“Ертегі дерсің“. Танымал фотограф Шығыстағы қысқы ауыл көрінісімен көпті таңғалдырды

“Ертегі дерсің“. Танымал фотограф Шығыстағы қысқы ауыл көрінісімен көпті таңғалдырды

Әлеуметтік желіде блогер, контент жасаушы, фотограф Ернар Алмабек Шығыс Қазақстан облысындағы Аршаты ауылының қысқы көрінісін жариялап, желі қолданушыларын тәнті етті. Massaget.kz тілшісі "ертегі" кейіптегі ауылды көзбен көрген фотографпен тілдесті. 

Қазақстан осы ауылдан басталады: суреттер

Ернар Алмабек Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Аршаты ауылының қыс мезгіліндегі тыныс-тіршілігінен бірнеше кадрлар жариялады. Қытымыр қыстың қылшылдаған аязы сиған сиқырлы суреттерді көрген жұрт ерекше таңданыспен таңдай қақты. 

фото: Ернар Алмабек

фото: Ернар Алмабек

фото: Ернар Алмабек

Бұл - фотографтың Алтай өңіріне алғашқы сапары емес. Ол осыдан 7 жыл бұрын Марғұлан Сейсембай ұйымдастырған "Nomad Explorer - Алтай қазынасы" экспедициясы кезінде Алтай өңірімен танысып қайтқан болатын. 7 күн бойы Шығыс Қазақстан облысының көрікті жерлерін аралаған фотограф Sayahat Time Үoutube жобасының алғашқы блогтарын осы аймақтан бастаған көрінеді.

"7 жыл бойы "Алтайға қайта барсам" деген оймен жүрдім. Бірақ жол түспей-ақ қойды. 2024-тің қарашасынан бастап неге екені, сол жақтан хабарласқан жан көбейді. Табиғаттың суреттерін жіберіп, Алтай жайлы постардың астына мені белгілеп кететіндер пайда болды. Әдетте көрермендерімнің көңілін қалдырмауға тырысамын. Сондықтан бұл бір белгі болар деген оймен Алтайға барамын деп шештім. Шыңғыстай, Аршаты, Берел ауылдарын 2018 жылы барған экспедицияда көргенмін. Сол кезде де бұл ауылдар мені қатты тамсандырған. Бірақ ол кез жаз еді. Мен Алтайдың қысын көруге келгендіктен, жаңағы ауылдарға тағы бір соғып кету артық етпес дедім", - деді Ернар Алмабек. 

фото: Ернар Алмабек

фото: Ернар Алмабек

Шығыстағы Шыңғыстай 

Ернар Алмабек сапарын алдын ала жоспарлап шыққанын айтты. Шыңғыстайда дүниеге келген жазушы Оралхан Бөкейдің тұрған үйі әлі сақталып тұрған көрінеді. Фотограф мұражай кейпінде тұрған жазушының үйімен де танысып, шығыс шаһарының ауасымен тыныстап қайтқан ерекше сезімімен бөлісті. 

"Күн сәулесі бірінші боп осы ауылға түседі. Бұл ауылдан тұрып қарасаңыз, бүкіл Қазақстан сіз үшін батыс боп саналады. Жалпы Қазақстанның қай өңірінде жүрсеңіз де халқымыздың қонақжайлығын байқайсыз. Шығыстың адамдары да сондай. Ал енді ауа райы жайлы айтар болсақ, қыстыгүні сәл қиындау. Қар жауса, жол жабылып, далаға шыға алмай қалуың мүмкін. Аязы қандай. Нағыз қыс осында екен деп қайттым", - деп бөлісті ол.  

фото: Ернар Алмабек

фото: Ернар Алмабек

"Жұмақ деген осы ма?"

Желідегі суреттерді көріп желпінген жұрт, табиғат ғажабын көзбен көрген фотографқа қызыға да, қызғана да қарағаны рас. Тұмса табиғаттың ғажабын сезініп, тым-тырыс болса да тынысы бөлек Аршаты ауылының ауасын жұтқан фотографтың әсері жайлы сұрадық.

"Аршатыны көргенде "жұмақ деген осы ма?" деген ойға келдім. Тау ортасында орналасқан. Бір жағында суы сарқырап Бұқтырма өзені ағып жатыр, бір жағы қалың орман екен. Тып-тыныш, басқа ауылдардан алыстау орналасса да жолы, жарығы, интернеті бар. Газ келмепті, бірақ орманнан қысқа деп отын беріледі. Үйлерін қарағайдан қиып салады. Ертегіге түскендей боласың. Көрші ауылдардан сұрастыра келе түйгенім, бұл маңдағы халқы ең тату ауыл да осы - Аршаты екен. Өздерінің қоры бар көрінеді. Ауылда бір келеңсіз жағдай бола қалса, сол қордан ақша бөліп, лезде мәселені шешіп жібереді екен", - деді Ернар Алмабек. 

фото: Ернар Алмабек

 Көркем контенттен мұрат-мақсатқа

Саяхатшы-фотограф желіде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауыл-аймақтардың табиғатын, көркем көріністерін жиі жариялап отырады. Көрген жан қызығар кадрларды контент қылған автордың бірнеше биік мақсаттары бар. 

"Ауыл - алтын бесік" деп айтамыз. Бірақ кейінгі 10 жылда Қазақстанда 600-ге жуық ауыл жойылыпты. Жыл өткен сайын ауыл халқының саны азайып жатыр. Оның негізгі себебі, әрине, әлеуметтік мәселеде. Дұрыс жағдайдың жасалмай жатқанында. Мысалы, дәл осы Қатонқарағай ауданында әлі де суды өзеннен алып ішіп отырған ауыл бар екен. Біріншіден, мен видеоларым арқылы осындай мәселелерге назар аудартқым келеді", - дейді автор. 

фото: Ернар Алмабек

"Екіншіден, контенттің дені қалада түсірілетіндіктен, қызықтың бәрі осы қалада деп ойлайды жұрт. "Ауылда жатып өмірдің ағынынан қалдым, қараңғылықта күн кешіп жүрмін" деп, Алматы, Астанаға немесе облыс орталықтарына асығатындар бар. Бірақ қаладағы өмір сол ауылдағы өмірден қаншалықты жайлы? Мен осы сұраққа жауап іздеп жүрмін. Дұрыс қадам жасап, ретін тапсаң, ауылда да жақсы өмір сүруге болады дегенді жеткізгім келеді. Мысалы, инновация тұрғысынан қала озып тұрғанымен, экология тұрғысынан ауыл жақсы емес пе?!", - деп қосты ол. 

фото: Ернар Алмабек

Сондай-ақ фотограф ішкі туризмді насихаттауды көздейтінін айтты. 

"Табиғаты тамаша, тарихы тереңде жатқан өлкелеріміз көп. Қазақтың бір ауылын алып қарасаң да көретін қызығы бар. Сондықтан тек шетелге ғана шығуды ойламай, ара-тұра өзіміздің осындай ауылдарды аралап, ішкі туризмді дамытайық", - дейді Ернар Алмабек.