"Жабайы, бірақ әдемі". Қала ортасындағы "ну орман" неге жұрттың үрейін ұшырады?

Жуырда әлеуметтік желіден Ерқанат Тәукебаев есімді қолданушының жазбасы назарымызды аударды. Қала тұрғыны Баум тоғайының ішінде жүгіремін деп біраз мәселені көзімен көрген. Оның сөзінше, тоғай "нағыз 5:32 сериалының оқиғасы осы жерде болғандай… Әр талдың түбінде бір-бір Бишімбаев отырғандай" әсер береді екен.

Табиғаты жұртты таңғалдыратын, бірақ іштей үрей тудыратын тоғай туралы не белгілі, тоғайдың қазіргі жай-күйі қандай? Бұл сауалдарға жауап Massaget.kz тілшісінің фоторепортажында.

"Жабайы, бірақ әдемі". Қала ортасындағы "ну орман" неге жұрттың үрейін ұшырады?

Ерқанат Тәукебаев есімді Facebook қолданушысының айтуынша, тоғайда жол да, жарық та жоқ. Содан болар халық келуге қорқады. Оның үстіне тал түбінде "білгенін істейтін" нашақорлар да жоқ емес. Ал бұл тоғайды көбіне жұмыстан қайтқандар кесіп өтеді екен.

"...Паркте ешқандай жарық шамдары жоқ екен. Тас қараңғыдан қайтар жолды таба алмасымды білдім де, 2 гистен паркке кірген жерімді скрин жасап алдым. Жалғыз аяқ жолмен жүгіре бастап едім жол көрінбей қалды. Басында ойлағанмын, адам көп жүретін, тротуар жолы, жарығы бар парк шығар деп. Қайдам, бір күн бұрынғы жаңбыр қатты жауды, қара топырақ батпақ және талдың биіктігінен, қараңғылықтан жол көрінбейді. Сотканың фонарын жағып, қара жолмен біраз жүгірдім. Жүгіргенім құрсын ой сан-саққа жүгірді. Нағыз 5:32 сериалының оқиғасы осы жерде болғандай… Әр талдың түбінде бір-бір Бишімбаев отырғандай", - дейді желі қолданушысы.

"Бұл жер бірінші Алматыға қарайды. Бұрындары басқа ұлттар көп тұрған. Әр талдың түбінде жапырағын шегіп, инесін құйып тұрған нашақорлар елестегендей. Сұмдық жер екен. Не адам жүрмейді. Не көзге ештеңе көрінбейді. Бірақ тарам-тарам жолдары өте көп. Картадан шеткі жолды таңдап алып төмен бірақ түстім. Кейін картадан өлшесем ұзындығы 3 шақырым екен. Бірді-екілі адамдар кездесті. Олар жұмыстан қайтып, Сүйінбай көшесінен Сейфуллин көшесін өткендер екен. Мынандай сұлу табиғат Алматының қақ ортасында, өндірістік базасы көп Рысқұлов көшесі жағында бар екеніне таңқалдым. Шынымен, Алматыда 20 жылдық тұрғыны ретінде мынандай ғажап тоғай бар екеніне білмейді екенмін. Енді ол жердің ауасы сұмдық екен. Бірақ кешкі серуенге адам келмейді. Неге? Себебі қорқады. Ну орман. Жарық, тротуар жоқ. Сол мезетте бұл тоғайды абаттандыру керек деген ой келген. Кейін интернеттен оқысам абаттандыруға, ойын алаңдарын салуға халық қарсы болыпты. Тоғайдың табиғи процесіне зиян келеді-мыс. Оған да іштей келістім. Шыны керек, көз нашар, жол іздеп, қараңғыда жүгіруім жайына қалды. Адастым кішкене. Сүйінбай жағында бірді-екілі адам кездесті. Парктің ішінде адам жоқ. Мауыққан мысықтар алдымнан жүгіріп шығып, есті бір аударды. Жалпы жабайы парк екен және өте әдемі", - деді ол тоғайдан алған әсері туралы (жазбада сөздер өзгертілмеген, сайт стиліне сай стильдік, әріптік өзгерістер енгізілген - еск.)", - деді ол.

"Дәретхана жоқтың қасы, түнде қорқынышты": жергілікті халықтың айтар өтініші бар

Тоғайдың жай-күйін білу мақсатында арнайы бардық. Серуендеп жүрген азды-көпті адамды да байқадық.

