Астана төңірегіндегі ауылдардың бірі - Софиевка. Ол елорда шекарасынан 30 шақырым жерде орналасқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ауылдың тарихы XIX ғасырдың аяғынан бастау алады. 1899 жылы мұнда "Софиевский" қоныс аудару учаскесі құрылып, 1901 жылы Софиевка ауылдық қоғамы пайда болған. Негізгі тарихи атауы - Қойайырған.
Кеңес дәуірінде Софиевка ауылдық кеңестің әкімшілік орталығына айналып, ауыл шаруашылығы өрістеген елді мекені ретінде дамыды.
Ал қазір ауылдық округ ретінде құрамына Софиевканың өзі және жақын маңдағы Жабай атты шағын ауыл кіреді. Округте 3 390 адам тұрады, олардың басым бөлігі - жұмыс істейтін халық. Мұнда зейнеткерлердің үлесі - небәрі 10 пайызға жуық.
Софиевканы шартты түрде ескі және жаңа бөлікке бөлуге болады. Google Maps түсірілімдерінен шығыс бөлігінде құрылыс қарқынды жүріп жатқаны, болашақ жолдар мен шағынаудандардың нобайы анық көрінеді.
Ауылдың жаңа бөлігіндегі жер телімдері - кезінде мемлекеттен 10 сотық жер алуға өтініш жолдағандарға беріледі.
Софиевканың ескі бөлігінде орталық су құбыры бар. Жаңа бөлігінде әзірге жоқ, бірақ су алуға болатын блок модуль орнатылған.
Жергілікті әкімдіктің уәдесі бойынша бұл қолайсыздық уақытша, болашақта бүкіл ауылды орталықтандырылған сумен қамту жоспарланған.
Ал жаңа бөлікте шамамен жарты ғасырлық тарихы бар бұлақ бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, одан су алуға тіпті Астана тұрғындары да келеді.
Жақында бұлақтың айналасы абаттандырылған. Бұрын мынадай болған:
Кейін ескі металл вагонның орнына кірпіштен ғимарат тұрғызылған:
Сондай-ақ, мұнда демалатын орын мен бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұлақтың суы сараптамаға жіберілген. Нәтижесі оның ішуге жарамды екенін көрсеткен.
Жергілікті тұрғындар шомылуға жақын маңдағы Қоянды су қоймасына барады. Софиевка өзені шомылуға арналмаған.
Жергілікті тұрғындардың көбі Астанада жұмыс істейді. Бірақ ауылдық округтің өзінде де жұмысқа орналасатын жерлер аз емес: мұнда тоғыз ЖШС, түрлі жеке кәсіпкерлік жұмыс істейді, карьерлер мен алты шаруа қожалығы да бар.
Астанаға №317 қала маңындағы автобуспен немесе жеке кәсіпкердің тұрақты қатынайтын шағын автобусымен адам басына 500 теңгеге жетуге болады.
Софиевкада жетіспейтін нәрсе - жаңа мектеп. Негізі мұнда мектеп бар.
Бұл - 1981 жылы салынған ғимарат, бірақ мұнда жүйелі түрде жөндеу жүргізіліп, сыныптар жаңартылып тұратыны байқалады. Дегенмен мектептің сыйымдылығы - небәрі 319 орын. Мұнда одан екі есе көп бала оқиды.
Жергілікті билік мәліметінше, оқушылар саны жылдан жылға өсіп келеді.
"Бала саны артып келеді. Кейбіреулер елордаға көшіп жатса, керісінше мұнда көшіп келушілер көп. Болашақта бізге жаңа мектеп қажет. Үлкен әрі жайлы мектеп жетіспейді", - деді мектеп директоры Қарлығаш Малғажарова.
Софиевкада мектептен бөлек екі шағын балабақша бар: біреуі - мемлекеттік балабақша, екіншісі - жекеменшік балабақша.
Ауылдағы Мәдениет үйі жеке тоқталуға тұрарлық. Оның алдындағы аумақ - Софиевканың басты алаңы, мұнда барлық іс-шара өтеді.
Ол бір кездері сыртынан қарағанда дәл мынадай болған:
Ал ішкі көрінісі мынадай болған:
Ғимарат қараусыз қалған. Кейін ол "Ауыл - ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен. Нәтижесінде ауыл тұрғындары үшін кең әрі еңселі орталыққа айналды.
Жергілікті амбулатория алты жыл бұрын салынған.
Мұнда қабылдау және физиотерапия кабинеттері, процедура бөлмесі, ЭКГ, күндізгі стационар, зертхана бар.
Тіпті тіс дәрігерінің кабинеті де бар, бірақ дәрігердің орны бос тұр.
Жергілікті тұрғындар Ғабдулхай Әлжанов пен Бағлат Тоқышева ауылдың тыныс-тіршілігі туралы айтты.
"Ауылда жағдай жақсы. Жарық, су, асфальт, тротуарлар - бәрі бар. Бақша, монша, гараж - бәрі өз орнында. Үй ішінде әжетхана, су, душ та бар. Септиктер тазартылып тұрады. Ұзақ жанатын пеш орнатқанбыз. Ауылға газ тартылса, тіпті керемет болар еді", - дейді олар.
Көптеген жергілікті тұрғын газды асыға күтетінін айтады. Мұнда орталық жылыту жүйесі жоқ, халық пеш жағады. Бірақ Софиевкаға қашан газ тартылатыны белгісіз.
Софиевкаға қоныс аударғыңыз келсе, мұндағы үйлердің бағаларын біліп жүрген артық етпейді. Ең арзан баспана шамамен 10-15 миллион теңге тұрады. Ал жер телімдері бір жарым миллион теңгеден бастап сатылады.
Сондай-ақ, тұрғындар ауылға кіреберістегі мына жолға шағымданады, оның қазіргі сиқы мынадай:
Софиевка ауылдық округінің әкімі Бекзат Сүгірәлиев бұл мәселеге былай деп жауап берді:
"Ауыл ішіндегі жолдар мен кентке келетін жолдың күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір 15 шақырымға жуық жолға асфальт төселіп, тротуарлар салынды. Жоба әлі аяқталған жоқ. Сот шешімі негізінде алдыңғы мердігер ұйыммен келісімшарт бұзылды. Қазір қалдық құнын есептеу рәсімі жүргізіліп жатыр".
Сонымен қатар, шенеунік ауылда жарық бар екенін, тек әзірге барлық көшеде емес екенін айтты.
Дегенмен ол бұл мәселелер ерте ме, кеш пе, шешімін табатынына уәде етті.