Бір түнде қысқа айналды: Алматы көшелеріндегі ахуал қалай?
Алматыда түнде толассыз қар жауды. Massaget.kz қала көшелеріндегі ахуалға шолу жасады.
Кеше сағат 20:00-ден бастап Алматыда қар жауа бастады. Қардың қалыңдығы қалада шамамен 1 сантиметрге, таулы аймақта 10 сантиметрге дейін жетті.

Қала көшелеріне 918 арнайы техника және 2550 жол жұмысшысы жұмылдырылды.

"Негізгі жолдар, көпірлер, жол айрықтары, еңістер, тротуарлар және аялдамаларға көктайғаққа қарсы материалдар себіліп жатыр. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіледі", - деді әкімдік өкілдері.

Полиция департаменті мәліметінше, кеше сағат 18:00-ден бүгін таңғы 06:00-ге дейін 17 жол апаты тіркелген. Қаза тапқандар жоқ, 6 адам жарақат алған.

Полицияның ақпаратына сүйенсек, жол апаттарының басым бөлігі қашықтықты, жылдамдықты сақтамау салдарынан болған.

"Барлығын сақ болуға, жылдамдықты азайтуға, кенет маневр жасаудан аулақ болуға шақырамыз", - деді Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Полиция көлікті қысқы маусымға алдын ала дайындау, жазғы дөңгелектерді қысқыға ауыстыру маңызды екенін жеткізді.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерге жолдан өтер кезде сақ болуды, жарық шағылыстырғыш элементтерді пайдалануды және жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпеуді еске салды.

