"Бірінші қабаттан екінші қабатқа тамақ жеткіздім" - Курьердің әңгімесі
Заманауи өмір қарқыны, әсіресе ірі қалаларда үйден тамақ істеуге мүмкіндік бермейді. Қазір адамдарда уақыт жоқ. Кейде қаланың қарбалас тіршілігінен демалғысы келеді. Тамақтану мәселесі кәсіпкерлерді бұл жағдайдан қалай шығуға болатынын ойлауға мәжбүр етті? Шешім ретінде жеткізу қызметі пайда болды. Бүгінде біз үйде болсын, кеңседе де бірнеше минут ішінде тағамға тапсырыс бере аламыз.
Ең бірінші тамақ жеткізу 1889 жылы пайда болды. Оны Неаполь пиццериясының иесі және аспаз Рафаэле Эспозито жүзеге асырды. Ол өзінің дәмді пиццасын итальян патшасы мен патшайымына әкелген. Олар Неапольге сапармен келген болатын, бірақ пиццериядағы түскі ас жоспарларында жоқ еді. Содан кейін тапқыр Эспозито пиццаны өзі жеткізуге шешім қабылдаған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жеткізу қызметі Еуропадан әлемге таралды.
Қазақстанға бұл қызметтің жеткеніне көп бола қойған жоқ. Ал АҚШ дайын тағамды тұтынуда көшбасшы саналады. Америкалықтардың жартысына жуығы тағамды үйге жеткізуге тапсырыс береді. Еуропада бұл әдет сирек кездеседі, бірақ Ұлыбританияда халықтың 7% қосымшалар арқылы тағамға тапсырыс береді.
Қазақстан нарығына осы қызмет түрі кіргеннен кейін тағам немесе басқа да заттарды жеткізуші адамдар пайда бола бастады.
Соның бірі – Ерхан Байтұрсын. Жасы 24-те. Түркістан облысының тумасы. 1 жылдан бері жеткізу қызметінде жұмыс істеп келеді. Ерхан Сейілханұлы үйдің тұңғышы. Өзінен кейін екі інісі, екі қарындасы бар. Ата-анасы ауылда тұрады. Анасы мұғалім, әкесі вахталық жұмыста істейді. Өзі болашағына ақша жинауға талпынып жүр. Күніне 8 сағатта 10-15 мың теңге табыс табады.
«Мен бұл қызмет түріне інім арқылы келдім. 2 жас кіші інім студент кезінде «Яндекс еда» жеткізу қызметінде жұмыс істей бастады. Бәрі содан басталды. Яндексте одан кейін Glovo мен Wolt-та істедім. Әрқайсысының өз заңдары бар, тест пен кездесу болады. Саған клиенттермен қалай сөйлесу, жолда қалай жүру керегін үйретеді», - дейді ол.
Жеткізу қызметінде таңдаған аймағыңа байланысты мекен-жайға тағам жеткізіледі.
«Алғаш жұмысқа кіргенде «жаяу, мопед, велосипед және машина» деген статустар тұрады. Таңдауыңа қарай жеткізу қашықтығы да белгіленеді», - дейді ол.
Мысалы, Ерханның бірінші қабаттан екінші қабатқа тағам жеткізген кездері де болған.
«Бірде мейрамханадан тапсырыс түсті. Барып алғасын қарасам, дәл сол ғимараттың екінші қабатына жеткізу керек екен. Оның себебі адамның жалқаулығынан емес. Қазір Алматыда туристер көп. Білмейді. Көшеде көп кездестіресің. Олар жеткізу қорабында жазылған компания атауын көріп қалып, соның қосымшасын жүктеп алып жатады», - дейді ол.
Ол басқалар сияқты 12-14 сағат жұмыс істеп, денсаулығынан айрылғысы келмейтінін айтады.
«Айына 500 мың теңгеге дейін табуға болады. Бірақ ол үшін машина немесе мопед керек. 12 сағаттан артық жұмыс істейсің. Өзімді олай қатты қинамаймын. Айына шамамен орташа табысым – 300 мың теңге», - дейді Ерхан.
Жеткізу қызметінде қызық оқиғалар да болып тұрады. Ерхан өзінің басынан өткен оқиғалардың бірін айтып берді.
«Бір күні маған 15 мың теңге KFC-ге тапсырыс түсті. Жазылған мекен-жайға келдім. Көрсетілген ғимаратты таппадым. Анықтай келгенде жүйеде қате кеткен екен. Тура сол көше Астанада да бар, бірақ тапсырыс қабылданғанда Алматы болып өзгеріп кеткен. Ол кезде машинамен жүр едім. Бұндай қателік кезінде жеткізу қызметінің компаниясы клиентке ақшасын қайтарып береді де, тамақ курьердің өзінде қалады. Қайтарып апарып бергеніңмен алмайды. Өмірімде алғаш рет KFC-ді солай 3 күн жегенмін», - дейді ол.
Қазір Алматыда ресейліктер көбейіп кетті. Олар көбіне тапсырысты яндекспен береді екен. Жеткізу қызметіне жұмысқа кіргенде киім мен қорапты өздері береді. Бірақ тегін емес.
«4 маусымның да киімдерін береді. Бірақ ақылы. Киімдер 2-3 мың теңгенің айналасында. Қорабы 15 мың теңге. Бәрін алатын ақшаңнан қайтарып қалады», - дейді ол.
Ерхан «Яндекс едада» көлікпен жұмыс істеген. Бірақ көліктің шығыны көп болғасын сатып жіберген. Қазір велосипедпен нәпақасын тауып жүр.
«Алматы кептелістің қаласы. Кешке қарай тағамды велосипедпен көлікке қарағанда тез жеткізесің. Бір жағынан ыңғайлы, шығына да аз», - дейді Ерхан.
«Қалада веложолдар санын көбейту керек. Керісінше, «веложолды жауып, көлік жолын кеңейту қажет» деп айтып жатады. Бұлай істесе де кептеліс азаймайды. Жасыл қала деп жатырмыз ғой, адамдар жұмысқа велосипедпен бару керек. Сонда ғана кептеліс мәселесін шеше аламыз. Бір жағынан денсаулыққа да пайдалы. Кейінгі кезде веложол көбейіп жатыр. Мен оған қуанамын»
«Алматы ірі мегаполис болғасын бәрі асығыс. Жылдам жүреді. Мопедпен жүріп көлікке соғысатын жағдайлар жиі кездеседі. Жеткізу қызметінде апатқа ұшырағаннан кешігіп барған дұрыс деп үйретеді», - дейді курьер.
Ерханның алдына қойған мақсаты шетел аралап саяхаттау. Қазір арманын орындау үшін ақша жинап жатыр.
«Жас кезіңде саяхаттағанға не жетсін. Қазақта асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп» деген сөз бар», - дейді ол.