"Бұл бізде дамымаған сала". Құлақсыз туған балалардың арманын орындайтын дәрігер

"Бұл бізде дамымаған сала". Құлақсыз туған балалардың арманын орындайтын дәрігер

Пластикалық хирургияның ішінде құлақ пластикасы деген жеке сала бар. Оны "отопластика" деп атайды. Отопластика – құлақтың пішінін, көлемін өзгерту. Ал құлақсыз туатын балалардың ауытқушылығын "микротия", "атрезия" деп атайды.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемде 10 мың баладан бір бала құлақ кемістігімен дүниеге келеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 3 мыңнан астам адам есту жолының микротия мен атрезиядан зардап шегеді. Оның 800-ге жуығы ота жасауды қажет етеді.

Елімізде бұл пластикалық хирургия түрі дамымаған. Сол салаға үлес қосу жолында білім алып жүрген азаматтың бірі – Тимур Жұмабаев.

Тимур Романұлының жасы 30-да. Алматы облысы Райымбек ауданы Жалаңаш аулының тумасы. Үйдің тұңғышы. Қарындасы мен інісі бар. Анасы ауылда тұрады. Мұғалім болып жұмыс істейді.

Тимур кішкентайынан білімге құмар болған, мектепті де үздік оқыған.

"Басқа ауылдағы отбасылар секілді ешкімнен айырмашылығымыз болмады, әже тәрбиесін алғам, сол кісінің қолында өсіп, әке-шешем білімге баулады. Кішкентай кезімнен, білім – бұл дүниедегі сенен ешкім ұрлап, тартып ала алмайтын алтын қазына екенін түсіндім", - дейді ол.

Ол 15 жасынан бастап дәрігер болуды армандаған.

"11 сыныптан бастап төрт дос медицинаға тапсыру үшін дайындалдық. Төртеуміз де оқуға түстік. Қазір оның бірі - гинекология бойынша мықты маман. Екіншісі - емхана бөлімінің меңгерушісі, үшіншісі - Медеу ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы. Ең жас басшылардың бірі. Бәріміздің жақсы білім алуымызға метебіміздің директоры Несіпхан Медальханованың көмегі зор. Ол директор кезде қолынан талай білімді оқушы шығып, қазір елімізде әр салада қызмет атқарып жатыр", - дейді Тимур.

Кейіпкеріміз мектептен кейін С.Д.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетіне түскен. Медицина мен бірге әскери кафедраны да оқып, лейтенант шенін алған. 2016 жылы Қарағандыда кеңсе командирі дәрігері ретінде бес жыл қызмет атқарып, капитан шенімен запасқа шыққан.

"Армияда жүріп көп адаммен араластым. Әскердің ең алдымен үйреткені – тәртіп. Кейін өмірімде оның көмегі көп тиді", - дейді ол.

Содан кейін пластикалық хирургия бойынша іріктеуден өтіп, бүгінде қайтадан білімін жетілдіріп жатыр.

"Оқып жүріп "Амира" пластикалық хирургия орталығындағы Үсен Жүнісұлымен таныстым. Ол кісі де запастағы полковник. Өзбекстанда, Германияда оқыған тәжірибелі маман. Сол кісі осы орталыққа шақырды. Қазір Данияр Қайратұлы мен Үсен Жүнісұлынан білім алып жүрмін".

  

"Біз осы жерде ота жасаймыз, кейде күрделі оталарды басқа клиникаларда жасаймыз. Алматыда оның өзі санаулы ғана. Күрделі оталарға жай хирургия деген сертификат жарамайды, оған пластикалық хирургия деген рұқсатқағаз керек", - дейді ол.

Бұл радиотолқынды құрылғы. Өте қымбат тұрады

"Бұл құрылғы кесуге және қанды тоқтатуға арналған. Өте нәзік, шаштың бір талынан да жұқа етіп кеседі. Кішігірім оталарға жақсы, қолданғанға ыңғайлы", - дейді дәрігер.

Григоревская Ольга Ивановна бұл орталықта жұмыс істеп жатқанына 15 жыл болған, тәжірибелі медбике

"Алматыда туып-өстім. 1985 жылы медициналық оқу орнын бітірдім. Көптеген емханада қызмет атқардым. 15 жылдан бері осы пластикалық клиникада жұмыс істеп келемін", - дейді ол.

Тимур болашақта құлақ отасы бойынша маман болғысы келеді. Көктемде Ташкентте оқып, тәжірибеден өтіп келген. Енді Мәскеудегі білікті мамандардан сабақ алуды жоспарлап отыр

"Мәскеуде реконструктивті хирург Герля Асирова деген құлақ бойынша білікті маман бар. Содан сабақ алғым келеді. Одан кейін Лос-Анджелесте реконструктивті хирург Иоссеф Тахириден шеберлік дәрісін алсам деймін. Өйткені, құлақсыз туатын балалар көп. Оларға қабырғадан шеміршек алып, құлақ етіп жасайды. Ол бір емес, екі-үш отадан тұрады. Қазақстанда пластикалық хирургияның бұл түрі дамымаған. Көбіне АҚШ-тан келіп жасайды. Ал қазақстандық ата-аналар балаларын шетелге шығарайын десе бұл қызмет түрі қымбат", - дейді ол.

Кейіпкеріміз қазір де бірнеше отаны сәтті жасаған жас маман

Тимур адамның өзінен алынған шеміршекті құлақ етіп жасағаннан кейін, ағза оны бірден қабылдайтынын айтады.

"Құлақ жасаудың екі түрі бар. Біріншісі - табиғи. Оны жаңа айттық. Екіншісі силиконды дайын құлақ. Шетелдерде оны көбірек пайдаланады", - дейді ол.

"Қоғам өзгеруде, бұрындары бәрі бастық, үлкен жерлерден көрінгісі келетін. Қазіргі таңда креслода отырып басқарғаннан бір істің мықты, білікті маманы болып, сол ісіңді сүйсең, соның өзі алға қойған үлкен мақсаттарды бағындырып, бақытты болуға жеткілікті деп есептеймін", - дейді Тимур.

"Біздің мемлекетте қазір ең қызықты сәттер болып жатыр деп есептеймін. Совет одағының тәрбиесін көрген кісілер, "Болашақ" бағдарламасымен шетелді көрген мамандар, 90-жылдардың қиыншылығын көрген адамдар және біз секілді өзімізде өсіп-өнген жас мамандар – бәрі араласып, елдің аяққа тұруына көмектесіп жатырмыз. Барлығымыз бір миссияны орындауымыз қажет – ел бірлігін ұстап, халқымыздын көркеюіне барынша ынтамызды салуға, жастарға барынша білім беруге шақырамын. Білімді азаматтар еліміздің болашағының кепілдігі деп санаймын", - дейді Тимур.