"Есіңе мені алғайсың..." Мұқағали мәңгі мекендейтін Алматы

Жыл сайын ақпан айында Алматы аспаны Мұқағалиша мұңданып, Мұқағалиша күңіреніп, Мұқағалиша ойланып тұратындай. Бұл - "Бозарып атқан ақ таңда, Бозарып тұрып ақпанда, Есіңе мені алғайсың!" деп жырлаған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған айы. Алматы көшелері мен ғимараттарының Мұқағалисыз тыныстағанына жарты ғасыр өтсе де, оны еске салатын естеліктер, табаны тиген тұрағы мен өскен, өнген үйі тарих болып сөйлеп тұр. Мassaget.kz тілшісі Алматыдағы ақиық ақынның естеліктерін еске түсіріп қайтты.
Мұқағали муралы
"Түнгі Алматы тұманы ашылғанда,
Алатауға ай келіп асылғанда.
Нұр жанады, аспанның жұлдыздары,
Алматының үстіне шашылған ба?!" дейді Мақатаев Алматы жайлы.
Алматыда ақынның көп ғұмыры өткен. Қаладағы көп мекен ақынның талас пен тартысқа, өрлеу мен өсуге толы тағдырына куә болды. Алматыдағы ақын жайлы естеліктерді тізуді осыдан 4 жыл бұрын салынған Мұқағалидың муралынан бастауды жөн көрдік.
Ақиық ақын бейнеленген алып картина 2021 жылы Алматыдағы Шәріпов пен Мақатаев көшелерінің қиылысында орналасқан үйлердің бірінің қабырғасына салынды. Мурал Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының тапсырысымен Мақатаевтың 90 жылдығына орай түсірілген.
Муралдың көлемі - 190 шаршы метр. Оны Абай Сұлтан және Нұрболат Аманқұл есімді жас суретшілер қабырғаға түсірді. Авторлар отандық БАҚ-тардың біріне берген сұхбатында суретті салуға бес күн кеткенін және Мұқағалидай алып ақынның суретін салу олар үшін үлкен мәртебе екенін бөліскен еді.
Сондай-ақ суретшілер мурал үшін 50 литр бояу мен 100 аэрозоль құтысын пайдаланған.
Муралда ақиық ақынның "Табыт үні" атты өлеңінің бір жолы жазылған.
"...Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі - бөтен ғой,
Өмір дегенің - бір күндік сәуле екен ғой!..
Тамшыдай ғана, нұрына міне, зарықтым.
Өмір осы екен, сырына міне, қанықтым.
Жаса сен Мәңгі!
Жаса сен Мәңгі!
Жарық Күн!
...Табытпын, табытпын, табытпын..." деп жырлайды ақын.
"Жазылар естеліктер мен туралы..."
Ақынның есімі берілген тағы бір локация - Мұқағали Мақатаев алаңы. Ол Мақатаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында орналасқан. Ақынның ескерткіші бой көтерген саябақ 2002 жылы 16 желтоқсанда ашылған.
Айтса айтқандай, ақынның есімі аталған жердің бәрінде Мақатаевтың мінезі сезіледі. Ақпанның аязы шарпып, боран да бет қаратпады. Ақынның ескерткішін қар басып, мұз қатып қалған екен. Шама келгенше тазартып кетуге тырыстық.
Ақынның ескерткіші қоладан, ал шайырдың аты жазылған тұғыр граниттен жасалған. Композицияның жалпы биіктігі - 3 метр. Скульптура авторы - Нұрлан Далбай, ал ескерткіш архитекторы - Қайрат Манаев пен Расул Сатыбалдиев.
Саябаққа автобуспен бару үшін Мақатаев көшесінің бойымен №20, №40, №63, №113 бағыттарға мінсеңіз болады. Ал Желтоқсан көшесі арқылы №32, №92, №119 бағыттармен жете аласыз.
© суретте: М.Мақатаевтың ескерткіші
Саябақтың ортасында кітап алмасуға арналған орын буккроссинг орналасқан. Сыртынан ақынның темірден түйілген келбетін көруге болады.
"Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы..."деп жырлап кеткен еді ақын.
© суретте: ақын есімі жазылған буккроссинг
Мақатаев көшесі
Бұл - Мұқағали Мақатаев атындағы көше. Мақатаев көшесі бір кездері қала мен қала маңын екіге бөліп тұрған. Алматыдағы алғашқы трамвай бағыттарының бірі осы жерден іске қосылған еді.
