"Бәріміздің іздеп жүргеніміз пана ғой". Үйсіздер мекендейтін мекемеден фоторепортаж
Алматыдағы Олеко Дунченко көшесінде арнайы мекеме орналасқан. Алғашында қызыл дуалмен қоршалған жерді үй деп қалуыңыз мүмкін. Алайда бұл - қарапайым мекеме емес, әлеуметтік бейімдеу орталығы. Орталықты көбі біле бермегенімен, жұмыс істеп тұрғанына биыл 24 жыл болады. Бұл жылдар ішінде қанша адам тұрақтап, қанша адам өз жолын тапты. Мекеменің өмірі туралы Massaget.kz сайтында.
Көзге онша көрінбегенімен, үйдің сол жақ қабырғасында "Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Пана" әлеуметтік бейімдеу орталығы деген жазу бар. Бұл жер - үйсіз-күйсіз қалғандарға пана.
Сырттан кішкентай ғана жер болып көрінгенімен, бұл - ауласы кең, бірнеше бөлімі бар мекеме. Бір сөзбен, әлем ішіндегі әлем. Мұнда 200-ден аса адам тұрады, бұдан басқа, 50-ден аса қызметкер жұмыс істейді.
Орталық ауласында ұзына бойы екі отырғыш қойылған. Алғаш кіріп келгенде бірнеше адамның екі қатарда тізіліп, демалып отырғанын көрдік. Олар бейтаныс адамдарды көргенде бет-жүзін жасыруға тырысты, өйткені мұнда көбі өз тағдырын бөлісуді жөн көрмейді.
Көзге көрінетін тақтайшалардың бірінде "Ерлер бөлімі" деп жазылған. Бұл - ер адамдардың бөлмесі. Бірінші бөлімде 54 адам бар. Орталықта жұмыс істейтіндердің айтуынша, мұнда ерлер басым.
Әрқайсының өзіне тиесілі жатын орны мен шкафы бар. Ал ортақ мүліктен - теледидар.
Бейімдеу орталығында арнайы күн режимі жоқ, себебі бұл жабық мекеме емес. Мұнда адамдар кез келген уақытта қалаған ісімен айналыса алады, тек сыртқа шығу үшін арнайы рұқсат қағазы керек.
Алматы қалалық бейімдеу орталығы 2000 жылғы ашылған. Бұл жерде 7 түрлі көмек көрсетіледі: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік еңбек, мәдени және экономикалық қызмет.
Мұнда түскен адамдар төсек орынмен қамтылады, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Бұдан басқа, жұмысқа орналастыру, құжат жасау сынды көмек қарастырылған. Бұдан бөлек, арнайы арба, балдақ сынды жабдықтар да бар.
Бұл жерде өмірге бейімделіп кету үшін барлық жағдай жасалған.
Әлеуметтік жұмыс маманы Ырыскүл Құсайынқызының мұнда қызмет етіп жүргеніне 6 жыл болған. Оның айтуынша, көбіне орталыққа жүгінгендердің құжаты болмайды.
"Көбіне сыртта, далада жүрген адамдар құжатсыз келеді ғой. Олармен сөйлесу арқылы құжаттарды толтырамыз. Олардың жоғалған жеке куәліктерін қалпына келтіріп, зейнеткерлікке шығарып, мүгедіктік жасау, көбіне 1974 жылғы үлгідегі кеңес дәуірінен қалған қызыл төлқұжатпен жүргендер, Қазақстанның жеке куәлігін алмаған азаматтар мен азаматшалар түседі. Біз оларға көмек көрсетеміз. Біздің орталықта бірнеше бөлім: түнгі бөлім, әйелдер мен ерлер бөлімі және карантин бөлімі. Түнгі бөлімде жұмысқа барып-келуге болатын жағдай жасалған. Қарапайым ерлер мен әйелдер бөлімінде аяқ-қолы сау, жүре алатындар жатса, карантинге түскендерге де бірдей көмек көрсетіледі. Олар 14 күннен кейін таза бөлімге ауыстырылады. Әр келушіге не керегін зерттейміз", - дейді маман.
Бұл орталыққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен келеді. Еліміздің басқа өңірінен келгендерге 1 ай ішінде көмек көрсетіліп, өзінің мекеніне немесе қарттар үйіне жіберіледі. Жұқтырма аурулар анықталса, келушілер басқа ауруханаларға жіберіледі. Қазір орталықта 202 адам бар. Оның 50-і түнгі бөлімде. Олар таңғы 8-9 да кетіп, кешке келеді.
Қыста орталыққа жүгінетін адам көп. Көбінің қол-аяғы үсіп кеткен.
"Біз алғашқы көмек көрсетіп, қабылдаймыз. Қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. 180 адамға төсек-орын бар деп айтылғанымен, негізінен 230 орын бар, түнгі бөлімді қоса алғанда. Негізінен бізге бас бостандығынан айырылғандар, сотталғандар келеді. Алдын ала хат жазылады. Арнаулы мекемеден шыққандар кейін бейімделіп кетеді", - дейді маман Ырыскүл Құсайынқызы.
Бас бостандығынан айырылған адамдар жазасын өтеп болған соң, барар жері болмаса, алдын ала хат жазылып, орталыққа орналастырылады. Бұдан бөлек панасыз жүргендерді анықтауға еріктілер де қол ұшын созады. Одан басқа, қала тұрғындары хабарласады. Орталықтың арнайы патруль көлігі бар.
Орталық стандартпен жұмыс істейді, ол бойынша панасыздар мекемеде 1 жыл тұрақтай алады. Осы кезде барлық көмек көрсетіледі. Кей кезде құжат жасалғанда уақыт ұзаққа созылуы мүмкін, мұндай кезде тұрақтау уақыты созылуы мүмкін.
Адамдарды қабылдауда іріктеу жүргізілмейді. 18 жастан асқан кез келген қазақстандық қабылданады. Маманның айтуынша, орталыққа көбіне егде жастағылар жүгінеді. Олардың ішінде балалар тастап, шетелге кетіп қалғандар бар; құжаттарын жоғалтып, жұмыссыздыққа ұрынғандары да бар.
"8:00-ден 8:30-ға дейін таңғы ас, 12:00-ден 13:00-ге дейін түскі ас, 16:00-17:00 түскі шай, ал 18:00 мен 19:00 аралығында кешкі ас беріледі. Қалған уақытта орталықтағылар қалағанын істейді. Арнайы бағдарлама жоқ, себебі біз жабық мекеме емеспіз. Қалаған жерлеріне арнайы рұқсат қағазбен барады. Бұдан басқа, музейге, саябаққа, концертке барамыз. Тігін үйрететін арнайы шеберханамыз да бар"
24 жылдың ішінде мекемеде айтарлықтай өзгеріс болған. Алғашында түнгі бөлім болып қана ашылған орталықта қазір тағы 4 бөлім ашылып, 7 бағыт бойынша көмек көрсетіледі. Мұхтаж жандарды қарттар үйіне жіберіп, жұмыспен қамтып, оларға құжат жасау мүмкіндігі пайда болды.
Орталықта бас қосып, үй болып кетіп жатқандар, жоғалған ата-аналардың балалары табылып, отбасымен қауышып жатқандар да бар.
"30 жыл бойы отбасынан көз жазып қалған кісі болды. 90 жылдары мемлекеттік қызметкер, бас директор болған адам Грузиядан Қазақстанға келгенде басына соққы алып, есін ұмытып қалған. Ұзақ жылдан кейін баласымен табыстырдық. Еңбек құлдығында да болғандар бар. Іздестіру барысында консулдықтармен жұмыс істейміз. Жақында америкалық бала келді. Өткенде де канадалық ер адам Алматыға жұмыс бабымен келген, мұғалім боламын деген, алайда оны шақыртқан компания жұмысқа алмай қойған, ол бізге жүгінді біз оны еліне қайтаруға көмегімізді тигіздік. Былай қарасаңыз, білінбейді, алайда көп жұмыс істеліп жатыр", - дейді Ырыскүл Құсайынқызы.
Маманның айтуынша, мұнда түскендер баяғы өмір салтын қайта ұстануға бейім. Көбі ішімдікке салынып кетеді.
"Қиын... Олар қанғыбастыққа бейім. Оларды қанша тәрбиелесең де, өз бетімен жүргенге, сырттағы өміріне бейімделгендер. 3-4 айдан кейін құжатын жоғалтып оралып жатады. Мұндағының көбі ішімдікке бейім. Әдетте жазда 150 адам болса, қыста 200-ден асып кетеді. Көп адам қайта келіп жатады. Оларға көмектесіп, жұмысқа орналастырсаң да, ішімдікке салынып, бұрынғы кейпіне оралатын адам көп", - дейді ол.
Орталық тұрғындарының бірі - Амантай Рахымжанов. Ол 1952 жылы Алматыда дүниеге келген. Былтыр желтоқсанда орталыққа ауыстырылған. Бұған дейін 72 жастағы қарт түрмеден босатылған соң, өмірге бейімделіп кетуі үшін осы орталыққа жіберілген. Әскерге барып келгеннен кейін ол төбелеске ұрынған, кейін сол үшін істі болып кеткен. Темір тордан шыққаннан кейін отбасын құрған. Алайда қазір балаларымен араласпайды.
"Мені вокзалдан екі адам күтіп алды. Арбаға отырғызып, осы жерге алып келді. Алдымнан ақ киген екі кезекші қыз шықты. Мені тіркеп алды. Бәріміздің іздеп жүргеніміз пана ғой. Адам баласымыз ғой, далада отырған біртүрлі ғой. Мен мынадай жерді бұрын көрмедім. Қанша мекемеде болсам да, мұндай тәртіпті, тазалықты бұрын көрмедім. Мұнда үйдегідей жылу бар. Мұнда түскенде танысым келіп, алғашқы керек-жарақты әкелді, алайда мұндай оның қажеті болмай қалды. Мұнда бәрі бар.
Амантай Рахымжанов "Пана" орталығына келерден бұрын қатты қобалжығанын айтты.
"Панаға" келіп өлетін болдым ба деп ойладым. Сосын несі бар, елдің арасындамын, мені далаға лақтырып тастамайды ғой деп ойладым", - дейді қария.