Адам бойымен бірдей қуыршақтар кез келген жиын-той, балалар мерекесінің сәніне айналды. Ал бұдан 2 жыл бұрын елімізде алғаш рет "Маска" шоуы жарыққа шықты. Дәл сол шоуда ән айтқан 8 өнерпаздың қуыршақ киімі, түрлі мерекелердегі аниматорлар киімі Жангүл Келгентайқызы басқаратын цехтен шыққан. Бұл кәсіп бұдан 8 жыл бұрын бастау алып, қазір отбасылық бизнеске айналып отыр. Massaget.kz тілшісі елімізде мұндай ерекше қуыршақтарды тігетін кәсіп иелері - Жангүл Келгентайқызы және оның ұлы Еркен Милатұлымен сұхбаттасты.
Жангүл Келгентайқызының тігінге деген икемі апасы мен атасынан берілген. Ол Өскеменнен Алматыға көшкелі 20 жылдан асты. Алматыдағы өмірінің 8 жылын кейіпкер сүйікті ісіне жұмсаған.
"Қолымызға ине алып өстік"
"Кішкентай кезімде апаларым көп әсер етті. Бала кезімізден көйлек тіктік. 90-жылдары қиын кез болды ғой. Матаң болса, өзіңе бір киім тігіп аласың. Кішкентайымыздан қолтоқыма, шұлық, қолғап деген нәрселерді тігіп үйретті. Оның үстіне біз Шығыс Қазақстан облысында тұрамыз. Онда қыс суық. Апам шебер кісі болатын, тымақ тігетін, ал атам пима басатын. Соның бәрін көріп өскен соң, біз де қолымызға ине алдық.
Кейін апаларға көйлек те, халат та тіктік. Наурызда ата-енеме киім тігетінмін. Атам - өнер адамы, ол күй шертетін, сахнаға шыққанда шапан тігіп беріп едім. Сол шапаны әлі күнге дейін ілініп тұр", - дейді Жангүл Келгентайқызы.
Кенет түскен тапсырыс үлкен кәсіпке айналарын ешкім білмеген...
Жангүл Келгентайқызының негізгі мамандығы - теміржолшы. Ол мамандығы бойынша небәрі 11 жыл жұмыс істеген. Кейін Алматыға көшіп, кәсіп бастаған.
"Өскеменнен Алматыға көшкенде саудамен де айналыстым, неше түрлі іспен айналыстым. Одан кейін денсаулығыма көп нәрсе әсер етті. Ал тігіншілікпен айналысқанда көп қимылдамайсың, бір жерде отырасың, оның үстіне, қолайлы болды. Жалға бір жер алдым да киімдерді қайта тігу, өңдеумен айналыстым. Одан кейін Carcity-дің маңында көлік орындықтарына арналған қаптарды (чехолдар - еск.) тігіп бастадық. Сол кезде үлкен қуыршақты өңдеуге бір бір тапсырыс түсті. Ол көлемді жұмыс қой. Тапсырыс беруші "қап тігу де көлемді жұмыс қой, сол үшін сіздің қолыңыздан келетін шығар деп әкелдім" деді. Көп ательe мұндай тапсырысты қабылдамаған. Сол тапсырыс өмірімді өзгертті", - дейді ол.
"Арнайы техникалық білімім жоқ"
Кейіпкердің айтуынша, оның көлік орындықтарына қап тіккенін 13 жылдай болған. Бір қызығы, Жангүл Келгентайқызының тігін тігуден арнайы білімі жоқ, ол бәрін өз бетінше үйренген.
"Негізінен арнайы техникалық білімім жоқ, бәрін өзім үйрендім. Кей кезде өзің үйренгеннің пайдасы болады. Мәселен, біз кез келген матаның, техниканың ыңғайын тез тауып аламыз", - дейді ол.
"Есім барда, елімді табайын"
Былтыр мамырдан бастап Жангүл Келгентайқызының ісіне ұлы Еркен Милатұлы да көмектесе бастаған. Еркен Милатұлы алғашқыда тек жарнама жіберіп отырған. Сол кезде 2 көмекшісі бар Жангүл Келгентайқызы айына 10 қуыршаққа тапсырыс алса, ұлы кәсіпке араласа бастаған соң тапсырыс көбейген.
Кейіпкердің ұлының негізгі мамандығы - программист. Алайда оның өмірі де шытырманға толы. Ол анасының кәсібін қолға алмастан бұрын, өзі шетелдерде кәсіп бастап көрген, алайда бәрі сәтсіз болған. Алдымен Ресейде 6 ай жұмыс істеген Еркен кейін Таиландқа жол тартқан. Бірақ 3 айдан соң "есім барда, елімді табайын" деп Қазақстанға оралған.
