Алматыға қар түскелі көшеде қарбалас басталған. Жолдарды тазалап жатқан адамдарды жиі көресіз. Бітпейтін кептеліс қар мен мұздан одан сайын ұзара түседі. Күн суықта бүрсеңдеген адамдар көшеде қоғамдық көлік пен такси күтіп тұрып қалады. Бұған тағы да қала тазалығына жауап беретіндерді кінәлайды. Онсыз да аз жалақыға жұмыс істейтін мамандардың еңбегін елеп, бағалап жатқан кім бар?!
Бірінші кейіпкеріміздің аты-жөні – Райхан Байдәулетова. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын Түрікменстаннан көшіп келген. Үш баласы, үш немересі бар. Жолдасы жанармай бекетінде жұмыс істейді. Екі ұлы жұмыста, кенжесі әскери борышын өтеп жатыр. Оның отбасы алғашында Сарыағашқа келіп, кейіннен Алматыға қоныс аударған. 15 жылдан бері Алматының тазалығына үлесін қосып келеді.
"Бұл жұмыстың ауырлығы да, жеңілдігі де бар. Жұмысты көбіне техника істейді. Машина тазалай алмайтын жерлерді біз тазартамыз. Негізінен қыста алдымен аялдамаларды тазарту керек. Бірақ сосын тағы қар жауады. Түсінгендер "рақметін" айтып жатады. Түсінбегендер "Неге тазалаймысыңдар?!" деп сынайды. Біз де үлгермей жатамыз. Оған түсіністікпен қарау керек деп ойлаймын. Жұмысымыз таңертең 08:00-ден кешкі 17:00-ге дейін", - дейді Райхан апай.
Ол жұмысқа апарып-әкелетін арнайы көлік барын айтады.
"Айлығым 160 мың теңге. Еңбек демалысымыз бар. Жалақымыз уақытында түседі. Қыста жұмыстың ауырлығына байланысты қосымша сыйақы береді", - дейді ол.
Райхан апай жалақым аз деп налымайды.
"Әр істің берекесін берсін. Басқа жерге барып 200 мың алып, оны кешіктіріп бергеннен уақытында беретін тұрақты жұмыс жақсы. Жалпы, мен шағым айтуды аса ұнатпаймын. Қаламыз көркейіп, жайқалып тұрса сол біздің еңбегіміздің ақталғаны емес пе?" - дейді көше тазалаушы.
"Алматыда адамдар тазалық мәдениетін сақтай бермейді. Әсіресе, темекі шегетіндер. Орындық қасындағы қоқыс жәшігінің айналасы шашылып жатады. Соны істейтіндер жап-жас жігіттер. Өз аналарындай көше тазалығына жауап беретіндердің жұмысын бағаламайды. Бізді күнде көріп жүр ғой. Істерінен ұяласың. Жақын жердегі арнайы орынға барып қоқыс тастауға ерінеді. 15 жылдан бері көріп келе жатырмын. Тазалық мәдениетіне қалай үйрету керек екенін де білмеймін. Кейде көше сыпырып жүргенде қоқыс дорбаңа "мынаны тастауға бола ма?" дейтін жастарды көргенде риза боламын. Тазалыққа мән беретін адамдар да бар. Мұндай әрекет басқаларға үлгі ғой", - дейді ол.
"Ұлдарым: "Мама, қартайдыңыз. Көше тазалау ауыр. Жеңіл жұмыс істемейсіз бе?" деп жатады. 15 жылдан кейін осы кәсіптің нанын жеп үйреніп қалғасын ба, кеткім келмейді. Жылда қыста кетемін деймін, бірақ әлі келе жатырмын. Қазір 51 жастамын. Жас кезде білінбейтін. Таңартеңнен қара кешке дейін жаяу жүре беретін едім. Қазір жас келді ме, білмеймін, шаршап қаламын", - деп ағынан жарылды Райхан апай.
"Кейде жылы жерде жұмыс істегім-ақ келеді, бірақ неше жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан әріптестерімді қимаймын. Қазір бір үйдің баласындай араласып кеттік. Әр жұмыстың өз қызығы болады ғой", - дейді ол.
Көше тазалаушыларда төрт разряд бар. Райхан апай - үшінші разрядтағы маман. Ол тәжірибелі болғандықтан басқаларға білген кеңесін айтып жүреді.
Алматыға дейін Райхан апай дүкенде сатушы боп жұмыс істеген. Алматыда көршісінен осы жұмысты естіп келген екен.
"Міне, содан бері он бес жыл өтті ғой. Үйреніп қалдық. Мен жұмысқа келгенде мектепке барған құрбыларымның балалары мектепті де, университетті де бітіріп кетті. Бұл да бір өмір", - дейді Райхан апай.
"15 жыл ішінде көшеден қаншама адамды кездестірдім, бірақ "рақмет, сіздің жұмысыңызды бағалаймыз" деп айтқан бірде-бір адамды көрмедім", - дейді Райхан Байдәулетова.
Екінші кейіпкеріміз – 39 жастағы Айнұр Сарманова Өзбекстанның Жыззақ облысанан көшіп келген. Жұмысқа Шабыт аулынан келеді. 4 жылдан бері көше тазалаушы. Бір ұлы, екі қызы, екі немересі бар. Кәсібі өзіне ұнайтынын айтады. Күйеуі құрылыста, ұлы күзетші. Бір қызы тұрмыста. Бір қызы мектепте оқиды. "Осы жерден зейнетке шықсам" дейді ол.
"Біздің жұмыс ауа райына қарамайды. Жылдың төрт мезгілінде де қаланың тазалығына өз үлесімізді қосамыз. Қазақта "тазалық табалдырықтан басталады" деген сөз бар. Қазір қоршаған орта, экология деп жатамыз ғой. Ендеше табиғаттың тазалығы да осы қаладан басталады. Оны көркейту үшін әрбір адамда тазалық мәдениеті болса екен", - дейді Айнұр Сарманова.
Қала ажарын әдемі ғимараттар мен көрікті гүлзарлар ғана ашпайды. Көшелердің таза болуы да маңызды. Қала тазалағын осы іспен айналысатындарға ысырып қоямыз.
Он адамның біреуі ғана тазалық мәдениетін сақтамайтын болса, көше тазалаушыларға қаншама жұмыс тауып береді. "Денсаулық - зор байлық" деген сөз тек тәнге қатысты емес, қоршаған орта тазалығына байланысты да айтылған секілді.