Көпшілік мұнда тазалық керек екенін жасырмады.

 "Тоғайға тазалық керек. Бірақ кеше еріктілер тазалап кеткен. Саябақта демалған керемет, десе де күтім қажет", - дейді серуендеп жүрген зейнеткерлердің бірі.

Тоғайдың ішінде құлап жатқан ағаштар да анық байқалады.

Бұл тұмса тұнық табиғатты көруге келетіндер тек Алматы тұрғындары емес. Қарағандылық Милена әлеуметтік желіден байқап, арнайы келген.

"Tiktok-тан видеосын көріп, Алматының көрнекі орындарының бірі болғаннан кейін Баум тоғайына арнайы келдік. Ауасы керемет. Бірақ басында кішкене адастық. Жол көрсететін нұсқаулықтар жоқ екен. Жергілікті тұрғындардың бірі жол нұсқап жібермегенде, жолымыздан адасып кетер ме едік?! Қаланың тіршілігінен, шуынан қашқан кезде бұл жақ тып-тыныш екен. Бірақ айтарлықтай өзгеріс қажет емес. Тек белгілер, орындықтар, қоқыс жәшіктерін қойса жетеді", - дейді қала қонағы.

Тоғайда демалып, ойнап жүрген кішкентай балалар да әдемі табиғатты өзгертетіндей ештеңе істеудің қажеті жоғын жеткізді.

"Мұнда күн түспейді, іші салқын. Паркке келіп демаламыз. Тек отырғыштар жоқ екені қиын. Дәретхана да аз. Шығар жерде дәретхана бар, бірақ біреу ғана", - дейді Кирилл есімді оқушы.

Ал Алматыда туып-өскен Анна Юрьевна парк бала кезіндегіден өзгеріске түскенін жасырмады.

"Бала кезімізде бұған қарағанда күтіммен ұсталатын. Жап-жасыл болатын. Паркте су да болатын, бақалар жүретін. Балалар суға түсетін. Абаттандыру жұмыстарын жүргізіп тұрса екен", - дейді ол.

Матен мен Әлия есімді ерлі-зайыпты жақын маңда тұратындарын, демалу үшін паркке жиі келетіндерін айтады. Тек жарық қойса деген өтініштері бар екен.

"Осы маңда тұрамыз, жиі келеміз. Тиіндері, таза ауасы, тыныштығы ұнайды. Балалар ойнайтын орындар болса дейміз. Жарығын реттесе екен. Өйткені түнде жарық жоқ. Жұмыстан қайтқан кезде осы тоғай арқылы өтеміз. Жалпы шаршағанда тоғайға келсеңіз жаныңыз тынышталады, шаршағаныңызды басады, энергия аласыз", - дейді олар.

Қала тұрғыны Абылай тоғайда қоғамдық дәретхана санын көбейту керек деген пікірде.

"Дәретханалар қойса екен. Тоғайға кірген кезде дәретхана бар екені жазылып тұрды. Алайда тоғайдың үлкендігін есепке алсақ, дәретхана жоқтың қасы. Кешқұрым қорқынышты болмауы үшін жарық қосса екен. Кейбіреулер кешке серуендеуі мүмкін, жүгіруі мүмкін. Сонымен қатар, тоғайға қатысты айтылатын түрлі қауесеттер де бар. Нашақорлар көп екені де айтылады. Бірақ кейін мұнда реконструкция жүргізілгенін естідім. Содан кейін қалыпқа келе бастаған секілді. Тротуарлар қажет емес, табиғи қалпын сақтау керек. Өйткені осылай әдемі, қызығырақ деп ойлаймын", - дейді алматылық. 

"Агрономның құрметіне Баум атап кеткен"

Бүгінде көпшіліктің сүйікті орнына айналған Баум тоғайының тарихы ертеден басталады. Әкімдіктің ресми мәліметіне сүйенсек, сонау 1854 жылдан бастау алады. Тұрғындар сол кезде қала шетіндегі мемлекеттік тоғайдан тегін көшет алып отырғызған.

Ал есімі атақты агрономның есіміне байланысты қойылған. 1868 жылы Верный қаласына агроном-ағаш өсіруші Эдуард Оттович Баум келген. Ол ғылым кандидаты дәрежесіне ие болған. 1877 жылы Э.О. Баум тоғайда селекциялық және отырғызу жұмыстарын басқарған.

Бұл кезде қала Верный деп аталған. Э.О. Баум қалаға жаңа өмір сыйлады десек те болады. Өйткені оның бастамасымен тоғайда төменгі тоған құрылып, арықтар салынған. Э.О. Баумның басшылығымен әр тоқсан сайын белгілі бір ағаш түрлері отырғызылған. Э.О. Баум тоғайдағы жұмыстарды сәтті аяқтағаннан кейін халық бірден саябаққа "Баум тоғайы" атауын берген.

"Жетісу өлкесінің губернаторы генерал Колпаковскийдің жеке қадағалауымен үлкен және Кіші Алматы станицияларының казактары тоғайға ағаш отырғызғаны айтылады. Губернатордың өзі ағаш отырғызуды қолдаған. Э.О.Баум Колпаковскиймен бірге айналма жолдарды өздері жүргізгені белгілі. Ол қала тұрғындарының демалатын орны, жаяу және атпен серуендейтін орны болды. Э.О.Баумның ең маңызды міндеті селекциялық жұмыс болды. Ол жасыл желек отырғызудың негізгі ұйымдастырушысы болды, Ресейде отырғызылатын материалды таңдады", - деп жазылған әкімдік жауабында.

Мұнда жапырақты ағаштардың 44 түрін, қылқан жапырақты ағаштардың 17 түрін және бұталардың 52 түрін әкеліп еккен. Э.О.Баум қаланы көгалдандыру мақсатында алғаш рет қарағаштың жабайы түрлерін отырғызған.

Баум тоғайы кімнің иелігінде?

Тұрғындардың талап-тілегін тыңдағаннан кейін Баум тоғайына қатысты Алматы қаласы әкімдігіне ресми сауал жолдадық.

- Тұрғындар тоғайда абаттандыруға, ойын алаңдарын салуға қарсы болғаны рас па?

"Баум тоғайындағы абаттандыру жұмыстары туралы тұрғындармен талқылаған кезде пікірлер екіге бөлінгені рас. Бірі қолдаса, басқалары тоғайдың сол қалпында қалғаны жөн деп санады. Қазіргі күні Баум тоғайын абаттандыру бойынша жоба әзірленіп жатыр, биыл шілдеде экспертизадан өтеді деп жоспарланып отыр", - деп жазылған әкімдіктің Massaget.kz-ке жауабында.

- Баум тоғайы қай мекеменің иелігіне жатады?

"Баум тоғайы" республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи ескерткіш саналады. Алматы қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысына сәйкес республикалық меншіктен "Іле - Алатау МҰТП" РММ балансынан Алматы қаласының коммуналдық меншігіне "Баум тоғайы" табиғи паркін қабылдау туралы шешім қабылданды. 2018 жылғы 20 ақпандағы қаулыға сәйкес 2017 жылғы қаулыға өзгерістер енгізілді, онда "Баум тоғайы" мемлекеттік табиғи ескерткішін республикалық меншіктен Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беру туралы шешім қабылданды.

Алматы қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы қаулыларына сәйкес "Медеу" мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне берілді. Тоғай аумағының жалпы ауданы - 137,7 гектар. 

"Медеу" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі" КММ-сі Алматы қаласы әкімдігінің 2001 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысы негізінде құрылған және 2002 жылғы Алматы қаласы Әділет департаментінде тіркелді. Мекеменің уәкілетті органы- Алматы қаласының әкімдігі, ал мемлекеттік органы - Алматы қаласының экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы", - деп жазылған әкімдіктің Massaget.kz-ке жауабында.

- Тоғайды кім қадағалайды, тазалық жұмыстары жүргізіле ме?

"Тоғай инспекторлары тоғайды күту, қоқыстарды жинау және басқа да шағын мерзімді жұмыстарды істейді. Қыс айларында қар мол жауып, көктемде еріді, олар бүгінгі күнге дейін тазартылып келеді. Орманшылық инспекторлары тұрақты негізде жаяу аралап, табиғат қорғау заңнамасын бұзу тұрғысынан, сондай-ақ, аумақтың тазалығын бақылау бойынша жұмыстар жүргізеді", - деп жазылған әкімдіктің Massaget.kz-ке жауабында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!



Бөлісу: