"Аватарға жету қайда деп жасқаншақтаймыз". Белгілі продюсер біздің де кино түсіре алатынымызды айтты

Қазақ кино өнері халықтың рухани мәдениетін байыту жолындағы ұлы іске өз таланты мен шеберлігін жұмсаған адамдардың табанды ұмтылысының арқасында дүниеге келді. Сондай ұжымдық орталық – Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы.

Қазақфильмнің тарихына тоқталып, қазіргі ахуалын білу мақсатында Мassaget.kz порталының тілшілері киностудияға барып, оның вице-президенті Серік Әбішевпен тілдесті.

Серік Әбішов – 1986 жылы Түркістанда дүниеге келген, продюсер, режиссер, өнертану  ғылымдарының PhD докторы. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі. Шетелдерде жүлделі орындарды алған режиссер Әділхан Ержановтың бірнеше фильмінің продюсері. "Куәгер", "Однажды в детском доме" фильмдерінің режиссері. 2015 жылы АҚШ-тың Foreign Policy журналының жыл сайын тағайындайтын Top 100 Global Thinkers (Әлемнің 100 ойшылы) тізіміне енген.

Киностудияға кіре берісте Шәкен Аймановтың мүсіні алыстан мен мұндалап шақырып тұрады

Киностудияның вице-президенті Серік Әбішев бізге қазір Қазақфильмде нендей өзгерістер болып жатқанын айтып берді.

"Былтыр бір қарбаласқан уақыт болды. Киноға қатысты біраз ұсыныс пен ойларым бар еді. Оның ешқайсысына да мойын бұруға шамам болған жоқ. Сөйтіп жүргенде бір жыл зу етіп өте шықты. Міне, тағы питчинг келе жатыр. Алдағы жақын уақытта питчинг өтетіні туралы хабар шығу керек. Қандай міндеттемелері мен шарттары болатынын күтіп отырмыз", - дейді ол.

Бұның алдында Қазақфильмді жаңғырту туралы айтылған болатын. Қаржы киностудияның кино түсіру, монтаждау, дыбысты өңдеу, анимация жасау техникаларын заманауй үлгіде жаңарту арқылы, орталық азиядағы бәсекелестігін арттырып, алдыңғы қатарлы киностудия болуына жұмсалады.

"Бұған дейінгі жаңғыру 2010-11 жылдары болған. Одан бері сол техникаларға қаншама кино түсірілді. Орталық Азия бойынша бәсекеге қабілетін сақтап тұрды. Қазір соның бәрін жаңарттық", - дейді Қазақфильмнің вице-президенті.

Ашық алаңдар салып, Universal парк сынды етіп ашып қойса, туристер келетін

Киностудияның алға қойған жоспары да көп. Соның бірі жаңа павилондар салу. Осы арқылы Алматы қаласын көркейтіп, қазақ киносын дамытқысы келеді.

"Жаңадан павилон салсақ деген жоспарымыз да бар. Өйткені екі павилонымыз ескіріп кетті. Қайта жөндеуді  қажет етеді. Оған жоба дайындадық. Ал жанымыздағы жерге ашық алаң декорация салсақ деген де ойымыз бар. Мысалы, Болгария Кеңес Одағынан бөлінгесін, киностудиядасы да жаңа бағытты таңдады. Сол кезде "еуропалық түсірілім компанияларына арзан, тиімді алаң болайық" деп ашық алаңдар салған екен. Олар Нью-Йорк қиылысы сияқты жаңа ғимараттар мен тарихи алаңдар сала бастаған. Жалпы айтқанда ең өзекті 5-6 ашық алаңдар тұрғызған. Бастысы, сапалы, жаңбыр мен қарға да шыдамды", - дейді ол.

"Сол сияқты декорация салып, Universal парк сынды етіп ашып қойса, туристер келетін. Ол да қаражат табудың бір көзі. Алматыға келген қонақтардың бір сүйікті орнына айналатын еді. Қақпасына осында түсірілген киноларды жазып қойса, тіпті ерекше емес пе? Кино түсірмейтін күндері саябақ етіп қоятын едік. Болгариядағыдай 5-6 емес, бізде 3 квартал сиятын орын бар. Бірақ бір мәселе, бұл жер қазір қала әкімшілігіне тиесілі. Кезінде Қазақфильм 49 жылға жалға алған екен. Қазір бұл келісімшарттың мерзімі өтіп, жер әкімшілікке қайтарылған", - дейді Серік Әбішев.

Қазақфильмге киногерлердің басын қосатын бір коворкинг керек

Серік Әбішев қазақ киносының қара шаңырағы жастардың сүйікті орнына айналу керек деп есептейді.

"Мен басшылыққа келгесін алдымда "Жастарды Қазақфильмге қалай тартамыз?" деген бір тапсырма тұрды. Бұрын киностудия ескі, жөндеу көрмеген, бөлмелерінде жылу жоқ деген түсінік қалыптасқан еді. Бірақ алдыңғы президент Ақан Сатаев жылу мәселесін шешіп берді. Қазір барлық бөлмеде жылу бар. Жақсы істі жалғастыру керек. Жаңа ғимараттар салсақ деген жоспар да бар. Киностудияға бір коворкинг керек. Сол кезде жас киногерлер келетін еді. Ол киносүйер қауымның сүйікті орнына айналатын. Оның ішінде кофе, тамақтанатын жерлер болса, жастар пікірталастырып отыратын еді. АҚШ-та Питтсбургте оқыдым. Сол жердің кітапханасына кірсең шыққың келмейді. Жаныңа керегіңнің бәрі бар", - дейді вице-президент.

"Ал біздің кітапханалар керісінше, денеңді бір энергия басып тұрады. Үндемей отыруың керек. Су ішуге де қорқасың, сол жердегілер ұрсып беретін сияқты. "Су ішуге болмайды, кітапқа төгіп аласың" дейтіндей болып тұрады. Ал АҚШ-та дәмханада отырғандай өзіңді еркін сезінесің. Сондай жерде ашық, жақсы идеялар келеді. Бұл үрдіс елімізде енді қалыптасып, жақсы кітапханалар ашылып, ескісі қайта жөндеуден өтіп жатыр. Өте жақсы бастама. Бізде киностудияда да дәл сондай кітапхана сияқты, бірақ кино мамандары жиналатын орын ашсақ па дегенбіз. Қазақфильмнің бетін сондай жақа бұру керек сияқты. Бізде киноны ғылыми-зерттеу, аналитика орталығын жасасақ. Бұрын "Дебют" орталығы бар еді, соны жаңадан жаңғыртсақ деген ойымыз бар. Себебі, "Дебютте" жастардың фильмі түсірілетін еді. Бұл да жастардың, ойы мен идеясы тасып тұрған азаматтардың Қазақфильмге ағылуына септігін тигізеді", - дейді киностудияның вице-президенті.

2022 жылы 28 қазанда "Қазақфильм" киностудиясында "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігі құрылды.  55 жыл ішінде киностудияда екі жүзге жуық мультфильм түсіріліп, отыздан аса анимациялық студиялар өмірге келген. Бүгінде анимацияны дамыту үшін бірқатар жоспарлар жасалынып жатыр.

"Былтыр "Қазақанимация" конкурс негізінде республиканың ірі қалаларынан 167 сценарий ішінен үздік 20 сценарий таңдап алған. 5 минуттық анимациялық картиналардан тұратын 20 пилоттық жобаны питчингтерге қатыстырып, шетелдік фестивалдерге шығардық. Мұндағы мақсатымыз, қазақ анимациясының әлеуетін көрсету, "біз де осындай дүниелер жасай аламыз" деген мақсат еді", - дейді Серік Әбішев.

Болашақта көштен қалмайық десек анимацияға көңіл бөлуіміз қажет

Қазақ анимациялық кино өнерінің атасы Әмен Қайдардың туғанына бір ғасыр яғни 100 жыл толмақ. Соның айғағындай осынау ғасырлық мерейтой қарсаңында Қазақфильм Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен "Әмен ағаның бәйтерегі" атты қысқаметражды мультфильм түсірілген.

