"Борат" дегендеріне намыстандым". Ирандық "Халкты" 30 секундта құлатқан қазақтың хикаясы

"Борат" дегендеріне намыстандым". Ирандық "Халкты" 30 секундта құлатқан қазақтың хикаясы

"Қазақтың Қажымұқаны" атанып кеткен ерекше алып күшке ие Алмат Жұманов 24,5 тонналық ұшақты сүйрегенімен, 109 тонналық вагонды тартқанымен танымал. Ол бірнеше рет рекорд орнатқан. 300 килолық заттарды бұйым көрмейтін Алматтың күші көпшілікті тәнті етіп жатыр. Былтыр "Ирандық Халкты" 30 секундта ұрып құлатқасын, әлемге де танылып, АҚШ-та жекпе жек өткізуге ұсыныс түскен.

Massaget.kz порталының тілшісі қазір Qazaq Titan лақап атымен танылып жүрген Алмат Жұмановпен тілдесті.

Кейіпкеріміз екі көлікті тіспен тартуға бара жатыр. Бұған дейін бұл трюк әлеуметтік желіде танымал болған. Тек ол кезде америкалықтар мен өзбектер бір көлікті қолымен тартқан. Ал Қазақ Титаны оны тісімен тартып көрмекші.

Дайындыққа көп уақыт кетпеді. Екі көлікті бір-біріне тіркеген Алмат тәуекел деп тартты

"Қолдан келді. Жасадық. Қазақтың жігіттері көлікті қолмен ғана емес тіспен де тарта алады", - дейді ол.

Алмат Жұманаов – 1996 жылы Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында дүниеге келген. Алматыдаға фитнес залдардың бірінде жаттықтырушы маман болып жұмыс істейді. Үйдегі 3 баланың ортаншысы. Анасы үй шаруасында, ағасы жеке кәсіппен айналысады, қарындасы мектепте оқиды.

Алып анадан туады

"Анам базарда жұмыс істеген. 50 килолық қаптарды бұйым көрмей көтеріп кете береді екен. Осындай жүк тасып жүргенде ішінде мен қатып қалыппын, содан 11 ай өтіп кеткен. Алматыдағылар босандыра алмаймыз деген соң, амандығым үшін Ташкент дәрігерлеріне барған. Мен сол жақта өмірге келдім. Бірақ өзімді Алматының тумасымын деп есептеймін. Осында өстім, оқыдым", - дейді кейіпкеріміз.

Алмат бала кезінен спортқа жақын болған. Ауыр темірлер мен көлік дөңгелектерін орнынан жылжытып ойнаған екен.

"Өсе келе жауынгерлік самбо спорт түрімен айналыстым. Кішігірім жетістіктерге де жеттім. Бірақ кейіннен қолым сынып, бұл спорттан кетуіме тура келді. Бірақ спортты тоқтатқан жоқпын. Өзімді шынықтыра бердім", - дейді Алмат.

Алматтың ерекшелігі рекорд орнатарда дайындалғанды ұнатпайды

109 тонналық вагонды белдің күшімен сүйреген

"Осы уақытқа дейін үш рекорд орнаттым, ешқайсысына да дайындалмадым. Бір жағынан дайындалуға мүмкіндік те жоқ. Мысалы, ұшақ мемлекеттің мүлігі. Оны саған тартып дайындалуға бермейді. Сол бір рет қана күшіңді сынап көресің. Ол адамның ішкі дайындығына байланысты. Бірінші қарап тұрып оны тарта алатыныңды немесе көтере алатыныңды байқайсың. Мен бала кезден бір затты істей аламын десем, ары қарай алып кетемін. Ешқандай қорқыныш болмайды", - дейді ол.

Алматтың пойызды белмен тартқаны КИнЭС рекордтар кітабына енген. Себебі әлемде ешкім әлі пойызды бел күшін пайдаланып тартпаған, тіпті тартуға талпынып та көрмеген.

"Көп адамдар иық күшін пайдаланып тартады. Менікінің ерекшелігі сол алғаш рет белге орап тартып тұрмын. Бұлай тарту қиын. Себебі күштің бәрі аяқ пен белге түседі. Жарақат алып қалу қаупі де зор. Мұны Гиннесс Рекордтар кітабына жіберген жоқпыз. Жібергенде тіркелетін еді", - дейді Қазақ Титаны.

Алмат бала кезінен иттерді ерекше жақсы көреді. Бір кездері үйінде 8 ит асыраған кездері де болған екен

Салмағы 24,5 тонна ұшақты сүйреген

"Наурыз мейрамына қарсы әскерилерге күшіңді көрсет деп шақырды. Сол кезде адамдар алдында 6 метрге сүйредім. Бірақ ешқандай БАҚ өкілдері мен рекордты тіркейтін өкілдер болмады. Сондықтан тіркелген жоқ. Кейін ресми рұқсат алып, барлығын шақырып сүйрегенде қатты жел соғып тұрды. Желге қарсы сүйреппін. Сондықтан 1 метрге жылжыттым", - дейді ол.

Алмат өзі арнайы трюктер де ойлап табады

Оның ерекше трюктерінің бірі 300 килолық түйені көтеріп, беліне 3 көлікті тіркеп байлап, 13 метрге сүйреген.

"Бұрыннан үйде көлікті ары-бері жылжытып, көтеріп көретінмін. Әлеуметтік желіге салмайтынмын. Бір жағынан әлеуметтік желіде мұндай трюктарды шетелдіктер көрсетеді екен. Бір күні иығыммен жеңіл көлікті көтеріп жатқанымды instagram желісіне салып едім, бірден тарап кетті. Сосын ары қарай бұл спортты тоқтатпадым", - дейді кейіпкеріміз.

Алматтың атасы Түйе палуан болған

Алматтың бойындағы буырқанған күш аталарынан келе жатыр. Оның арғы атасы көпке мәлім "Түйе палуан" болған екен.

"Атамыз алып болғанымен, момын қой бағатын кісі екен. Бір күні атақты асқа алыс-жақыннан адамдар келіп күрес ұйымдастырылыпты. Сонда өзбек палуаны жауырыны жерге тимей, барлығын қоғадай жапырып, құлата беріпті. Бұған шыдамаған атамыз, өзбек палуанын жығып, сол жерде "Түйе палуан" атанған екен. Апам ылғи "сенің аталарың күшті болған, қаныңда бар" деп айтып отыратын", - дейді ол.

                                           

Менің пірім Қажымұқан

"Атамызды пірім тұтамын. Сол кісіге ұқсауға тырысамын. Мені де осы заманның "Қажымұқаны" деп атайды. Сондықтан осы атқа лайық болғым келеді. Атамыз қазақтың атын әлемге жайды. Мен де болашақта қазақтың көктуын шетелдерде желбіреткім келеді. Бұл маған шабыт береді", - дейді Алмат.

Неге Qazaq Titan?

Алматты әлеуметтік желіде "Қазақтың Титаны", "Қазақстандық Халк", "Қазақтың Қажымұқаны" атайды. Бірақ кейінгі кезде Qazaq Titan деген атты ресми алған.

"Лақап атым аз емес. "Қажымұқан" дейді, "Толағай" деп жатады, "Казахский Халк" деп айтатындар бар. Дегенмен, бүгінде көбі мені "Титан" деп таниды. Өзім де осы атауға тоқтадым. Оған қоса, "Әлемге қазақтың мықты халық екенін дәлелдеймін" деген балалық арман бар еді. Соған сай, қазақ атын дәріптей жүрейік деп Qazaq Titan деген лақап ат алдық. Әлемде титандар аз емес. Көбісі стронгмендер. Алып дене тұрқына байланысты титан аталып кеткен. Ал менің оқиғам сәл өзгеше. Оқушы кезде жаттығуда жүріп сол қолымды шығарып алдым. Орны дұрыс бітпегенге ұқсайды, бұл кейін үлкен отаға ұласты. Соңында сол қолыма тірегіш ретінде титан металын салды. Әлі күнге қолымда тұр. Мәңгілік қалады деді. Бұл 5 сыныпта болған жағдай. Содан бері Титанмын", - дейді ол.

"Ирандық Халк" мені Борат елінің азаматы деп атады

Алмат "Ирандық Халк" лақап атымен танымал Саджад Гарибимен жекпе жек өткізуге жалғыз өзі барған.

"Маған Саджадтың менеджері хабарласып "Сен Халк емессің, бұл атқа Саджад қана лайық. Сенің ондай күшің жоқ. Борат елінің азаматысың ғана" деп ар-намысқа тиетін сөздер айтты. Ирандықтар мені "Борат-Борат" деп мазақтайтын болды. Сосын жекпе жек өткізуге келістік", - дейді Қазақ Титаны.

Алматқа демеуші болатындар табылмаған. Сондықтан жекпе жекке қажетті қаражатты өз қалтасынан шығарған. 

