Жабыр – Ай шатқалы
Шарынның таңғажайып шатқалдары елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де белгілі. Бірақ мұнда келген жұрттың көбі "Қамалдар аңғарын" аралап: "Шарынды көріп қайттым!" - деп айтып жүреді. Алайда шатқалдар тек Қызылсаймен шектелмейді. Олар кеңінен жайылған және көпшілік ойлағаннан әлдеқайда үлкен. Бүгін біз сіздерді солардың бірі саналатын әрі құрылымы жағынан басқаларына мүлде ұқсамайтын Жабырмен таныстырамыз. Ендеше, назар салыңыздар.
Райымбек ауданына кірер тұста "Алматы-Нарынқол" тас жолын жағалай орналасқан Жабыр он шаршы шақырымнан астам аумақты алып жатыр.
Негізінен сазды топырақтан тұратын ол сай-саласы көп, кей тұстарда биіктігі 30-40 метрге дейін баратын жоталардан тұрады.
Жабырдың "Ай шатқалы" деген екінші атауы да бар.
Бұл атау жоталардың Ай ландшафтарына ұқсас өзгеше пішініне қарап қойылған.
Айдан бөлек, жекелеген жоталар көнеден қалған кесенелерді еске салады.
Ал кейбірінің бедері Үндістандағы ғибадатханалар іспеттес.
Тек айналасында мәңгі жасыл джунгли жоқ.
Десе де, Жабырдың іші өсімдіктен кенде емес.
Әсіресе, "Ай шатқалын" қақ жарған үлкен сайдың ортасы шөптесін келеді.
Айта кетерлігі, бұл сай Жабырды өтіп, Көртоғайға жалғасады.
Мұнда сазды жоталар тастақты жарлармен алмасып, сексеуілдерді теректер ауыстырады.
Табиғаттың екі түрлі ландшафтын шектестіретін сайдың ұзындығы шамамен 4 шақырымға созылған.
Ол Көртоғайға бойлаған сайын жан-жақтан жиналған бұлақ суы молайып, кішкентай өзенге айналады.
Сай аяқталар тұста өзен сарқырап ағып жатқан Шарынға барып құяды.
Жоталарының пішіні Алтынемелдегі Ақтауды еске салатын Жабыр шатқалдары әлі де дұрыс зерттелмеген. Сол себепті болар, мұнда туристер аз келеді. Тіпті, сай ішінде адам жүретін жол да жоқ. Дегенмен күндердің бір күнінде "Ай шатқалының" сұлулығы өз бағасын алып, көпке танылады деген үміттеміз. Бәрі уақыттың еншісінде.