Астанада төрт күннен бері Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған дүбірлі дода өтіп жатыр. Бұл – әлемнің 89 елінен 2 430 спортшы мен мыңдаған туристің басын қосқан халықаралық маңызды шара. Massaget.kz көшпелілер әлеміне барып, дүбірлі доданың қалай өтіп жатқанын көріп қайтты.
Этноауылға туристер мен тұрғындарды тасуға арналған арнайы автобуспен бардық. Қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлер алыстан көздің жауын алып тұр. Ауыл ортасына үлкен тайқазан қойылып, маңайына әр облыс пен қаланың тұрғындарға арналған киіз үйлері тігілген.
Ауылдың оң қанатындағы үлкен сахнада ұлттық оркестр өнерпаздары көрерменнің құлақ құрышын қандырып, бірде Шәмшінің әнін шырқаса, енді бірде халық әні «Әгугайды» әуелетіп жатты. Оң қанаттағы үлкен отаудың ішіндегі ақындар айтысын тамашалаған ата-әжелер «Бәрекелді! «Ой, пәлі-ай!» деп делебесі қозып, мәз-мейрам болып отыр.
Туристер үкілі бөріктері желкілдеп, шапан киіп, асық ойнаған алтыбақан маңындағы қыз-жігіттермен суретке түсу үшін кезекте тұр.
Ұлттық тағамның дәмін көргісі келетін қонақтар үшін ауыл ортасында қазан көтеріліп, ыстық бауырсақ, палау мен кәуап., қымыздан жасалған балмұздақ, жент пен құрт, май мен тары сатылып жатыр.
Киіз үйлердің ішінде де дастархан жайылып, әр облыстан келген өнерпаздар әннен шашу шашып, қазақтың қонақжайлық дәстүрін көрсетіп тегін қымыз ұсынып, дәм таттырып жатты.
Қала қонақтарының көңіл-күйі
Этноауылға келіп, қазақтың ұлттық асынан дәм татып отырған туристің бірі – АҚШ тұрғыны Мартен Пиннек. Ол Колорадо штатынан Астанаға көшпенділер ойынын тамашалау үшін арнайы келген.
«Достарым шақырды. Садақ ату жарысын тамашалау үшін келдім. Мен спортшы емеспін, жай ғана формада болу – мақсатым, көп жаттығамын. Садақ ату маған өте қызық. Қазақ мәдениеті менің туып-өскен елімнің мәдениетінен ерек. Ұқсас тұстары да бар. Мысалы, біз бұғыларды, бұландарды, қояндарды, әр түрлі жабайы аңдарды аулаймыз, көшпелі спорт стиліне ұқсайтын америкалық спорт түрлері бар. Ол жергілікті мәдениетке байланысты ғой. Қазақтар жылқыны баптайды. Оны мәдениетінің бір бөлігіне айналдырған», - деді Мартен мырза.
Америкалық Мартен ұқсастық бар десе, таиландтық Аднан Вана қазақтың кей спорт түрін алғаш тамашалап отырғанын айтып, таң қалғанын жасырмады.
«Мен садақ ату жарысында бақ сынау үшін Таиландтан келген спортшымын. Көшпенділер ойынының бір мүшесі болғаныма өте қуаныштымын. Себебі, Қазақстанда адамдар өте мейірбан екен. Асық ату туралы айта кеткім келеді. Сүйектен жасалған асықтар ерекше таң қалдырды. Мен ондайды бұрын көрмегенмін. Біздің ел көшпелі өмір салтын ұстанған жоқ. Сондықтан ойындар да өзгеше», - деді Аднан.
Этноауылда өтіп жатқан іс-шаралар мақсаты – мәдени мұра, ұлттық құндылықты, қазақ халқының бай тарихы мен мәдениетін насихаттау. Бұл жерде үздік қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі ашылған.
Келген қауым бұл спорттық және мәдени шаралар «отбасылық мереке» іспетті дейді.
«Мен бұл жерге отбасыммен келдім, олар Қазақстаннан. Қазақ қызына үйленейін деп жатырмын. Жуырда неке қию рәсімі өтеді. Қалыңдығымның атасының тақиясын киіп алдым. Маған Қазақстанның мәдениеті өте ұнайды. Тарихын, дәстүрін жақынырақ білгім келеді. Бұл Астанаға алғаш келуім, ерекше әсердемін», - деді чехиялық Давид.
«Астана тұрғынымыз. Арнайы демалыс алып, бүгін отбасымызбен осы жерге келдік. Алты баланың анасымын. Күміс алқа иегерімін. Балаларымды түйеге мінгізіп, сазсырнай алып бердік. Қазақтың салты деген керемет қой. Іс-шара өте әсерлі өтіп жатыр», - дейді қала тұрғыны Мереке Аманқұлова.
Келген кей туристің мақсаты – саяхаттау, жаңа әлемді ашу.
«Мұндай халықаралық шараға қатысу көкжиекті кеңейтеді. Орталық Азияда тұратын халықтар туралы біз өте аз білеміз. Астана – ерекше әдемі, заманауи қала. Қазақстанның басқа қалаларын да көргіміз келеді. Көшпенділер ойынының басталғанына бірнеше күн ғана болды. Бірақ біз бірнеше бұрын естімеген спорт түрімен танысып, тамашалап үлгердік. Жергілікті адамдармен танысып жатырмыз, өте мейірбан халқы бар ел екен», - деген пікір білдірді словениялық журналист Анка.
«Суретке түсіру – хоббиім. 40-қа жуық елді араладым. Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Азияны өзге қырынан бұрын зерттегенмін. Таиланд, Камбоджа, Индия, Филиппин, Индонезия елдеріне бардым. Еуропаға жақын жатқан Орталық Азияның бұл бөлігіне алғаш рет келдім. Бұл – өзгеше мәдениет», - деді италиялық Тони.
Осыған дейін үш рет Қырғызстанда, бір рет Түркияда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанадан кейін 2026 жылы қырғыз елінде өтеді.
«Келесі көшпенділер ойыны бізде өткенін қалаймыз, әрине. Қырғыз халқы бұл шара туралы өте жақсы біледі. Астанаға төрт жорға алып келдік. 13 қыркүйекте олар жарысқа түседі. Жорға аттарды баптадық, дайындадық. Осыған дейін жарыстарда жеңіп жүрген үш чемпион атты алып келдік. Әр атқа үш спортшыдан келді. Алтын аламыз деп ойлаймын. Басты қарсыласымыз – Қазақстан», - деді қырғызстандық спортшы, бапкер Мәмет Ақмолдоев.
Ипподромның атмосферасы
Ауылдың екінші бетіндегі «Қазанат» ипподромы жақтың атмосферасы мүлдем бөлек. Ол жақтағы көкпаршылардың қиқуы мен аттың дүбірі, садақшылар ауылындағы ұлттық киімдерімен жүрген мажарлықтар, түріктер мен қырғыз, қазақтарды көріп нағыз көшпенділердің ауылында жүргендей күй кешесіз.
«Қаланың шуылынан сәлде болсын демалып, мүлдем басқа атмосфераны сезініп жүрмін. Немерелерім үшін этноауыл ерекше экзотика боп жатыр. Тірі көрмеде жүргендей әсердеміз. Анау жақта ән-күй, би, ұлттық тағамдар... Мына жер қиқулаған көкпаршылар мен мергендердің әлемі. Осындай ұлттық құндылықтарымыз жиын-тойда ғана көрініп, қалған уақытта көміліп қалмаса екен», - деп пікір білдірді қала тұрғыны Тілектес Момынов.
Еске салайық, көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдің жалпы саны – 581 дана. Қазақстан құрамасынан 261 спортшы бақ сынайды. Бүгін де көкпар, көк бөрү, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату мен аударыспақ жарысы өтіп жатыр.