Балқаш тартылып бара жатыр. Ол Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін бе?

Балқаш көлінің 35 000 жылық тарихы бар. Ол елімізде Каспийден кейін екінші және дүние жүзіндегі ең ірі көлдер тізімінде 14-орында тұр. Көлдің батыс бөлігі тұщы, ал шығысы ащы болып бөлінеді. Экологтар Балқаштың тартылып бара жатқанын айтып дабыл қағып жатыр. Балқаш көлі Аралдың күйін қайталамауы үшін 2019 жылдан бастап бұл көлге елдің, экологтар мен ғалымдардың назарын аудару үшін жыл сайын мұз өткелі шарасы өтеді. 2023 жылдың 11 ақпанында Алматы Менеджмент Университетінің ұйымдастыруымен кезекті "Uly Balqash Shaqyrady!" III мұз өткелі өтті.

"Uly Balqash Shaqyrady!" жобасының миссиясы – сол айрықша көлдің экологиясына қоғам назарын аударта отырып, Балқашты сақтап қалуға үлес қосу

Балқаш көлінің үстінен жүріп өту үшін, арнайы топ кетіп бара жатыр. Дәл осы күні ауа райы қатты бұзылып, боран соққан

Бұл жолғы қатысушылар Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерді қолдау мақсатында Түрік туын да ала келген

Балқаш сөзі нені білдіреді

"Балқаш" топонимі, бір нұсқа бойынша, татар, қазақ, алтай тілдерінің "балқас" сөзінен шыққан, ол "дөңес басқан батпақты жер" немесе "батпақтағы дөңес" дегенді білдіреді. Қазақ тілінде "балқыту" "металл балқыту", сөзімен байланысты. Балқу этимологиясы академик Ә.Марғұлан еңбектерінде кездеседі. Себебі Балқаш өңірі энеолит және ерте қола дәуіріндегі ежелгі металлургияның орталығы ретінде белгілі болған.

Желдің әсерінен белгіленген жолды жүріп өту қиын болған

Балқаштың шығу аңызы

Көлдің шығуы туралы аңыз бойынша Балқаш байдың Іле атты сұлу қызы болыпты. Оны ұзататын кез келгенде Балқаш қызын тек ең бай, батырға ғана тұрмысқа беретінін хабарлайды. Келген күйеу жігіттердің арасында қымбат тауарлар тиелген керуендері бар Қытай императорының екі ұлы, үйір-үйір жылқысы мен күмісін арқалаған Моңғол ханының ұлдары, сондай-ақ кілем, піл сүйегінен жасалған бұйымдары бар жас Бұхар көпестері болған. Әйтсе де, бағын сынағысы келгендердің қатарында қалыңдықты бірден ұнатқан шопан Қаратал да бар еді. Барлық сайыста мерейі үстем келген оған Іле де ғашық болып қалады.

Қараталдың жеңісіне ызаланған бай оны қуып жіберді. Алайда, Іле түнде әкесінің жүйрік тұлпарымен Қараталдың ізінен қашып кетеді. Қызының кеткенінен хабардар болған Балқаш қос ғашықты сиқырлап, екі өзенге айналдырады. Өзендер қосылмасын деп, Балқаш араларына түсіп, көбік толқынынан сұр көлге айналған екен.

Төтенше жағдайдың алдын алу үшін арнайы қызметкерлер де келген

Балқаш аралдың күйін кешуі мүмкін бе?

Балқаш суының 80 пайызы трансшекаралық Іле өзені арқылы келеді. Бөгеттер мен су қоймалары, соның ішінде Қапшағай көлі  Балқаш экожүйесіне үлкен кері әсерін тигізеді, дейді ғалымдар. Соның салдарынан кейінгі бірнеше жылда су көлемі күрт тартылып кеткен. Бұған Қытайдан келетін судың азаюы да себеп болып отыр.

Бұдан бөлек Балқаш көлі ластанып бара жатыр. Оған себеп Іле өзені мен Балқаш көлінің суларында сульфаттардың, нитриттердің, органикалық қосылыстардың, пестицидтердің және ауыр металдардың мөлшерінің артқаны. Бұған Балқаш тау-кен металлургия комбинатының қоймасы, сондай-ақ Іле өзенінің суынан, оның ішінде Қытай аумағынан келетін зиянды заттардың көбеюі әсер еткен.

2021 жылдың наурыз айында шетелдік БАҚ Қытайда жерді игеру және күріш алқаптарының кеңеюі қарқынды жүріп жатқанын хабарлады. Бұл Қазақстандағы ең үлкен көл Балқашқа үлкен қауіп төндірді. Балқаш құрғақ аймақтағы ауыз судың негізгі көздерінің бірі. Соның кесірінен 3 млн-ға жуық адам зардап шегуі мүмкін еді.

Ақтүтекке сіңіп бара жатқан адамдар. Балқаш көлінің экологиялық жағдайына қоғам назарын аударғысы келген топтың мақсатынан құйындатқан боран да қайтара алмады

Бұл мәселеге байланысты сол кездегі Экология вице-министрі Серік Қожаниязов Балқашқа Қытайдан қауіп төніп тұрғаны туралы мәлімдемелерге жауап берді.

"Балқаш көлі  бойынша барлық мәселелер шешіліп жатыр. Ол Аралдың тағдырын қайталамайды деп сеніммен айта аламын", - деп мәлімдеген еді.

AlmaU президенті Асылбек Қожахметов бұл шараның пайда болған тарихын көпшілікке айтып берді.

"Ол кезде мен DBA бағдарламасында оқып жүрдім. Онда білім алатындар жыл сайын Байкалға жорық жасайтын.  Мені де жыл сайын шақыратын. Тек 2018 жылы ғана Байкалға жолым түсті.  Маған бәрі ұнады. Қазақстаннан барған команда сол жылы бірінші орынға ие болды. Елге оралғаннан кейін Балқаш көлімен қатысты жоба жасауға шешім қабылдадым. Ал 2019 жылы алғашқы мұз өткелі өтті. Содан бері жыл сайын өткізіп келеміз, тек пандемия жылдары тоқтап қалды. Енді аталмыш бастама дәстүрге айналады деп үміттенеміз. Бұл бейресми, өзін-өзі қаржыландыратын жоба. Мемлекеттің бюджеті қажет емес. Ең бастысы адамдарға ұнайды", - дейді ол.

World Class спорт клубының бас директоры, жоба қатысушысы Валихан Тен жобаға үздіксіз қатысуының себебін бөлісті.

"Мен ауыр атлетпін, спортшымын. Экология үшін не істей аламын? Қолымнан келетіні – шараларға қаражат бөлу, қоқыс жинауды ұйымдастыру. Мұз өткеліне қатысу арқылы табиғатқа деген аяусыз қарым-қатынасқа наразылық білдіремін. Сондықтан жыл сайын Балқашқа баруға дайынмын" - дейді ол.

Маржан Дайрабаева AlmaU-дың Астана қаласындағы филиалында магистратурада оқиды. Ол осы жобаға өз үлесін қосу мақсатында Өскеменнен арнайы келген.

"Мен мәреге дейін жеттім. Дәл қазір бойымдағы энергиям тасып тұр.  Мұз өткеліне қатысып, Балқаш көлінің мұзымен жүріп өткеніме қуаныштымын. Сондай-ақ, өзім білім алатын AlmaU-дың экологиялық мәселелерге назар аударғанына қуаныштымын.  Бұл университетте әрқашан өзекті мәселелер назарға алынып, студенттерге сұрақ қойылып,   нақты мақсатқа жұмыс істейтіндері ұнайды", - дейді магистрант.

Жобаның белсенді қатысушыларының бірі, 2017 жылғы қысқы Универсиадада алау ұстаған Сұңқар Қарабалин Қазақстан мен Түркия елдерінің жалауымен мұзды бағындырды.

