"Еңбек ету қанымызға сіңген". Шымкент саудагерлерінің бір күні

"Еңбек ету қанымызға сіңген". Шымкент саудагерлерінің бір күні

Базардың күнделікті күйбең тіршілігінің артында қаншама адамның қилы тағдыры жатыр: олардың үміті, қиыншылығы, адал еңбегі тұр. Шымкент саудагерлерінің бір күні Massaget.kz тілшісі материалында.

"Айна" базарындағылардың бірі әңгімеден қашқақтаса, енді бірі тоқтап, әңгімелесуді жөн көрген.

Сауда нүктелерінің арасында анар шырынын жасайтын сатушы бар. Ақкөңіл сатушы әңгімеден қашпайды.

"Қазір сауда баяу, барлығының бағасы өскен. Бәрі қымбаттады. Мен маусыммен жұмыс істеймін, тек қыркүйектен сәуірге дейін, анар болған кезде ғана шығамын. Маусым аяқталып қалды, соңғы күндер жұмыс істеп жатырмын. Сауда жақсы жүрсе, күніне 15-20 мың табамын. Мен мұнда жұмысшымын, бұл менің саудам емес. Өзімдікі болса, күніне 50-70 мың теңге табуға болар еді. Қала шетінде тұрамын, күн сайын жұмысқа келемін, Шымкенттен 30 шақырым жерде тұрамын. Шымкент - Қазақстандағы ең тамаша қала. Осында дүниеге келдім, өмір бойы осында тұрдым. Мұндағы адамдардың түсінігі мол, көпшіл", - деді ол.

Көкөніс сатушы Бекзат та сауда қалай жүріп жатқанын айтты.

"20 жылдан бері базарда жұмыс істеймін. Қазір көкөніс сатамын. Сауда баяу жүріп жатыр. Өмір бойы осындамын. Шымкент - жақсы қала", - деп қысқа қайырды ол.

Тағы бір кейіпкер - жарма сататын 17 жастағы жігіт. Ол суретке түсуден бас тартса да, азды-көпті пікір білдірген.

"Шымкент - үлкен мегаполис, өте әдемі қала. Бізде көптеген саябақ, жасыл желек бар. Халқы мейірімді. Мектеп бітірдім, жуырда Алматыға оқуға түсемін. Бірақ Шымкентті бәрібір жақсы көремін", - дейді ол.

Келесі кейіпкер көкөніс пен жеміс сатады. Оның есімі - Гули.

"Мұнда 17 жыл сауда жасадым. Сауда жақсы жүріп жатыр, жаман емес. Осында жұмыс істеп, бала-шаға асырап отырмыз. Шымкентте тұрамын, бұл - Қазақстандағы ең керемет қала, онымен ешбір қаланы салыстыруға келмейді. Шымкентте ер адамдар көп жұмыс істемейді, әйелдер барлық күш-жігерін салып жұмыс істейді деп ойлаймын. Неліктен? Өйткені зауыттар жоқ. Кореяда болдым, ол жақта зауыт көп, сол жақта жұмыс істедім", - деді ол.

Оның жанында отырған, қолында ыстық наны бар 17 жастағы жігіт те пікір білдірді:

"Гүлзираның жанында жүк тиеуші болып жұмыс істеймін. Университетте бірінші курста, "Мираста" оқимын. Сауда жақсы. Шымкент халқы қарапайым. Кеткім келмейді, мұнда бәрі бауырмал".

Еркін есімді саудагер де сауда қандай деңгейде екенін әңгімелеген.

"20 жыл бойы базарда жұмыс істедім, ашылғаннан бері осындамын. Палау дайындайтын дүниенің бәрін сатамын: күріш, сәбіз, пияз. Менде лағман да бар. Сауда орташа, бірқалыпты жүріп жатыр. Ең жақсы күндер - мереке күндері, әсіресе, Наурыз, Айт. Сол кезде барлығы палау пісіреді. Ал той маусымында, беташар кезінде палау міндетті түрде қойылады. Дәмханалар, мейрамханалар, палау орталықтары менен күн сайын алады. Шымкент палауы барлық жерде танымал. Астанадан да адамдар келіп, біздегідей палауды ешбір жерде дайындамайтынын айтады", - дейді ол.

Еркін 50 жаста, өмір бойы Шымкентте тұрған.

"Қала өсіп, гүлденіп жатыр, дала қалаға айналып жатыр. Қазірдің өзінде мегаполис. Астана мен Алматыдан кейін үшіншіміз. Әдемі жолдарымыз бар. Көлік көп, адам да көп - бәрі жұмыс істейді. Еңбек ету бәрінің қанына сіңген. Кеңес заманында автобустармен жүретін, ал қазір әрбір отбасында үш-төрт көліктен бар. Халқы мейірімді, көп ұлтты. Әрқашан бір-біріне көмектеседі. Қалада жылу бар. Көшеде аш қалмайсыз, сізге кепілдік беремін. Сондықтан Шымкент өркендеп келеді", - деді ол.

Киім базарында Татьяна есімді саудагер жұмыс істейді. Оның бұл қалаға деген өзіндік, ерекше көзқарасы бар.

"Сауда әзірге тыныш. Мұнда жақында келдім, көпшілігінің өз клиенті бар. Жалпы жақсы, тұрған орным да жақсы. Өзім шымкенттікпін. Қала қатты дамыды. Әсіресе, жаңа аудандар дамып келеді. Бірақ тыныштық бермейтін мәселелер бар", - деді әйел.

Ол бұл жолы жергілікті тұрғын ретінде пікір білдірді:

"Ешкім жануарларға назар аудармайтыны жаныма батады. Үш ай ішінде 10 мың итті өлтірді дейді: атылған, уланған. Бұл - геноцид. Хайуанат қорғаушылары жанайқайын айтады, бірақ оларды естімейді".

Татьяна Түркияда бес жыл тұрып, елге оралған. Өзімен бірге екі мысық ала келген, үшеуін осы жақтан асырай бастаған.

"Жануарды лақтырып тастай алмаймын. Ол қоқыс емес. Бей-жай қарамаймын. Мен сияқты көп адам бар. Еріктілерді кіргізбейді, көмек берілмейді. ...Олар да қаламыздың бір бөлігі", - дейді ол.

Келесі кейіпкерлер - "Айна" базары ашылғалы бері ыдыс-аяқ сататын қос әріптес.

"Ыдыс сатамын. Сауда бірде бар, бірде жоқ. Бірақ бұл - сауда", - дейді олардың бірі.

Оның айтуынша, қазір супермаркет көп, ал кейбіреулер онлайн сатып алуға көшіп кеткен. Бірақ соған қарамастан "Айна" әлі де жақсы базарлар қатарында екен.

Мұнда ол 2008 жылдан бері жұмыс істейді және ешбір қала Шымкентке тең келмейтініне сенімді:

"Тек Шымкентте тұрар едім. Мұнда бәрі арзан, басқа қалаларда қымбатырақ. Кейінгі кезде ғана пәтерлер қымбаттай бастады, адамдар Астанадан да, Алматыдан да, ауылдардан да көшіп келе бастады".

Жергілікті тұрғынның айтуынша, Шымкенттегі жалақы мөлшері елорда мен Алматыдағы жалақы мөлшеріне қарағанда төмен, бірақ мұндағы адамдар басқаша: мейірімді, жарқын жүзді, әрқашан күлімсіреп тұрады. Ол "Шымкент - шуақты қала, мұндағы адамдар да сондай" деді.

Саудагерлер қаланың мәселелерін де айтты. Мысалы Байтұрсынұлы көшесі қалпына келтірілмеген. Жаңа аудандарға қатысты да бірқатар мәселе бар.

Жергілікті тұрғындарға жаңа аллеялар, демалыс орындары ұнайды, әсіресе, "қорқынышты бутиктер" алып тасталғанына риза.

"Көктем" базары да ретке келтірілсе, керемет болар еді", - деді олар.

Келесі кейіпкер - 72 жастағы София. Ол балаларынан айырылып, немерелерін жалғыз өсірген. Базарға келуінің астарында осындай сыр жатыр. Қазір зейнеткер көкөніс, жеміс және дәмдеуіштер сатады.

"Бүгін тіпті сауда жоқ. Бірақ бос жүргім келмейді. Жасым жетті, үйде отырғаннан гөрі осында болғаным жақсы", - дейді ол.

София 1972 жылы Шымкентке қоныс аударған. Ол - бұрынғы педагог, бейорганикалық химик, университетте және комсомол комитетінде жұмыс істеген. Астраханьдағы қыздар пансионатында оқыған.

"Балаларым қайтыс болды. Немерелерім жалғыз қалды, сондықтан осында көшіп келдім. Ол кезде кішкентай болды, қазір барлығы өсті. Ең кішісі бірінші курста, тағы бірі екінші курста, бірі төртінші курста, біреуі бітірді", - деді ол.

София Шымкентті жақсы көріп кеткенін мойындайды, ол бұл жерден ешқайда кеткісі келмейді.

"Бұл қаладан жақсы жер жоқ. Барлығы оңтүстікке қарай ағылып жатыр. Қазақ екенімді мақтан тұтамын. Немерелеріме де: "Құдай сақтасын, бірдеңе бола қалса, ешқайда кетпеңдер" деп отырамын. "Бұл - сендердің Отандарың, ата-бабаларыңның Отаны" деймін", - деді ол.

Келесі кейіпкер бірден кісі назарын аударады. Ақ костюм, ашық макияж, ұзын маникюр ет кесуге кедергі болмаған. Саудагердің аты - Марго, ол 55 жаста.

"Он жылдан бері осындамын. "Айна" ашылғаннан бері жұмыс істеп келемін. Сауда жақсы, тұрақты клиенттерім бар", - деді ол.

Маргоның айтуынша, қала өзгерген, гүлдене түскен. Бірақ оның жанына ауыл өмірі жақын екен.

Осындай жандардың арқасында Шымкенттен әрқашан қонақжайлық сезілетін шығар, сірә... Бастысы қалада тіршілік қайнап жатыр.

"Еңбек ету қанымызға сіңген, бәрінің сыры осыда", - дейді олар.

Суреттер: Рабиға Дүйсенғұлова

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының жұртшылығы алдында сөз сөйлеп, қала туралы "ауа райы да, адамдары да ерекше" деген еді.