"Кездесуіміз 20 күн қалғанда белгілі болды. Демеуші таба алмадым. Дубайға бару үшін несиелерімді жабу керек еді. Ақша іздеп жүріп қалдым. Дайындалмадым, уақыт болмады. Бірақ ол жақтағы қазақтарға рахмет. Барғаннан күтіп алды", - дейді ол.

Жеңсең 10 мың доллар төлейсің

Дубайда жекпе жек болар алдында Алматты Саджадтың көмекшілері қорқытпақшы болған. "Жеңіл, жеңілмесең бұл жерден аман шықпайсың, 10 мың доллар төлейсің" деген сынды сөздер айтқан.

"Мен бұл сөздерге мән бермедім. Қазақты қорлағаны сүйегімнен өтіп кетті. Артымда қазағым бар деп сендім. Шыға салып бар күшіммен соққы жасап едім, көзі аларып, қорқып кетті. 30 секундта 2-3 рет құлады. Техникалық нокаутпен жеңдім", - дейді Алмат.

Келісім шарт бойынша Алматқа 10 мың доллар төленуі керек болған. Бірақ артынан бұл уәде сиырқұйымшақтанып, төленбеген. Ақшаны иранның менеджері алып кетіп қалған. Алмат ақшаның ізіне түсіп алуға да тырыспаған.

"Мен ақша үшін емес, намыс үшін бардым. Жеңдім болды. Тіпті ақша туралы ойыма кіріп-шыққан да жоқ. Өз айтқанымды орындадым, "Борат" емес қазақ екенімізді дәлелдедім", - дейді Қазақ Титаны.

Алматты кездесуден кейін бір топ иран азаматтары киіну болмесінде жабылып ұрмақшы болған екен.

"Киіну бөлмесінде отырғанда бірнеше иран жігіттері келді. "Сен сөзіңде тұрмадың, неге жеңілмедің?" деп ұрмақшы болды. Төбелесіп кеттік. Бірақ сол жердегі күзетшілер ажыратып алды", - дейді Алмат.

Америкалықтар күшіме қызығып жепе жек өткізуді ұсынды

Осы Дубайдағы жекпе жектен кейін Алматқа  Bare Knuckle Fighting Championship атты америкалық жекпе жек өткізетін лига қызыққан.

"Nelson Lopez Jr мен Raynelo MGMT пром компаниясының Қазақстандағы өкілі Нұрғазы Ісмағамбетов менің күшіме қызығып, АҚШ-та ашық жекпе жек бойынша кездесу өткізуге ұсыныс білдірді. Қазір алғашқы кездесу жайы талқы болып жатыр. Қарсылас әзірге белгісіз. Ал кездесу наурызға таяу ұйымдастырылады дейді. Жеке менеджерім Нұрғазы бауырыммен де күнара байланыстамыз. Виза, АҚШ-тағы пәтер, қатынас мәселесімен айналысып жатыр. Алда 1 жылда 4 кездесу өткізу жоспарда бар. Демеуші де табылды. Кәсіпкер Гүлбану Майгарина көп ерлер істемеген істі жасап жатыр", - дейді Алмат.

Шектеу мида ғана

"Қалауың мықты қолса бұл өмірде мүмкін емес дүние жоқ. Ой жеткен жерге қол да жетеді. Адам қолынан келмейтін істі ойлай да алмайды. Керегін нақты түсініп, білген адам алға нақты мақсат қояды. Мақсатқа жету үшін жоспар құрады. Жоспары қадам-қадаммен іске асса, жарты жолда аяқасты қалмаса мұның түбінде міндетті түрде нәтиже тұрады. Бәрімізге керегі осы. Төккен тердің ақысы. Нәтиже. Кез келген спортшының арманы шығар – Чемпион болу. Біздің де межеміз осы. Диваннан тұруға, спортзалға барып жаттығу істеуге, темір көтеруге ынтамызды ашатын осы бір арман. Айтқым келгені, адам армандай білу керек. Ірі затты армандасақ, өзімізге сенсек, сөзсіз бұған жетеміз. Әлемде шектеу жоқ. Шектеу тек мида ғана", - дейді кейіпкеріміз.

Болашақта Алмат екі спортты да қатар алып жүрмекші. Алдағы жоспары 1 жыл ішінде АҚШ-та 4 жекпе жек өткізу. Сонымен қатар ол 300 тонналық локоматив тартып әлемдік гиннистің рекордтар кітабына енуді көздеп отыр.

Мәтінін жазған – Тұрсынбек Башар
Суреттерді түсірген – Ернар Алмабек