Қарағанды облысында бір қорғаннан қола және ерте темір дәуірлеріне тиесілі жерлеу орындары табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өңір әкімдігі мәліметінше, Абай ауданында археологтар бір қорғаннан екі тарихи кезеңге тиесілі жерлеу орындарын анықтаған.
Көне дәуірдің құнды жәдігерлері Құлайғыр ауылы маңындағы Құлайғыр-1 қорымында жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде табылған.
Зерттелген нысан - диаметрі шамамен 10 метр, биіктігі 40 сантиметрге дейін жететін дөңгелек пішінді қорған. Топырақтың үстіңгі қабаты алынғаннан кейін археологтар үш-төрт қатар болып қаланған тас тақталардан құралған қоршауды тапқан. Оның ішкі бөлігінде тас үйіндісі орналасқан.
Зерттеушілер қорғанның дәл ортасынан Тасмола мәдениетіне жататын ерте темір дәуірінің жерлеу орнын анықтаған. Марқұмды жерлеу ингумация дәстүрі бойынша орындалған: адам шалқасынан жатқызылып, сүйегі солтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс бағытқа қарай бағдарланған. Табылған жәдігерлер қатарында қола айна, белдік бөлшегі бар.
Алайда археологтар үшін басты жаңалық бұдан да терең қабаттан табылған. Тас үйіндісінің астынан орта қола дәуіріне жататын, біздің дәуірімізге дейінгі XVIII-XVI ғасырлардағы Нұра мәдениетінің көне жерлеу орны анықталған.
Жерлеу құрылысы тас циста түрінде жасалып, солтүстік-оңтүстік бағытқа қарай орналастырылған. Марқұм кремация дәстүрімен жерленген: өртенген сүйек қалдықтары оңтүстік бөліктен табылған.
"Бір қорғанның ішінен екі түрлі тарихи кезеңге жататын жерлеу орындарын анықтадық", - деді Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Тілеуов.
Археологтар қосымша табылған жәдігерлер арасынан Нұра мәдениетіне тән геометриялық өрнекпен безендірілген қыш ыдыстардың сынықтарын, қола қапсырманы және өрнектелген тағы бір ыдыстың бөлшектерін тапқан.
Енді табылған артефактілер зертханалық сараптамаға жіберіледі. Ғылыми зерттеулер ежелгі орталық Қазақстан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен жерлеу дәстүрі туралы жаңа дерек алуға мүмкіндік береді.
Суреттер: Қарағанды облысы Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы