Алматы қаласында 2016 жылы Алматы технологиялық колледжінің тамақтандыру өнеркәсібін басқару және ұйымдастыру мамандығын бітірген. Артынша Мәскеуде мейрамхана және қонақ үй жұмысын басқару бойынша жоғары оқу орнын аяқтаған, бүгінгі күні Алматы қаласында танымал мейрамхананың бірінде бас аспаз қызметін атқарып жүрген Манас Сқақпен Massaget.kz тілшісі арнайы сұхбаттасқан еді.
Бас аспазбен алғашқы әңгіме "Наурыз көже" жасаудың құпиясы туралы болды.
"Жақын арада Америкадан консул келіп, наурыз мерекесіне байланысты әр өңірдің тағамдарын зерттеп, соның ішінде наурыз көжеге қызыққан еді. Сол консулға жеті түрлі, жеті өңірдің наурыз көжесін әзірлеп бердік. Барлығының ішінде қосылатын азық-түлік ұқсас болғанымен, жасалу технологиясы мен оны безендіріп ұсыну әртүрлі. Бір-біріне кішкене ұқсамайды. Сол себепті әр өңірдікін жасай аламыз, бірақ түпнұсқасы сол бір үш азық-түліктің үйлесімі. Яғни ет өнімі, сүт өнімі және жарма өнімінің үйлесімі. Енді біз ырымшыл халықпыз ғой сондықтан ырымдап ішінде жеті түрлі азық-түлік болуы керек, жеті қасиетті сан деген наным-сенім бар. Соған орай, әр өңірде өзінің барын, қолындағы азық-түліктерін қосып үйлестіруге тырысады", - дейді аспаз Манас Сқақ.
Батыс және Солтүстік Қазақстанда наурыз көжені қалай дайындайды?
"Солтүстік пен Батыс қазақстан өңірлері суық өңірлер болғандықтан, көбінесе сүрленген етті пайдаланады. Сүрленген ет және жарманың көп түрлері жоқ, сондықтан тары, бидай көбінесе қолданылады. Сол себепті міндетті түрде жылқының еті. Тек қана ол жақта жылқыдан жасайды екен.
Оңтүстікте наурыз көже қалай дайындалады?
"Оңтүстік өңір жылы, әрі Өзбекстан мемлекетімен шекаралас болғандықтан, жарманың ассортименті өте көп. Тары, бидай да кем емес. Тіпті елде көп өсіре бермейтін ақжүгеріні, сарыжүгеріні араластырады. Ол жақта қой етімен, жылқы және сиыр етін араластырады".
Жетісу өңірінде наурыз көже қалай жасалады?
"Алматы, Жетісу өңірінде өздеріңіз білетіндей қолдан кеспе жайып, кеспе қосады. Бидай, тары жармасын, жүгері жармасын қосады. Одан өзге кейбір отбасыларда картоп қосқанын көріп жатамыз. Мысалы менің өзім картоп қосып жегенді жақсы көремін", - дейді аспаз.
Аспаз наурыз көже, үш түрлі азық-түліктен үйлесім тапқан, қышқыл, тәтті әрі тойымды, калориясы көп тағам болып есептелетінін жеткізді.
"Бұл көне түркі, көшпелі халықтың ұлттық тағамы. Бұл тағамды өздеріңіз де күнделікті жесеңіз, тойымды әрі энергияға толы болып, күш-қуатты болып жүресіз", - дейді ол.
Аспаздың жасырын құпиясы бар...
"Иә, әрине жасырын, көпшілікке жария қылмайтын дүниелер бар аспаздық өмірде. Аспаздың шеберлегінде шек жоқ. Себебі бір сорпа қайнатсаң, оны үштүрлі етіп қайнатуға болады. Тіпті дәмін әртүрлі етіп жасауға болады. Белгілі бір қоспаларды қосу арқылы. Мысалы құрамын өзгертпей, сол ингридиенттермен бірақ дәмін ерекшелендіре түсуге болады. Ешқандай шығын шығармай-ақ. Ондайдың барлығын біз айта бермейміз. Мысалы он мейрамханада бешбармақ болатын болса, ингриеденттері сол болғанымен жасалуы жолы, он түрлі болуы мүмкін. Әр аспаздың бойына біткен қабілетінен, сол тағамға салатын ықыласынан шығатын дүние. Аспаз үшін ең маңызды ингриедент ол – ықыласы".
Наурыз көженің бір тостағаны қанша теңге?