Оның айтуынша, 2017 жылы электрик та, құрылысшы да болған. Сол жылы Өскеменге барып, тағы бір кәсіп ашқан. Бірақ ол кәсіп те алға баспаған. Өскеменнен қайта оралғанда Жангүл Келгентайқызы көлікке арналған қаптарды тігіп, кәсіп бастаған. Еркен сол жылы анасына қолғабыс болуды ұйғарған.
"Бұрын анамның бутигі екі кабинет болатын. Мен оған "өзіңе тағы бір тігінші алсаңшы" дейтінмін, ол "оған жалақы төлеу керек" деп шығатын. Сөйтіп екеуміз ұрсысып жүріп, тігінші алдық. Ақырындап адам көбейе бастады", - дейді ол.
Отбасы болып кәсіп жүргізу оңай емес. Алайда әр адам өз қызметін, өз міндетін нақты білсе, онда кез келген жұмыс өрге басатыны анық.
"Отбасылық кәсіп жүргізу қиын ғой. Бірақ әрқайсымыз өз міндетімізді бөліп алдық. Ұлым - сату, жарнама, кәсіпті дамыту сынды жұмысты өз мойнына алды, олардың офисі басқа жақта. Ал тігін, өндіріс бөлігі менде, ол осы цехте, сондай-ақ, скульптор, бутафордың да арнайы кабинеті бар", - дейді Жангүл Келгентайқызы.
Жангүл Келгентайқызы алғашында кәсібін 3 адаммен бастаған. Ал қазір цехте жұмыс істейтіндер саны 7 есе өсті.
"Қазір цехте 20 адам жұмыс істейді. Арасында үйде істейтін қыздар бар. Оларға көбіне орайтын, асықпай тігетін материалдар береміз. Бір айда ең азы 100 қуыршақ тігіледі. Ал былтыр Жаңа жыл алдында 160 қуыршаққа жеткен", - дейді ол.
"Айналым 1 миллионнан 28 миллионға дейін өсті"
Еркен Милатұлының айтуынша, қуыршаққа алғаш тапсырыс 2015-те түскен. Алайда қарқынды жұмыс былтыр наурызда ғана басталған.
"Ақшадан қиналған кезім болды. Сөйтіп қуыршақтарға жарнаманы дұрыстап берейін деп ерінбей отырдым. Келесі күні саудаға кірісіп, 10 қуыршақ саттым. Кейін саудагерлер жинадым. Алғашында өзім бір айдың ішінде 28 қуыршақ саттым, кейін сауда менеджерлерін алған соң, тапсырыс көбейді, бір айдың ішінде 40 қуыршақ саттық. Ол кезде жұмыс көбейіп кетті, өзім қуыршақтың бастарын жабыстырып, күніне 3-4 сағат ұйықтайтын болдым. Сөйтіп 8 сату менеджеріне дейін алдық. Тапсырыс ай сайын өсіп отырды. 6 айдың ішінде айналым 1 миллион 200 мыңнан 28 миллионға дейін өсті. Жұмысшылар көбейді, бірақ менің жалақым 400 мың теңге болды, соған қарамастан 300 мың теңге жалақы төлейтін көмекші жалдадым", - деді ол.
"Анаммен жиі сөзге келіп қалатынбыз, бір-бірімізді түсінбей жүрдік"
Қарқынды дамыған кәсіпке енді барлық жұмысшы сиятындай цех қажет болған. Еркен Милатұлының айтуынша, цехті алудың өзі қызық естелікке толы.
"Анаммен жиі сөзге келіп қалатынбыз, бір-бірімізді түсінбей жүрдік. Сол кезде менің де өз цехім болса екен деп армандайтынмын. Сөйтіп отырғанда бір күні арзан цех тауып алдым. Қалтамда 5-ақ мың теңге, анамды ертіп алып иесімен сөйлесуге келдік. Ол кісі кәсібінің алға баспағанын, басқа қалаға көшіп бара жатқанын айтты. Сөйтіп ертең нотариуста кездесетін болдық, қалтамда көк тиын жоқ. Келесі күні цех иесі хабарласты. Менде 1 миллион теңге болу керек еді. Бірақ қалтамда түк жоқ. Құдайдан қатты тіледім. Анам 550 мың теңге береді, сол күні бірнеше тапсырыс орындап, қалтама тағы 500 мың теңге түсті. Кездесуге келсем, шотымда миллион 50 мың теңге тұр. Сөйтіп бір нотариусқа барсақ, ол жабық, екіншісі істемейді, үшіншісі тағы сол. Бұл бір белгі шығар деп ойладым. Сосын асықпай цех иесімен сөйлестім. Сөйтсем, ол кісі цехті жібере алмай, қорыққан екен. Мен оған маған сенуін сұрап, уайымдамасын деп ашық сөйлестім, сол сәтте нотаруис хабарласып, бәрі шешіліп кетті. Қазір ол цехтен үлкенірек жерге көштік. Ол жер тек офис ретінде қалды", - дейді ол.
Мұндай цехтен қазір қуыршақтар әлемнің түкпір-түкпіріне жіберіледі. Жангүл Келгентайқызы алғашқы ауқымды тапсырысын есіне алды.
"Қуыршақтың үлгісі күрделі болғанымен, қатты қиындық тудырмайды, оған қоса, жолдасым да көмектесті. Алғаш ауқымды тапсырыс алған кез есіме түсіп отыр. Ланджоу мейрамханасы бірден 4 қуыршаққа тапсырыс берді. Алдымен біреуіне тапсырыс берді, кейін 3-еуін алдық. Біреуін Мәскеуге, Қарағандыға жіберген", - деді ол.
Қазір компания театрмен жұмыс істейді. Пиццариядан бастап, заманауи қуыршақтарға тапсырыс беретіндер көп. Ал компания жасаған ең есте қаларлық қуыршақ - хоккейден Қазақстан құрамасы Барысының маскоты (адам бойымен бірдей замаунауи алып қуыршақтар - еск).
"Шебер болмасаң, қолыңнан келу екіталай"
"Қуыршақ тігудегі ең қиыны нәрсе - оның басы. Шебер болмасаң, қолыңнан келу екіталай. Ал қазір мейнстримге арналған қоян, Тедди аюларын кез келген адам тіге береді. Қоян мен аюды Алматыда 10 шақты адам тігеді. Бірақ бізге жете алмайтын сияқты. Біз өнімдерімізді Германияға, Аустралияға, АҚШ-қа жіберіп жатырмыз. Қазір бұл салада елімізде үлкен компания - біз", - деді цех иесі.
Қуыршақтың да түрі көп. Қиыны бар, жеңілі бар. Оның нәтижесін көргенде көздің жауын алады. Өзіңе бір ойыншық әкеп бергендей көзің жайнап, балаша қызығып тұрасың. Сондықтан осы сала да, процесс те қызық.
"Маска" шоуына 8 қуыршақ тіктік
Бұл компания заманауи болғанымен ерекше. Мәселен, қазір түрлі мультфильм кейіпкерлеріне қазақша шапандар мен тақия тігіліп жатыр.
"Былтыр біз "Маска" шоуына 8 қуыршақ тіктік. Нұрлан Абдуллинге Джин тіккеніміз есімді. Теледидардан сол екенін кейін білдік. Әртістерді де, кімге тігіп жатқанымызды да айтқан жоқ. Олар тіпті өлшеуге де келмеді. Ақпараттың құпия болуы қатаң сақталды, біреуге айтуға, әлеуметтік желіге салуға рұқсат етілген жоқ. Шоу шыққан кезде ғана теледидардан кімге тіккенімізді білдік. Өлшемдерді өздері жіберді, болды", - дейді Жангүл Келгентайқызы.
"Әр туындың - балаң"
Жангүл Келгентайқызының айтуынша, ол цехінен шыққан қуыршақтар мен басқа біреу тіккен өнімді бірден ажырата алады.
"Өз туындыларым мен басқа біреулердің тіккен қуыршақтарын бірден ажыратамын, тіпті біздің қуыршақтар арамында қайсын кім тіккенін білемін. Әркімнің мінезі әртүрлі ғой. Қуыршақ та сол мінездей болады. Егер тігіп отырған адамның көңіл күйі болмаса, онда қуыршақ та көрінеді. Оны кейін өзгертеміз. Қуыршақтарды күнде көрген соң, бізге анық көрінеді. Ал басқаларға қисық тігілгені де байқалмайды. Өз қуыршағыңды көшеден көрсең, жүрегің жылып кетеді, өйткені әр туындың - балаң. Мен қуыршақтың басын тігетін қыздарға үнемі қандай көңіл күймен тіксең, сондай қуыршақ шығады. Сондықтан "сендер қуыршақтарды өз балаңдай көруің керек" деймін. Бұрын мен алғаш тіге бастағанда Қарлығаш тәтеміз болған. Ол кісі маған "Теддидің анасы келе жатыр" дейтін. Мен қыздарға "қолыңнан шыққан туындыға анасы ретінде қараңдар" деймін, өйткені жақсы көріп, жылумен тігілсе, әдемі болып шығады", - деді ол.