Автобуста 200 теңге: Алматылықтар қымбаттаған жолақыға қалай қарайды?

Автобуста 200 теңге: Алматылықтар қымбаттаған жолақыға қалай қарайды?

Бүгіннен бастап Алматыда жол жүру ақысы қымбаттады. Жол ақысының 100 теңге болуы қарапайым қараша үшін оңай болмай тұр. 9 тамызда қабылданған бұл шешім дәл бүгін күшіне енді. Енді Алматылықтар қолма-қол 200 теңге, ал оңай карталары арқылы 100 теңге төлейтін болады. Алғашында бұл қаулыны "Халықтың пікірін де сұрамады" деп ашуланған ағайынның қазіргі қымбатшылыққа көзқарасы қандай?  Massaget.kz тілшісі қала тұрғындарымен тілдесіп көрді. 

Тағаты таусылып, аялдамада автобус күткендердің қарасы қалың. Өйткені Алматы тұрғындарының басым бөлігі қоғамдық көлікпен қатынайды. Олардың арасында Гүлжан Қасымбаева да бар. "Таксидің бағасы аспандап тұрғандықтан қоғамдық көлікті жиі пайдаланамын", - дейді ол. Оның айтуынша, үйінен жұмысына дейін 2 автобусқа ауысып мінуге мәжбүр.  

"1 автобуспен ғана жүрмейміз. 3-4 қоғамдық көлікке отырамыз. Жұмысқа екі автобуспен барамын. Ол автобустар уақытында келіп, қыстырылыспай мінсек екен. Ол да жоқ. Жастың барлығы отырып алып, бетіңе бақырайып қарап орын бермейді. Қашан мінсең де қоғамдық көлікте отыратын орын болмайды. Ал енді осындай жағдайда жол ақысын көтеру ақылға қонымсыз деп есептеймін", - дейді жолаушы Гүлжан апа. 

Тұрғынның көпшілігі бағаның көтерілуі дұрыс емес деп есептейді. Себебі жалақы да соған сай болу керек екен. Ал ата-аналар болса "баламызбен бірге қоғамдық көлікке мінсек, таксидің бағасы шығып кетеді" деп шағымданды. 

"Көтерілгені қиын әрине. Таксимен жүргендей боласың. Кейбір автобустар жақсы, кейбірі жаман. Жағдай жасалмаған, салқындатқыш қоспайтын қоғамдық көлікке қайтіп 100 теңге төлейсің. Бала шағаммен жүрмін. Қазір бұларды мектепке дайындау керек. Бір базардан екіншісіне осы автобуспен барамыз. Не істейміз? Амал жоқ", - дейді Аида есімді қала тұрғыны. 

Тұрғынның көбі автобустарға көңілі толмайды. Сапасына бағасы сай келмейді деп қапалы. Ал қолма-қол төлейтін 200 теңге қала қонақтары үшін тіптен қиын. Біз автобус ішіндегі Қайрат есімді егде жастағы адаммен тілдесіп көрдік. 

"Мен Жезқазған қаласынан келдім. Бізде жолақы - 60 теңге. Ал мына жақта үш есе қымбат екен. Алматыға айда-жылда бір келген соң, Оңай картаны қажет деп санамаймын. Уақытша жүргенге 200 теңге, әрине, қымбат қой. Оның үстіне, қазір жалақы мен зейнетақы аз. QR арқылы төлейді дей ме?! Бірақ мен оны түсінбеймін", - дейді ол. 

Жолақы бағасы өткенімен, жүргізушілердің де, билет тексерушілердің де жалақысы өспепті. 

"Тұрғындарға әр кірген сайын ескертіп айтып жатырмыз. Бүгін бірінші күн ғой. Қарсы болып жатқандар бар, әрине. Бірақ біз - тек қызметкерміз. Жалақының өсетіні туралы әлі ешқандай әңгіме айтылмады. Жолақы бағасы енді көтерілді ғой, - дейді автобус жүргізушісі. 

Айта кетейік, қала әкімі Ерболат Досаев 2023 жылы 46,5 миллиард теңгеге Yutong и Golden Dragon маркалы 600 автобус пен 100 троллейбус сатып алынғаны хабарлаған болатын. Тұрғындар автобустар санының көбеюі, интервалды азайтып, салонына адамды толтырып тиіп алатын жүргізушілерден арылтады деген сенімде. 

Ал қоғамдық көліктегі жол ақысының кімдерге тегін болатынын және кімдер жеңілдікпен жүре алатынын білгіңіз келсе мына сілтемеге өтіңіз.