"Бұл менің жеке бастамам болды. Осылайша бауырлас халықты қолдауға шешім қабылдадым. Қатысушылар түркі елінің қызыл туын көргенде бәрі де бірден қолдау көрсетті. Әлбетте, қазір түрік халқына оңай емес. Олардың туы әрдайым көкте желбіреп, халқы аман болсын!", - дейді Сұңқар Болатұлы.

Жазира Байдалы, AlmaU-дың PR-директоры:

"Ұлы Балқаш шақырады" жобасы биыл үшінші рет өткізіліп жатыр. Біз көбінесе жұмыс пен үйдің арасында өмір сүріп айналамызға назар аудармаймыз. Уақыт жоқ, айнала гүлдеп жатыр ма, жерде қоқыс жатыр ма мән бермейміз. Ал шын мәнінде айналамызда өзгеріс көп, өкінішке қарай олар жағымсыз өзгерістер. Адам бір сәт тоқтап, табиғатқа назар аударуы қажет. Өйткені ағаш пен гүлге, табиғаттың қойнауындағы байлыққа қол үшін созбасақ, олар жойылып кеткелі тұр. Табиғаттың тілі жоқ. Әйтпесе, ол бізге үн қатар еді. Түркиядағы оқиғаларға қарасақ табиғат та тіл қатып жатқан сияқты. Биыл осы айтқандардың алдын алу үшін "Ұлы Балқаш шақырады" жобасын кезекті рет өткізіп тұрмыз. Бұл мемлекеттен қаржыландырылмайтын, тәуелсіз жоба. Бүгін ауа райы қолайсыз болса да, келген мақсатымызға жетіп, аяғына дейін жүріп өттік. 120 адам қатысты, олардың барлығы түрлі салада жүрген адамдар. Бірақ оларды Қазақстанға деген махаббат, экологияға деген алаңдаушылық біріктіріп отыр", - дейді Жазира Байдалы.

Бұл жобаға Раббим Бораш Маңғыстаудан қатысу үшін келген.

"Былтыр Көкшетаудан Каспийге қонақтар келген. Олар шомылған жерге биыл барып қарасам, теңіз көрінбейді. Міне, Балқаш та солай болмауы үшін біз осылай жүріп, қоғамның назарын аударуымыз қажет", - дейді маңғыстаулық қатысушы.

Белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім бұл жобаның балаларға да қажет екенін айтады.

"Бұл қажет жоба. Балаларға да пайдалы. Қауіпті деп қорқудың қажеті жоқ. Мұздың қалыңдығы жарты метр. Балаларды 11-12 жастан бастап саяхатқа, романтикаға қызықтыру қажет. Өткенде 12-ге толған екі немеремді 3 күнге Іленің жағасына алып келдім. Балық ұстап жүрміз, бір кезде екі немерем жоқ. Палатканың ішінде телефонмен ойнап жатыр екен. Қатты ренжідім. "Тұрыңдар, жиналыңдар кетеміз!" дедім. "Ата, 3 күнге келдік емес пе?" дейді. "Телефонмен үйде де ойнайсыңдар. Бұл жерге не үшін келдік. Келгенде ойлағам, бірің менің қасымда аң аулауды, екіншің балық аулауды үйренетін шығар деген едім, сендер смартфон қарап отырсыңдар" дедім де шынымен кетіп қалдық. Баланы табиғатқа 12-13 жасында қызықтырмасақ, ары қарай кеш болады деп ойлаймын", - дейді қоғам қайраткері.

Алғашқы мұз өткеліне 50 адам қатысқан еді.  2020 жылы олар 100-ге жетті. Ал ІІІ мұз өткеліне қатысушылардың саны –  120.  Көлдің тағдырына бей-жай қарамайтын адамдардың саны жылдан жылға артып келе жатқаны қуантады.



Бөлісу: