Елорда 17 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтті. Бүгінде Астана қаласының дамуы мен өркендеуі қонақтар түгілі, қала тұрғындарын да таңдандырумен келеді. Тарих үшін 17 жыл қас-қағым сәт. Алайда осындай қысқа мерзімде құла даладан құбылаға бет түзеген, сәні мен салтанаты жарасқан, сәулеті талайларды тамсандыратын Астананың бой көтеруі егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі. Астана - еліміздің күш-қуатын әлемге танытқан қасиетті орда болды. Биылғы Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралар даЕл жүрегі Астана деген тақырып негізінде өрбіді.Мерекенің басты ерекшелігі өткізілетін іс-шаралардың дені ғимараттарда емес, ашық алаңдарда ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары мен қонақтарының мерекелік қойылымдарға қатысып, еркін тамашалауына жол ашты.Ал біз сіздергеmassaget.kzсайтының арнайы фоторепортажын ұсынғалы отырмыз. 2015 жылғы Астана күнін тойлау мерекесіне арналған іс-шараларды 500 мыңдай адам тамашалайды деп күтілген болатын. Расында да алдын-ала күтілген көрсеткіш кем болды деп айтуға келмейді. 4 шілде күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйлеп ашып берген іс-шаралар үш күн бойы көрермендеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білді.Ал 6 шілде күні қазақ елі Президентімізге де зор денсаулық тілеп, меркелік-іс шараларда туған күнімен құттықтады. 17 жылдығын атап өткен Астана төрінде биыл бірінші халықаралық жекпе-жек өнері фестивалі, лазерлі-пиротехникалық шоу, әлемдегі би өнерінің озық өкілдерінің қатысуымен өткен экстрим-шоулар, иллюзионистердің сиқыры сынды шаралар алғаш рет ұйымдастырылды. Биылғы мерекені ұйымдастыруға 4,5 мың адам жұмылдырылған. 6 шілде күні өткен іс-шараларға келушілердің саны көп болды. Хан Шатыр мен Бәйтерек аралығы - нағыз мереке алаңдарына айналды. Мыңжылдықтар тоғысындағыАстана көшпенділер өркениеті фестивалі аясында көрермендер түрлі өнер иелерінің өнерін тамашалады. Ұлттық киімде киінген арулар сирек тұқымды тазыны жетектеп, қонақтармен суретке түсті. Ханшатыр жанындағы алаңда киіз үйлер тігіліп, түрлі ойындар ұйымдастырылды. Олардың қатарында ұлттық ойындарымыздың бірі тоғызқұмалақ та болды. Бүркіт ұшырып, ителгі асырайтын құсбегілер де өз өнерлерімен бөлісті. Ал айтысты сағынған жұрт, ақындардың сөз сайысына көптеп жиналды. Наурыз мейрамындай тойланған мерекеде қонақтарға арнайы отыратын көрпелер де жайылған. Келушілер бір ауық демдерін басып, ұйымдастырушылар өнерін сырттай тамашалады. Мерекелік іс-шаралар алаңында орналасқан түрлі мүсіндермен суретке түсушілердің саны көп болды. Астананың 17 жылдық мерейтойы да естелік суреттерге айналып жатты. Түрлі жан-жануарлар мен мультфильм кейіпкерлерін де көшеден кездестіруге болады. Олардың қатарында жатғаламшарлықтар да бар. Ал мына кейіпкерлермен суретке түсу үшін, ақша төлейсіз. - Бір суретке түсу - 500 теңге... Мерекелік алаңнан тірі мүсіндерді де кездестірдік. Тас мүсінге айналған бұл кейіпкерлер Астана тұрғындары мен қонақтарын бір таңдандырды. Олар қатқан қалпында қанша уақыт келушілермен бірге суретке түсті. Не деген темір төзім десеңізші?! Мереке алаңдарында ата-анасынан адасып қалған балалар да микрофон арқылы хабарланып жатты. Астана күні - отбасылық та мереке. Әсіресе, жас бүлдіршіндер үшін де айтулы мерекелердің бірі. Мереке күні - Астанада күн ыстық болды. Үлкені бар, кішісі бар, барлығы субұрқақ маңына жиналып, бір сергіп алып, мерекені жалғастырды. Хан Шатыр мен Бәйтерек арасындағы көрікті ғимараттарды біз де назарымыздан тыс қалдырғымыз келмеді. Қаз Мұнай Газ ғимараты мен Хан Шатырдың үйлесім тапқан көрінісі. Бұл көрініс бізді де бір таңдандырды. Астананың символына айналған - Бәйтерек. Бәйтерек және көкпен тірескен зәулім ғимараттар. Астанаға келген қонақтардың міндетті түрде ат басын бұратын мекендерінің бірі. Астананың көрікті бұл көрінісін тамашалауды біз де кейінге шегерген жоқпыз. Аспанмен тілдескен алып ғимараттың бір көрінісі біздің назарымызда. Астана күні мерекесіне арналған іс-шаралар Ақорда маңында да ұйымдастырылды. Ал бұл көріністе суретке түсу үшін кезек күттік. Осылайша келген қонақтар мен қала тұрғындарына ерекше қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған Астана күні де өте шықты. Биыл Елорда күнін атап өту аясында Астана қаласында 100-ден астам бірегей мерекелік мәдени шаралар ұйымдастырылып, соңы мерекелік отшашумен аяқталды. Қала тұрғындары мен қонақтары асыға күткен отшашу қаланың бес нүктесінен әуеге атылды. Eңсeлі Eлорда! АсқақтағанАстана! Туған күнің құтты болсын!