Жамбыл облысындағы Президент резиденциясының қазіргі жай-күйі қандай?

2023 жылдың басында Тараз, Қостанай, Ақтау, Атырау және Ақтөбедегі Президент резиденциясы балалардың қажетіне берілетіні белгілі болды. Сол кезде жергілікті әкімдіктер резиденцияны кімге беру керек екенін өздері анықтайтыны айтылған еді.

Жамбыл облысындағы бұрынғы резиденцияның қазіргі-жай күйі қандай? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.

Резиденцияның орнына балалар лагері салынды ма?

2023 жылы мамырда ОКҚ-дағы брифингте Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Нұржан Нұржігітов журналистерге өңірдегі Президент резиденциясы жергілікті Білім басқармасының балансына берілгенін айтты. Шенеунік нысан аумағында жыл бойы жұмыс істейтін балалар лагерін ашу жоспарланып отырғанын да мәлімдеген еді.

"Пионер лагерін күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен шамамен 600 миллион теңге бөлдік. Онда штат болады, жөндеу жұмыстары жақын арада басталады, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүріп жатыр. Жоспарымыз - жыл бойы жұмыс істейтін 50 орындық пионер лагерін ашу. Ғимарат бар, оқу сыныптарын қайта жабдықтаймыз, қосымша жиһаз сатып аламыз. Қаржыландыру, тамақтандыру, жалақы мәселелері шешілген", - деген еді сол кездегі әкім.

Бір қызығы, үш жыл бұрын экс-әкім балалар лагерін "пионер лагері" деп атаған, бірақ  Қазақстанда пионер көп жылдан бері жоқ.

Ал сол жылы тамызда Нұржан Нұржігітов "пионер" лагерінің емес, "Мөлдір бұлақ" оқу-сауықтыру орталығының салтанатты ашылуына қатысқан. Іс-шарадан көптеген сурет жарияланды, бірақ  бұрынғы резиденция ғимараты көрінбеген.

Бұрынғы резиденцияның қазіргі көрінісі 

Tengrinews.kz Жамбыл ауданы әкімінің аппаратына ресми сауал жолдап, нысанның суретін беруді және оны күтіп ұстауға жыл сайын бюджеттен қанша қаражат жұмсалатынын сұраған.

Әкім аппараты өкілдері сауалға жауап беріп, суреттерді жолдаған.

Резиденциядан балалар орталығына бассейн, душ бөлмелері және сауна қалған.

Сурет: Жамбыл облысы әкімінің аппараты

Бөлмелердің бірі асхана ретінде жабдықталған. Басқа бөлмелер оқу сыныптарына, ойын немесе спорт залдарына айналған.

Сурет: Жамбыл облысы әкімінің аппараты

Бұл нысан бұрынғы резиденция екенін қабырға мен безендірілген төбе, қымбат шам мен үлкен терезелер еске салады.

Сурет: Жамбыл облысы әкімінің аппараты

Сондай-ақ, әкім аппаратының өкілдері бұл оқу-сауықтыру орталығы жыл бойы жұмыс істейтінін айтты. Балалар қыркүйектен мамырға дейін 20 күн, ал жазда (маусым, шілде, тамыз) 15 күн демалады. 

"Мұнда Жамбыл облысының дарынды балаларының, үздік оқушыларының, сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың демалысы, оларды оқыту және сауықтыру іс-шаралары ұйымдастырылған. Оқу-сауықтыру орталығы Тараз бен Жамбыл облысы аудандарынан 5-9-сынып оқушыларын қабылдайды. Мұнда заманауи оқу кабинеттері, спорт алаңдары, уоркаут, үйірмелер мен секциялар үшін бөлмелер, асхана бар", - деді аппарат өкілдері. 

Сондай-ақ, орталық іске қосылғаннан кейін 2023 жылғы бес айда мұнда 411 бала демалған, 2024 жылы 858 бала, 2025 жылы 860 бала келген. 

Биыл жыл басынан бері мұнда 202 бала келген. Ал дәл қазір орталықта 50 бала демалып жатыр.

Балалар орталығын күтіп ұстауға бюджеттен қанша миллион жұмсалады?

2023 жылғы мамырда өңірдің бұрынғы әкімі Нұржан Нұржігітов әкімдік "осы лагерді ұстауға жергілікті бюджеттен шамамен 600 миллион теңге бөлді" деген еді.

Ал Жамбыл облысы әкімі аппаратының мәліметінше, бұрынғы резиденцияны жөндеу мен қайта жаңғыртуға 2023 жылы 240 миллион теңге жұмсалған.

"Бұрынғы резиденцияда орналасқан, жыл бойы жұмыс істейтін лагерьді күтіп ұстауға жыл сайын 398 миллион теңге бөлінеді. Лагерьді күтіп ұстау мен қызмет көрсету үшін мердігерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жүргізіледі", - деп толықтырды әкімдік өкілдері.



Бөлісу: