Шығыс Қазақстан облысындағы Коробиха ауылы - көп адам тұруды армандайтын ауыл. Бұл мекенді жер жәннаты, оңаша өмір сүруге таптырмайтын жер, "инстаграмдағыдай ауыл" деп те атайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Коробиханың негізі осыдан бірнеше ғасыр бұрын қаланған. Мұнда қуғын-сүргіннен алыстап, өмірін жаңадан бастағысы келген ескі діни сенімдегілер (староверлер) қоныс аударған.
Мектепте орналасқан жергілікті өлкетану музейі - тарихтан сыр шертетін мекен. Бұл жер - ауыл үшін басты мұрағат. Мұнда ескі суреттер, тұрмыстық бұйымдар мен әулеттердің тарихы жинақталған.
"Біздің өлкеге Төменгі Новгород губерниясының Керженец өзенінен адамдар қашып келген. Сондықтан оларды кержактар деп атаған. Қазақшаға аударсақ, "кере жақ", яғни сырттан келген дегенді білдіреді. Олар өте талантты жандар еді. Осы бір құтты мекенге табан тірегенде, таңданысын жасыра алмаған. Мұнда өсімдіктер дүниесі де, жануарлар әлемі де бай, өзендері балыққа толы", - дейді бастауыш сынып мұғалімі және музей шырақшысы Ольга Калеева.
Ольга Калеева қашқындар туралы айтқанда староверлерді (немесе ескі салтты ұстанушыларды) меңзеп отыр. Олар - XVII ғасырда пайда болған діни ағым өкілдері.
Коробиха ертеден-ақ өте озық ауыл болған. Бүкіл ел бұл туралы біле бастағанда, мұнда басқа ауылдар мен қалалардан омарташылық пен қолөнерді үйренушілер келе бастаған.
Ольга Ивановнаның айтуынша, Коробиха атауы дәл сол кезде қойылған. Оның шығу тегі туралы екі нұсқа бар.
Біріншісі жергілікті қолөнершілердің қайың қабығынан "короб" (қорап) жасауымен байланысты. Бұл азық-түлік пен басқа да құнды заттарға айырбасталатын үлкен әрі берік ыдыстар болған.
Екінші нұсқа ауылдың орналасқан жеріне байланысты.
"Біз таулардың арасында, қораптың ішіндегідей орналасқанбыз. Атауы содан да шыққан болуы мүмкін", - деп түсіндірді Ольга Калеева.
"Ол заманда Коробихада оқу семинарлары, курстар өтіп тұрған, жергілікті тұрғындар мұнда келгендермен тәжірибесін бөліскен", - дейді музей шырақшысы.
"Тың игеру кезінде мұнда түрлі ұлт өкілі келді, көп ұлтты отбасылар құрылды. Біздің қуанышымыз да, қайғымыз да ортақ", - дейді ол.
Оның айтуынша, бір кездері ауылда май зауыты, шұжық және лимонад цехтары жұмыс істеген, жеке наубайхана болған. 90-жылдары мұның бәрі жабылып, адамдар жан-жаққа көше бастаған.
Бүгінде Коробихада 200-ден аса адам тұрады. Мектепте 32 бала оқиды. Мұнда осыдан 5-6 жыл бұрын үйлер су тегінге сатылатын.
Ал қазір туризм ауылға жаңа дем берді. Бұрын Коробиха туралы білетіндер аз болатын.
Бірақ кейін бәрі өзгерді. Бір топ кәсіпкер ауданды аралап жүріп, осы жерге түнеуге тоқтаған.
"2020 жылы біздің басшымыз достарымен Коробихаға келеді. Ол бала кезінде осы өңірлерде болған екен. Әкесі, атасымен бірге бұдан да алыс, ескі наным-сенімді ұстанатындар тұратын Фыкалка деген ауылға дейін баратын болған. Бала күнінен бұл жерлердің пейіштей көркем екенін ұмытпаған. Балалық шағын еске алып, жаңа жерлерді көру үшін достарымен осында келеді. Күн батқан соң әрі қарай жүрмей, қонатын жер іздеп, жергілікті тұрғындардың үйлерін аралайды. Олар таңертең оянғанда осынау көрініске таңдай қағады, бұрын-соңды мұндай әдемі тұманды, таулар мен орманды көрмеген. Жергілікті тұрғындармен сөйлесе келе, халық көшіп жатқанын біліп, осы жерден үй сатып алады", - деді Коробихада құрылған жергілікті туркомпанияның директоры Әйгерім Сайдуақасова.
Осылайша алғашқы қонақүй пайда болған, туристер бұл ауылды біртіндеп танып, әлеуметтік желіде бөлісе бастаған. Кейін қонақүйлер саны артқан. Ауыл елдегі ең әдемі мекендердің бірі ретінде таныла бастаған. Осылайша Коробихаға тек демалысқа немесе сенбі-жексенбіде емес, тұтас отбасымен көшіп келе бастағандар көбейген.
Мұнда омарта шаруашылығы да дами бастаған. Енді жергілікті кәсіпкерлердің тағы бір мақсаты бар: ауылдың бұрынғы даңқын қайтару, өндірісті ұлғайту, Коробиханы Алтай балының астанасы ету.
Коробиха тек инстаграмдағыдай әдемі көріністерінің арқасында жанданып жатқан жоқ. Оның артында осы жердің тұрғындары, олардың тарихы, еңбекқорлығы, жанашырлығы, ерекше құлшынысы тұр. Сол құлшыныстың арқасында ауылға туристер келіп, "жұмақ мекен" жанданып келеді.