"Наурыз мерекесінде сұраныс өте үлкен. Наурыз көженің өз бағасы өте арзан болуы мүмкін. Себебі бізде сүт өнімі, жармалар арзан. Бізде нарықта ет өнімі қымбат. Бірақ қосатын өнімдерге байланысты, ол қаншалықты қымбат болса, бағасы да мейлінше, шарықтай береді. Өз бағасы шамамен – 700 теңге".
Арнайы тапсырыстар түседі
"Телеарналардан наурыз көженің жасалуы жолдарын көрсетіп, үйретші деп арнайы эфирлерге шақырып отырады. Дәл осы наурыз мейрамына орай қарай екі-үш тапсырыс болды. Ал былай ауқымды жасап бер, наурыз көжені таратайық, сатайық – деген әзірше ондай ұсыныс болған жоқ".
1 миллион 200 мың теңге берді
"Мені арнайы бас аспаз ретінде үйлеріне шақыратын тапсырыстар болады. Бірақ ондай тапсырыстарға қазір шығып жүрген жоқпын, себебі оған уақытым тығыз. Негізі олай шығатын болсақ, бір команда болып яғни 3-4 адам болып шығамыз. Жылына екі-үш рет қана. Ашығын айтатын болсақ, 50 адамдық қонақты күтуге, 4 адам барып 300 мыңнан алдық".
Жұбайыма қамыр жайып үйреткенмін
"Аспаздар үйіне барғанда, мүлде тамақ істемейді емес, істемейтіндер ол көп жұмыс істейтіндер шығар. Мерекелік іс-шаралар, отбасында қандай-да бір мереке болса, әрине ат салысамын. Жұбайыма көмектесіп, өзім бойдақ кезде де жасағам. Мүлде жасамаймын емес, жасаймын. Иә, алғашында сынаған кездерім болды. Себебі әйелім қатты бір бас аспаз болып келген жоқ. Отау құрған кезде, 21 жаста болдық. Енді үйреніп келе жатқан кездер. Қамырды жайып та үйреткен кездерім болған. Себебі мен бір үйдің еркесін, кенжесін алдым. Қамыр жайып жатқан кезде, сыныптас достарым үйге кіріп келгенде, оқтауды лақтырып жібергенмін. Бірақ оған намыстануға болмайды. Қазір келіншегімнің қолынан бал тамған. Қайралған пышақтай, дәмді тағамдарын жасап, қуантып жүреді", - дейді бас аспаз Манас Сқақ.
Он жылдан астам тәжірибесін аспаздыққа арнаған кейіпкеріміз Манас Сқақтың болашаққа мақсаты айқын. Себебі ол өзінің жиып-терген білімін, тәжірибесін ортаға салып, жеке кәсібін ашып, еліміздегі "атын естісе ат үркетін" мейрамхана ашпақшы.
"Мақсат жаңа дүние ойлап табу. Өзімнің кәсібімді ашу. Кәсіп ашпасам да, өзімнің жеке брендімді дамыту. Түптеп келгенде, әр аспаздың негізі мақсаты кәсіп ашу. Қартайғанша біреуге жұмыс істей алмаймыз. Өмірде әркім өзіндік бір, табыс көзін табу керек. Алдағы уақытта өзімізбен жұмыс істейміз, өзімізді дамытуды қолға аламыз. Бүгінгі уақытта Астанаға ауысу үстіндемін, өзіммен бірге бірнеше аспазды алып бара жатырмын. Сол аспаздармен ақылдаса отырып, мақсатымызды айқындадық. Жаңа қалада, жаңа бастамада ары қарай жүру оңай болады, егер біздің мақсатымыз бір болса. Халыққа қызмет етіп, өзіміздің мамандығымызды халықпен байланыстыру. Бұл өмірде жақсы нәрсеге ұмытылып, пайдаңды тигізу. Әлемдік нарыққа шығып, қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық тағамдырын көрсету".
"Ең үздік ұлттық тағам"
Астана қаласында өткен, "Ең үздік ұлттық тағам" өндіруші ретінде мен жұмыс істейтін мейрамханаға берді. Салт-дәстүрді дәріптеуші мейрамхана ретінде үздік деп танылды. Соған орай алтын тайқазан, марапат және бір миллион теңге қаржылай сыйлық берді. Бұл қаржылай сыйлықты кім алатыны белгісіз. Басшылық өзі сыйақы ретінде бөліп бере ме, я болмаса мейрамханаға командаға пайдалы зат алуымыз мүмкін. Жыл сайын халыққа тегін "наурыз көже" жасап таратамыз", - деп әңгімесін түйіндеді бас аспаз Манас Сқақ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!