Хабар арнасы жаңа жылдан бастап көрермендеріне Өз үйім комедиялық телехикаясын көрсетуді жоспарлап жатыр. Бүгінде туындының түсірілім жұмыстары толықтай аяқталды. Осы орайда біз киноалаңнан фоторепортаж ұсынбақпыз. Туындының басты ерекшелігі барлық рөлдерді отандық шоу-бизнес өкілдері ойнайды. Қазақстандық телехикаялар тарихында алғаш рет осынша көп әншілердің басы қосылып, киноға түсуде. Картина Құдайбергеновтер отбасындағы қызықты жайттар мен қиындықтар туралы. Оқиға басты кейіпкерлердің үш ұлы мен келіндері арасында өрбиді. Ұлдарының жеке тұруына үнемі қарсы болатын отағасы Қанат Құдайбергенов шаңырағында әскери тәртіп болғанын қалайды. Сценарийдегі кейбір сөздердің орнын ауыстыруға тура келеді. Бізде таза актерлік тәжірибе болмағаннан кейін, кейбір көріністерге жылдам түсек, кейбірін бірнеше дубльмен түсірдік, - дейді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Қанат Құдайбергенов. Фильмде басты рөлдерді Қанат және Айткүл Құдайбергеновтер, Жанболат пен Жазира, Бүркіт пен Аиша және Арман Қоңыров пен Аша Матай сомдайды. Шаңырақтағы үш ұлдың да лауазымды қызметі бар, әрқайсы өр мінезді, айтқандарынан қайтпай қалған. Алайда үйге келгенде қатал әке алдында жуас, момақан болып қалады. Ал, бір үйде тұру үш келінге қалай деп ойлайсыз? Екі келіннің тыныштығын үшінші келін бұзады. Кіші ұлдың жары келін болып түскеніне аз ғана уақыт болған. Мінезі де тік, үлкен отбасыға қызмет көрсету қиын болып жүр. Оның үстіне алғаш танысқан күні Аша бәлішке таласамын деп Арманның анасымен аздап сөзге келіп қалғаны да бар. Ене мен келін арасындағы кикілжіңдер тек кіші келінмен ғана емес, жалпы отбасындағы өзге келіншектермен де болып тұрады. Бұл шаңырақта сан алуан оқиғалар болады. Бірақ, татулық пен бірлік, достық пен ынтымақ үйдің беріктігін ұстап тұрған басты қасиеттер. Әншілерді киноға түсіру өте қиын. Өйткені түсіру жұмыстары тоқтаусыз, кейде күні-түні жүруге тура келеді. Ал өнер адамдарының қолы бос бола бермейді екен. Алайда камера алдында өздерін жақсы ұстайды, дейді режиссер Әнуар Матжанов. Сонымен қатар әр сахнаға тыңғылықты әзірленеді. Айтатын сөздері мен іс-әрекеттерін алдын ала қайталап, сақадай дайындалады. Күнделікті түрлі қызықтарға тап болатын шаңырақтың өмірін Хабар арнасынан тамашалайсыздар.