Әлеуметтік желі мен БАҚ-та Атырау облысында жоғалған отбасыға қатысты түрлі дерек айтылып жатыр. Оқиғаның мән-жайын білу үшін Massaget.kz бүтін бір отбасы жұмбақ жағдайда жоғалған Жангелдин ауылына арнайы барды.
25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына қала тұрғынынан ағасы мен оның отбасы бір айдан аса уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз түскен.
6 қаңтарда жоғалған ерлі-зайыптының сүйегі сарайдан табылды.
Марқұмдардың ұл-қызы әлі іздестіріліп жатыр. Туыстары екеуінің аман-есен табыларына үміттеніп отыр.
"Мейрамгүл мен Наурыз табылса екен дейміз. Олар өлі-тірі екенін білмей отырмыз. Ағамыз бен жеңгемізді тауып, жер қойнына тапсырдық. Өте қиын. Мұндайды ешкімнің басына бермесін! Бір отбасын түгел құрту деген кімнің ойына келді?! Малы - бәрі қалды. Наурыз тірі табылса, шаңырақтың есігі жабылмай, кіріп келер едік. ...Ауылдың іші әзірге тыныш. Әлі де іздейтін жұмыстар бар сияқты", - деді жоғалған отбасының туысы Ләззат Кенжеғалиева.
Жоғалған жандардың жақындары осы отбасының тағы бір қызы - Ақбаян туралы да айтты. Туысының сөзінше, Ақбаян Ақтөбеде заңгер мамандығы бойынша білім алған. Кейін тұрмысқа шығып, дүниеге бес бала әкелген.
"Бесінші балада қызымыз ауру болған. "Есін білмейді" дейді. Жеңгем де айтып жүрді. "Ақбаян соның (күдікті күйеу баланың - еск.) қасында" дейді. Екеуі де хабарсыз", - деді марқұмдардың туысы.
Қазір бұл отбасының үйінің, сарайының есіктері мөрленген.
Бұған дейін Жангелдин ауылында қайтыс болған ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті - Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны.
Күдікті Сұлтан Сәрсемалиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелген.
Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысының Полиция департаменті жүргізеді.
Мәтіні: Әлібек Шынтемір
Суреттер: Болат Айтмолда