Брежнев немесе Республика алаңы. Тарихи оқиғалар өткен алаң осы жылдар ішінде қалай өзгерді?
Ел тарихында қалған ызғарлы көтерілістің бірі, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының өткеніне 37 жыл болды. Massaget.kz тілшісі ел егемендігі үшін қан мен қасіретке толы алаңның бұрынғы және қазіргі кейпін салыстырып көрді.
Көтеріліс қашан және қайда басталды?
1986 жылы 17-18 желтоқсан аралығында Алматыда Желтоқсан көтерлісі болды. 17 желтоқсанда таңертеңгі сағат 8:00-де Брежнев атындағы алаңға, қазіргі Республика алаңына алдымен 300-дей адам жиналды, кейін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті.
Ашық дереккөз, 1986 жылғы желтоқсан
Болат Айтмолда. 2023 жылғы желтоқсан
Шеруге шыққандардың мақсаты қандай болды?
Алаңға жиналғандардың мақсаты - бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылу. Олар КСРО үкіметінің отаршыл, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы шықты. Ал оған түрткі болған нәрсе - Мәскеу үкіметінің Дінмұхамед Қонаевты қызметінен алып, оның орнына ҚКОК-нің 1-хатшысы ретінде Колбин тағайындауы.
Көтерілісшілер "елді қазақ азаматы басқарсын" деген талап қойды. Алаңға жиналған бірнеше мың адам көшелерді жапты.
Ашық дереккөз, 1986 жылғы желтоқсан
Болат Айтмолда. 2023 жылғы желтоқсан
Көтерілісшілердің талабы ескерлімей, "бұзақыларды" күшпен тарату мақсатында "Құйын-86" операциясы басталды. Операция кезінде әскерилер ұлды да, қызды да аяған жоқ. Олар қолға түскендерді қақаған аязда соққыға жықты. Мұның көріністері режиссер Қалдыбай Әбеновтің "Аллажар" фильмінде бар.
1996 жылғы "Аллажар" фильмінен үзінді
Болат Айтмолда. 2023 жылғы желтоқсан
18 желтоқсанда алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Алаңға шыққан жастарды ығыстыру үшін арнайы жедел отряд, полиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылды.
Ашық дереккөз, 1986 жылғы желтоқсан
Болат Айтмолда. 2023 жылғы желтоқсан
Желтоқсан оқиғасында қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы әлі күнге дейін нақты дерек жоқ. Ресми мәлімет бойынша, наразылық кезінде екі адам қаза тапқан: шеруге қатысқан Ербол Сыпатаев пен сақшылар құрамында болған Сергей Савицкий. Бұдан басқа, Ләззат Асанова мен Сабира Мұхамеджанова, Қайрат Рысқұлбеков Желтоқсан оқиғасы кезінде қайсарлықпен ерлік көрсетіп, қысқа ғұмыры қиылып, құрбан болды. Наразылық білдіргендердің көбі жоғары оқу орындарының студенттері еді. Желіде тараған кадрларда, Қалдыбай Әбеновтің "Аллажар" фильмінде де "Долой Колбина" деген плакат ұстаған ұстаған сол кездегі Киров атындағы ҚазМУ студенттерін байқауға болады.
Ашық дереккөз, 1986 жылғы желтоқсан
1996 жылғы "Аллажар" фильмінен үзінді
Болат Айтмолда. 2023 жылғы желтоқсан
Алайда бейресми дереккөздер мәліметінше, 170-ке жуық адам көз жұмып, 2 мыңға жуық адам жарақат алған. 8,5 мың адам ұсталып, 900-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке, 99 адам сотталып, 600-ге жуық адам оқудан, жұмыстан шығарылған.
Ашық дереккөз, 1986 жылғы желтоқсан
Көтеріліске қатысқан жастар "Менің елім" деп ұрандатып, Достық пен Сәтбаев көшелерінің қиылысына жинала бастаған.
Ашық дереккөз, 1986 жылғы желтоқсан
Ақын, жазушы Болат Шарахымбайдың айтуынша, Бәйсейітова көшесінің бойымен төмен қарай қашқанын еске алды.
"Намысымызға тиді. Қонаевты бір сәтте ешкіммен келіспей, жарияламай алып тастағаны жастардың намысына тиді. Шоқпармен қаруланған, каска киген адамдарды бізге қарсы қойғанда қатты ашындық. Ашынбауға болмады. Біз қарап тұрып таяқ жедік, біз де қорғануымыз керек қой. Үстімізге су шашты. Бізді қуған кезде Бәйсейітова көшесінің бойымен қаштық. Ешкімді аямады. Құрманғазы көшесінің бойында бір әскер қыздың шашынан ұстап алған, ол арыққа түсіп кеткен. Әлгі адам оның үстінен секіріп жатты", - деді ол.
Болат Айтмолда. Бәйсейітова көшесі, 2023 жылғы желтоқсан
Желтоқсан оқиғасының өткеніне 20 жыл толған соң бұл алаңда 2006 жылғы 18 қыркүйекте "Тәуелсіздік таңы" деп аталатын ескерткіш орнатылды. Оның ашылу салтанатына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Желтоқсан көтерлісіне қатысушылар, жұртшылық өкілдері қатысқан болатын.
Болат Айтмолда. 2023 жылғы желтоқсан
Бұл - қазақстандық сәулетші әрі дизайнер Тимур Сүлейменовтің жобасы.
Егемендік, тәуелсіздік пен бостандық үшін күреске түскен бұл кезең, қанға боялған бұл алаң, елім деп басын қатерге тіккен қазақ жастары мен Желтоқсан оқиғасы ешқашан ұмытылмас!