"Қазақ анимациясының 55 жылдығы, Әмен атамыздың 100 жылдығына орай мультфилмді түсірдік. Алдағы уақытта оның премьерасы өтетін болады. Бұдан бөлек Қазақстанның анимация студиялары қауымдастығы бар. Ол қазақ анимациясының мүддесін қорғайды. Қауымдастық Әмен Қайдардың мерейтойына орай оның атына көше беруді минстрлікке ұсыныс ретінде жолдаған. Алда 100 жылдыққа орай іс-шаралар өткізеді", - дейді ол.

"Қазақанимация" шығармашылық бірлестігі киностудияда өтіп жатқан модернизация аясында жаңа құралдармен жабдықталды. Одан бөлек бұл жерге былтыр шетелден танымал мамандар шақырылып, қазақ аниматорларына шеберлік дәрістері өткізілген.

"Шетелден келген мамандар ішінде "Оскар" сыйлығының иегерлері, анимация саласында аты әлемге танылған, "Алеша Папович" дейтін мультфильмді алғаш түсірген Константин Бронзит, Сергей Глезин сынды өз ісінің шеберлері болды. Олар 260 аниматорға 5-7 күндік дәріс өтті. Одан бөлек 31 маманды біліктігін арттыру мақсатында шетелдерге де жібердік", - дейді Серік Әбішев.

Диснейді қоя берші, бізді Голливудпен салыстырмай-ақ қоя сал! "Аватарға" жету қайда

"Біз бір үздік дүниені көрсек: "Ой, бұл қолымыздан келмейді. Мұндай болу қайда деп жасқаншақтай береміз. "Диснейді қоя берші, бізді Голливудпен салыстырмай-ақ қоя сал! "Аватарға" жету қайда, оған үрім-бұтағымыз жетсе де үлкен жетістік" деп жатамыз. Абай атамыз да: "Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз" деген жоқ па? Менің мамандығым кино ғой. Бала кезден сол локация іздеп шапқылап жүрдік. Қазақфильмге басшылыққа келгелі анимацияны зерттей бастадым. Бір байқағаным, анимацияны түсінсең, бұл салада қолымнан келмейді деп айтудың қажеті жоқ. Мысалы, Дисней немесе Голливудтың "Аватарынан" бастап түсіріліп жатқан 60-70 пайызы анимация. Демек болашақта көштен қалмайық десек анимацияға көңіл бөлуіміз қажет", - дейді кейіпкеріміз.

"Болашақта ашық алаңда түсірілетін фильмдер азайып, кинодағы көп жұмыс компьютермен жасалады деп ойлаймын. Қазір кез келген маманның орнын басатын технологиялар шығып жатыр. Сондықтан бізге қарағанда аниматорлар болашақ киносына бір қадам жақын. Бұл деген сөз қазақ анимациясының болашағы зор дегенді білдіреді. Біз соны қазірден бастап қолға алып жатырмыз. Әлемдегі кинолар мен ойындардың  түбірі осы анимацияда жатыр", - дейді кейіпкеріміз.

Серік Әбішев бізге "Қазақфильм" павилондарын көрсетті

Оның бірінде сериалға арнап декорация құрылып жатыр екен

"Қазақфильм" киностудиясының осы жерде құрылғанына жарты ғасыр уақыт өтті. Осы уақыт ішінде ол соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталып, өндірістік қуаты айтарлықтай артып отырды. Студия өндіріс технологиясын жетілдіріп келеді. Бірақ кино өнері де бір орында тұрған жоқ. Әсіресе, кино түсіру техникаларының қарқынына ілесу қиынның-қиыны. Сондықтан қазақ кинематографиясының дамуы жаңа түсіру алаңдарын салуды, шетелдік кинокомпанияларды біздің елдегі сұлу әрі қайталанбас көрікті табиғи алаңдарға түсірілім жасауға шақыруды және ол үшін инфроқұрылымды дамытуды қажет етеді.



Бөлісу: