"Бір күнде 200 мың теңге тапқан кезім де болды". Жабайы сырғанақтарда сауда қызып тұр

Қазір көшеден шанамен сырғанап, ойнап жүрген балаларды көп көре бермейміз, өйткені шананың орнын тюбинг деп аталатын жеңіл, әрі ыңғайлы баллон басқан. Тюбингтің танымалдылыққа ие екенін пайдаланған кейбір адамдар бұл саланы кәсіпке айналдырып, табыс тауып отыр. Мысалы, Алматыдағы Алатау ауданы Саялы ықшамауданындағы бос жатқан жер телімі бүгінде тюбингпен сырғанайтын орынға айналған. Демалыс күндері халықтың көп жиналатынын байқағандар кәуап пісіріп, ыстық шай сатып саудасын жүргізіп жатыр. Алайда мұндағы техникалық қауіпсіздік шаралары мүлде қарастырылмаған, ауыр жарақат алу қаупі жоғары. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі қаладағы сырғанақ орындарының жағдайын білу үшін арнайы фоторепортаж дайындады. 

Саялыдағы бос жатқан бұл жер телімін халық өзі сырғанауға ыңғайлы етіп қолдан жасап алған. Техникалық қауіпсіздік шараларының сақталмаған себебі де осыдан болар. Адаммен жағаласқан көліктер де қорқыныш сезімін тудырады, дегенмен бұдан тартынып тұрған адам жоқ, бәрі көтеріңкі көңіл-күйде ойнап жүр.

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда

Өзіңізде жеке тюбинг болса сырғанау тегін, ал болмаған жағдайда, жалға алуға болады. Тюбингті жалға алу құны сағатына - 1000 теңге. 

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Суықта тоңып, қарныңыз ашпауы үшін мұнда сэндвич, бәліш, тәтті шоколадтар, кәуап, ыстық және салқын сусындар сатылады. Бағалары әртүрлі. Мысалы, мына суреттегі сэндвич - 500, бір стақан шай - 200, жарты литр тәтті сусын - 400, ал 1 литрі - 600 теңге тұрады.

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Мұнда тіпті қой, үйрек, тауық етінен дайындалған кәуап та бар, бағасы - бір таяқшасы үшін 1000 теңге, кәуаппен бірге нан беріледі.

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Төбешіктен сырғанаудан басқа тағы атқа мінуге болады. Атын жетектеп бірнеше адам жүр. Белгілі бір жер аумағын шамамен 8-10 минутта атпен жүріп өтесіз. Атқа міну құны - 1000 теңге. Халыққа осындай түрлі қызмет көрсетіп, табыс тауып жүрген ат иелерінің айтуынша, адамдар мақсатты түрде төбешіктен тюбингпен сырғанауға келгеніне қарамастан, атқа мінуге де сұраныс жақсы. 

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген саудагер, осында 3 жылдан бері демалыс күндері шоколадтар, ыстық сусын мен бәліш сатады, онымен қоймай тюбинг баллонын жалға береді. 

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

"Барлығы 8 баллонымыз бар. Жолдасым екеуміз қар жауып, күн суытқанда осында келіп адал асымызды табу үшін сауда жасауға келеміз. Сатуға барлық азықты қаладағы базардың бірінен аламын, үстіне көп пайыз қоспаймын. Сауда жақсы болып, тауар таусылып қалса, жақын маңайдағы дүкенге барып, алып келеміз. Қарапайым 3те1 шайды сатып алып, күйеуім көлігінің ішінде от жағып, маған су қайнатып береді. Таңғы 04.00-де тұрып, шамамен 200 дана бәліш пісіремін. Табыс әр күні әртүрлі, мысалы былтыр бір күнде 200 мың теңге тапқан кезім де болды", - деді саудагер.

Маусымдық саудамен айналысатын кейіпкеріміз былтыр жүкті болса да саудаға шыққанын айтады.

"Сауда жасауға былтыр жүкті кезімде де шықтым. Былтыр 7 қаңтарда жұмысқа шықтық, ал 9 қаңтарда босандым", - дейді ол. 

Алайда, ол төбешіктің жабылу қаупі бар екенін жеткізді.

"Адамның көпшілігі сенбі-жексенбі, демалыс күндері келеді. Алайда, былтыр бұл жерге тұрғын-үй кешенін саламыз, төбешікті жауып тастаймыз дегеннен соң адам көп келмейтін болды. Тіпті адамдарды мұнда кіргейбей қойған еді, біз де сауда жасауға шыға алмай қалдық, кейіннен қырылып жүріп шықтық. Отбасын адал ақшамен асыраудың қамы ғой. Мемлекеттен ешқандай жәрдемақы алмаймыз, несие төлеп, бала-шағаны киіндіріп, тамағын табу үшін осылай адал еңбек етеміз", - дейді ол.

Сонымен қатар, мұнда тілшімізге халыққа тегін ас таратып жүрген қайырымды отбасы да кездесті. 

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

"Бұл Алланың мейірімі мен шапағаты үшін жасалып жатқан қайырымдылық іс. Күйеуім екеуміз өсіп келе жатқан балаларымызға үлгі болсын, көрсін деп жақсылық жасауға тырысамыз. Негізі біз 5 жылдан бері әр сенбі сайын осылай қаланың адам көп жиналатын орталықтарында тамақ таратамыз, мысалы өткен сенбіде Медеуде болдық. Сондай-ақ, біз ет жемейтін вегетариан отбасымыз. Дайындап, тарататын асқа да ет қоспаймыз, осылайша жануарларға зиян тигізбей, адамдарға жақсылық жасаймыз. Тамақты жолдасым дайындайды, біз көмектесеміз. Ниетіміз тегін тамақ тарату, дегенмен ақы төлейтін адамдар да кездеседі. Мұндағы түпкі ой - "Сауап үшін шығындал, сонда Алла береке жаудырады" дегенге келеді", - дейді Гүлдар Баратова мен Владимир Картавых.

Владимир Картавых. Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда

Гүлдар Баратова. Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда

Төбешіктің төменгі жағында шұңқыр бар. Сырғанап жүрген ересектер мен балалар арасында шұңқырға сүрініп құлап жатқандар да кездеседі.

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Кейбір адамдар тюбингтің жібін көлікке байлап, адамды баллонмен қоса сүйреп жүр. 

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Осындай қауіпке қарамастан, демалуға келген адамдар төбешікке қатысты оң пікірде. Тіпті бар жағдайы жасалған, уайымсыз ойнауға болатын сырғанау орындарына қарағанда осы жер қаттырақ ұнайды дейтіндер де табылды.

"Алматыға биыл көшіп келдік, ал төбешіктен сырғанауға үшінші рет келіп тұрмыз. Көп адамның жүргеніне қарап, халыққа ұнағанын түсінуге болады, яғни сұраныс көп болған сайын, ұсыныс та артады ғой. Техникалық қауіпсіздіктің сақталмағанына қарамастан, сырғанауға қорықпаймын, ең бастысы абай болсаң болды деп ойлаймын. Кішкентай балалардің қауіпсіздігі үшін алаңдаймын әрине, бірақ оларға ұнайды, жанына ересек бір адамды қосып тыныш отыруға болады.

Әрине, қаладағы ақылы төбешіктердің жағдайы жақсырақ, дегенмен өзіме осы жер қаттырақ ұнайды. Оның үстіне бұл жер тегін болған соң, халықтың көпшілігі де осында деп ойлаймын", - Жамиля Қайратқызы.

Немересін ойнатуға келген Марат Табылбеков те осылай ойлайды, бірақ оның айтуынша, көз алдында жарақат алған балалар да болған. 

"Жақын маңайда туысымның үйі бар, бірнеше күнге немереммен қыдырып келіп едім. Бұл төбешік туралы бұрын-соңды естімегенмін, кеше келгенде біліп, немеремді ойнатуға алып келдім. Мұнда техникалық қауіпсіздік сақталмаған, сондықтан кішкене балам үшін қорқып отырамын, бірақ балама ұнап жатыр. Адамдар сырғанағанда бір-біріне соғысып, жарақат алып жатқандардың талайын көріп жатырмыз, төбешіктің төменгі жағында кішкентай шұңқыр бар екен, адамдар секіріп, құлап белінен жарақат алып жатыр. Кеше де көз алдымда бір кішкентай қыз құлады", - Марат Табылбеков.

Марат Табылбеков немересімен. Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Балалары құлап, жарақат алып қалады деп қорқатын адамдар да жоқ емес. Мысалы, Қайрат Аманжолов мұнда бірнеше отбасы болып жиналып, туыстарымен келген. Олар қауіпсіздікке алаңдап, негізгі төбешікпен салыстырғанда бөктері төменірек төбешікке барған.

"Негізгі төбешікте адам көп, бір-бірін қағып кетіп жатыр. Ал мына жақта адам аз, сондықтан кішкентай балаларымызға қауіпсіз, ыңғайлы. Өзім Жас Қанат шағын ауданында тұрамын, арнайы осында көңіл көтеріп, демалу үшін келдік", - дейді Қайрат Аманжолов.

Қайрат Аманжолов. Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Мұндай тегін ойын-сауықтың да өз кемшілігі бар. Мысалы, төбешікті халық өзі қолдан жасап алғандықтан, табиғи қажеттілікті өтеуге дәретхана жоқ. Адамдар амалсыздан сайға түсіп, дәрет сындырады.

Сонымен, егер Саялыдағы тегін төбешікке жұбайыңыз және 2 балаңызбен баратын болсаңыз, шамамен кем дегенде 4-5 мың теңге кетеді. Бұл 3 адамға жалға тюбинг (2 бала, 1 ересек), 4 адамға шай мен бәлішке кететін қаражат. Ал кәуап, сэндвич, шоколад секілді түрлі тағам жегіңіз келсе, бұл баға өседі.

Өзіңізбен тюбинг пен тамақ алып келетін болсаңыз, ешқандай ақша жұмсамайсыз, себебі төбешік тегін.

Алматыдағы тюбингпен сырғанауға арналған тағы бір орын Бостандық ауданында орналасқан. Саялыдағы төбешікке қарағанда бұл демалыс орынның жағдайы жақсы. Ауданы қоршалған, жеке авто тұрағы бар, адамдар бір-біріне соқтығыспауы үшін жолдардың арасы бөлінген, қауіпсіздікті қадағалап тұратын қызметкерлер жұмыс істейді.

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Бұл демалыс орынның өз баллондары бар, құны сағатына - 2500 теңге. Тюбингті жалға алған адамға бейдж беріледі. Алайда өзіңіздің тюбинг немесе шанаңызбен келетін болсаңыз, төбешіктен сырғанау үшін 2000 теңге төлейсіз.

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Төменге түскен тюбинг баллондарын көтеретін арнайы сым бар, бұл қызмет ақылы, бөлек төлейсіз. Бағасы сағатына -  2500 теңге.

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Суреттегі қызметкер бір уақытта бір жолға бірнеше адамның сырғанамауын, адамдардың тюбингке дұрыс отырғанын қадағалап тұрады. Бұдан бөлек, демалыс орнына кіреберісте күзетші мен басқа да біршама қызметкер жүр.

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Баллон бағасынан бөлек мұнда шай мен тағамдар да қымбатырақ. Мысалы, бір стақан шай - 400, 3те1 еритін кофе - 500, қой етінен кәуап - 1800, тауық етінен - 1500, палау - 2000, ал қарапайым тауық етімен сэндвичтер 1800 теңге.

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Атқа мініп, жазықты айналып келу - 2000 теңге. 

Бұл демалыс орнының ерекшелігі квадроцикл мен әуе шары деп айтуға болады. Квадроцикл бағасы 10 минутқа - 3000 теңге, оған 3 адамға дейін отыруға болады. Аэростатқа міну үлкен адамға - 10000, балаға - 5000 теңге. Шар 60-70 метр биіктікке көтеріліп, ауада барлығы 7-8 минут тұрады. 

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Фото: Massaget.kz / Болат Айтмолда 

Сонымен, егер Бостандық ауданындағы төбешікке жұбайыңыз және 2 балаңызбен баратын болсаңыз, шамамен кем дегенде 15 мың теңгеден жоғары кетеді. Бұл 3 адамға жалға тюбинг (2 бала, 1 ересек - 7500), 4 адамға шай (1200) мен ең арзан тауық етінен кәуап (6000), баллонды көтеретін сымға (2500) кететін қаражат. Ал кәуаптің басқа түрін, сэндвич, палау жегіңіз келсе, бұл баға өседі.



Бөлісу: