Ауылдың қысқы қарбаласы

Жақында Massaget.kz тілшілері Алматы облысы Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылына барып, ауылдың қысқы көріністерін суретке түсіріп қайтты. Назарларыңызға сол сапардан дайындалған фоторепортажды ұсынамыз.

Ауыл тіршілігі жылдың қай мезгілінде де қарбаласқа толы. "Қыс азығын жаз жина" деп көктемнен күзге дейін егін егіп, шөп шауып, қора-қопсысын реттейтін шаруалар қыс келгенде де тыным таппайды. Күн суыта бастағаннан мал бағуға отын жару, қар тазалау деген сияқты жұмыстар қосылып, әбігер етеді.

Бұл уақытта айналаның ажары кіріп, әсем күйге енеді. Әсіресе, таулы өлкенің ауылдары қар түскенде сұлулана түсетіндей.

Табиғат болса қалың ұйқыға кеткендей кейіпте тұрады. Бірақ бұл – алдамшы көрініс.

Ауыл шетіне шыға қалсаңыз, тіршіліктің қайнап жатқанын баяндайтын қаптаған із жатыр. Мұнда да қарбалас көп екені байқалады.

Қыстыгүні қызықтың бәрі сырғанақ жақта. Дөңге қиналып шығып, төмен қарай демде түсетініне қарамастан, мұнда келушілер көп.

Көше-көшені аралап жүрсеңіз, тай үйреткен балалар жиі кездеседі.

Ауыл өмірінің ең бір ерекше сәті – кеш. Күнімен жұмыс қамымен сыртта жүрген жұрттың үйді-үйіне қайтып, қарбаласқа түсетін шағы бұл. Ойнауға уақыт таппаған балалардың да асыға күтетіні осы кеш болар.

Қора тазаланып, қи шығарылған, отын жарылып, көң реттелген, су толып тұр, бұзаулар қамаулы, тауықтарға жем берілді, ат арқандалды, енді қой саны түгел болса, бүгіндікке іс бітті.

Қойдың алдынан шығу да бір қызық.

Шаруалар уақытылы атқарылса, қой тарайтын тұсқа ертерек келіп, әңгіме тыңдап, алысып, доп тебуге болады.

Қой саны түгел шықпаса, тағы бір жұмыс табылды деген сөз.

Қолыңа шыбық алып, қора-қораны аралап жүргенің.

Кей үйлер бөтен қойдың бар-жоғын, оның сенікі не сенікі емес екенін бірден айтады. Кей үйлер қарап шық дейді. Иттері қабаған келетін үйлерге жақындағанда жерден тас іздеп кетесің. Алыстан тұрып сол үйдің сыртқа шыққан адамын аңдисың.

Иттен қорыққаныңды сездірмеуге тырысып, тасты түсіріп алмайын деп қысып ұстап, қораға жақындайсың. Мұндайда үй иесі жаныңда жүрсе жақсы. Ал қораға кіргізіп жіберіп, үйге қарай сып етсе, арты ұзақ хикая.

Көшеден өзің сияқты қой іздеген балаларды жолықтырып қалсаң, "Сенің бір қойың ана үйде. Тоқтың біздікінде тұр" деп ақпарат алмасасың да солармен бірігіп аласың. Бұл бір шеті қызық, бір шеті істің тез бітуіне көмек.

Қатар тұрған екі үйге бөлініп кіріп, өз қойыңмен бірге біріккен балалардың қойын да іздейсің, олар сенікін қарайлап жүреді.

Қойдың түгенделуімен кешкі қарбалас та бітеді.

"Желсіз түнде жарық Ай..."

"Қараңғы түнде тау қалғып..."

Тау етегінде жатқан ауыл. Әр тұстан көрінетін шамдар. Ай сәулесін жамылған жоталар.

Таулы аймақта Күн ерте батып, қараңғы тез түседі. Шаруалар реттеліп, мал қамалғаннан кейін ауыл адамдары үйді-үйіне кіріп, кешкі асын ішіп, ұйқыға қамданады. Ол тыныштықты анда-санда сайдан соққан желдің дауысы ғана бұзатындай.



Бөлісу: