқсанды асыға күтетін жас жеткіншектер, сол күннің тезірек келуін үлкен үмітпен күтеді. Орталық алаңның алдындағы көрініс. Асыға күткен 2016 жылдың келуіне де санаулы сағаттар қалды. 31 желтоқсан күні сағат түнгі 12:00-де қала үлкен тыныштықта болады. Себебі әрбір жан өз жаңа жылдарын асыға күткен орындарында қарсы алады. Жаңа жыл баршаларыңызға үлкен бақытты әкелсін!