Мақатаев көшесі қаланың Жетісу, Медеу және Бостандық аудандарында, Тянь-Шань көшесінен Байзақов көшесіне дейін, шығыстан батысқа қарай Горький саябағынан бұрынғы Алматы маргарин зауытына дейін 4750 метрге созылып жатыр. Ол Кіші Алматы өзені мен ірі даңғылдарды кесіп өтетін қаланың көлік жүйесіндегі ең маңызды күре жолы саналады.
© суретте: Мақатаев көшесінің тынысы
Көше Құлжа трассасына тікелей шығатын жол болғандықтан бұрын Құлжа көшесі аталған еді. Қазір де Мақатаев көшесі арқылы Құлжа және Талғар тасжолының жол айрығына жетуге болады. Кейін 1927-1991 жж. - әйгілі француз ғалымының құрметіне Луи Пастер көшесі аталды. Тәуелсіздіктен кейін Пастер көшесі Мақатаев атауына ауыстырылды.
Мұқағали тұрған пәтер
Келесі локация - Мұқағали Мақатаев тұрған пәтер. Ақын Алматыда өткізген 12 жылында үш пәтерде тұрыпты. Соның бірі, әрі ұзақ тұрақтағаны - Сырбай Мәуленов атындағы көшедегі №129-үйдің 20-пәтері. Бұл туралы Жұлдыз Мұқағалиұлы сұхбаттарының бірінде айтқан еді.
Ескі өңін жоғалтқан төрт қабатты ғимаратта Мақатаевтан өзге тағы бірнеше ақын-жазушылар тұрған. Ақынның ұлы суреттеген бағытты беттеп, көрсетілген мекенжайға жеттік. Мақатаевтың сырлы да мұңды ғұмырын өткізген, бақытты да, күйзеліске толы шағының куәгері болған шатыр осы екен.
"Біз бұрын Интернациональная деп аталған, қазіргі Сырбай Мәуленов көшесіндегі №129 үйге көштік. Пәтер нөмірі - 20. Ал 21-пәтерде Қуандық Шаңғытбаев ақсақал тұратын. Бұл үйдің үш бөлмесінде біз тұрсақ, екі бөлмесінде Тайыр Жароковтың үлкен ұлы Марат Жароков отбасымен тұрды. Біздің үстімізде жазушы Сафуан Шаймерденовтің, Ләйла Базанова деген академиктің үйлері болатын. Қазір сол төрт қабатты үй ғана аман тұр, себебі ол жерде Әбу Сәрсенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қуандық Шаңғытбаев сияқты ақын-жазушылар өмір сүрді. Осы үйде көп жылдар тұрдық", - дейді Жұлдыз Мұқағалиұлы бір сұхбатында.
© суретте: Мақатаевтың ескерткіш тақтасы
Жиырмасыншы пәтерге бет алып, үйдің үшінші кіреберісінің есігін аштық. Шыны керек, Мақатаев мекендеген үйдің сыртқы көрінісін ғана емес, ішін де көзбен көргіміз келді. Қашан да қонақжай қазағым Мұқағалидың естелігіне еріп жүрген бізге де құшағын жаяр деген сенімде болдық. Жыл сайын тоғызыншы ақпан жақындағанда соғылатын Мұқағали қоңырауын соқтық. Өкініштісі - есікті ешкім ашпады.
© суретте: ақын пәтерінің кіреберісі
Десе де, ақиық ақынның пәтерінің есігін қаққанымызды, оның табаны тиген кіреберісте тұрғанымызды жанымызға жұбаныш еттік. Талай қарымды қаламгерлердің өр туындылары туған төрт қабатты ғимараттың рухы да, мысы да басым болып сезілді.
"Бәрі де ұнасымды: Адамдардың барлығы бала-сынды.
Алаулаған Алматы тербеледі,
Қызғалдағы құлпырған дала-сынды.
...Есіме алдым ауылды, Қарасуды,
Сағыныштан көңілім аласұрды.
Қарасу да мейрамдап жатқан болар,
Салтанаты бойына жарасулы...
Тамашалап жатыр-ау таулы мекен,
Таулы мекен...
Жаныммен баулып өтем.
Бір уыс бұлт бір тамбай кетпеуші еді,
Қарасуға қар жауып қалды ма екен..." дейді Мақатаев Алматы жайлы тағы бір өлеңінде.
© суретте: Мақатаев пәтерінің кіреберісі
Тарих елесіне ілесіп, Алматыдағы ақын іздерін осылайша шолып қайттық.