Будапешт қаласына саяхат
"TurkishAirlines" және "Robinson tours" ұйымдастырған Венгрия сапарының екінші бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Әлемде ең бірінші болуға ұмтылатын ел талай қызығымен есте қалды. Сан ғасырлық көне ғимараттар мен мәдениеттің берік ошағын сақтап қалған мажарлар бір көргеннен ғашық болатындай қала тұрғызған екен. Дунай өзенінің оң жағында Будай және сол жағалауында Пешт қаласын керемет үйлестіріп салған. Негізінен Будай қаласы ескі корольдіктен қалған ғимараттардан тұрса, Пешт бөлігі қазіргі заманауи күйде. Осы бір ғаламның ғажайып қалаларының бірі туралы хабардар болыңыздар.
Еуропаны аралағанда көліктің пайдасы зор екенін бірден аңғардық. Әрбір Еуропаға келген адам білмегенімен, шет елге көп шығатындар жақсы біледі. Біздің ақпараттық турымызға "Robinson tours" атты тамаша көлік себепші болды. Егер шетелде ойдағыдай демалғыларыңыз келсе, жалға көлік алсаңыздар тиімді әрі ұтымды болады.
Қаланың ерлер саябағы. Бұрынғы батырлардың ескерткіштері орнатылып, ортасында қос қанаты бар адам бейнеленген. Бұл картинадан ел басқарушы қашанда биік әрі кіршіксіз болатынын ұғамыз.
Туристердің демалуына жақсы жағдай жасаған мажарлар саябақтардың маңайына, арнайы демалыс орындарына ескі көлік, кішкентай пойыздар мен қызықты арбаларды жалға алуға болатындай етіп жасап қойған екен.
Ерте кездегі Мажарстан халқы үшін аянбай тер төгіп өздерінің ерлігімен көзге түскен батырлардың ескерткіші.
Мажар халқының 64 пайызы католиктер, ал қалғаны протестанттар. Будапешт қаласындағы ең үлкен қасиетті Иштван Базилигі. Мұнда келіп суретке түсушілер мен өз діні бойынша шоқынатындар саны жетерлік.
Мұнда үйлердің дизайндарынан бөлек, балкондарының да ерекшеліктері бар.
Қонақ үйлерінің сырты ескі болғанымен, ішіне кірсеңіз мүлде бөлек. Ерте ғасырдағы ғимаратты әсем мейманханаға айналдыра білген жұртшылық қандай таптағы адам келсе де, аяқтан тік тұрып қызмет етеді.
Будапешттің биіктен қараған көрінісі. Үйлердің басым бөлігі зәулім ғимаратты болғандықтан, ағаштар аса көзге іліне бермейді.
Әрбір қойылған ескерткішке түнде жарық түсіріліп, қаланың сәнін келтіреді. Назарларыңызда мажарстанның танымал әншісі Роза Дериннің мүсіні.
Қос қаланы жалғап тұрған көпір. Дунай өзенінің үстінен 9 көпір салынған. Оның жетеуі автокөлікке арналса, екеуі темір жол тасымалы үшін жасалған.
Тиын салып, қаланың ескі келбетіне көз жүгіртуге арналған қондырғы.
Ескі дизайнмен жасалған Парламент үйінің көрінісі. Дунай өзенінің жағалауына ерекше көрік береді.
Мұнда ұлы тұлғалардан бөлек, әртүрлі қызықты мүсіндер бар. Қала көшелерін аралап жүрген туристер өздерінің қиялын қосып сан түрлі фотоға түседі.
Көне ғасырдан бері үлгісі өзгермей сақталған корольдік қамал. Әлі күнге дейін адамдарды тамсандырып келеді. Бүгінгі таңда ғимараттың ішінде ұлттық галерея мен граф Ференц Сеченьи атындағы кітапхана мен ерте кездегі құндылықтары бар мұражай жасалған.
Көздің жауын алар таңғажайып көрініс.
Ең алғаш электро пойыз осы жерден жүрген. Мұнда сәулет өнерінің сол уақыттан-ақ мықты дамығаны бірден білінеді.
Көптеген ескерткіштерге назар аударсаңыз, қолбасшылар мен биліктегі адамдар жоғары бағаланатынын аңғарасыз. Мұның өзі елдің мұңын мұңдап, халқы үшін аянбай еңбек еткенін көрсетеді.
Мажар тілінде "Rendor" деп құқық қорғау қызметкерін айтады. Назарларыңызда бұрынғы полиция мекемесі. Қазіргі күнде ішіндегі барлық жиһаз сақталып, мұражайға айналған.
Егер мұнда жолыңыз түсе қалса, қолшатырыңызды ұмытпаңыз. Себебі таулы аймақтың ауа райы да құбылмалы.
2014 жылы ашылған Абай ескерткіші Қазақстанның зор беделін білдіреді. "Астана" көшесінің бойындағы ғажайып мүсін келген отандастарымызға ғажап жігер сыйлайды.