Заман талабы тәртіп сақшыларынан қоғамда туындаған мәселелерді азаматтармен бірлесе шешіп, тұрғындармен барынша тығыз қарым-қатынас орнатуды алдыңғы орынға қояды. Себебі, азаматтардың сенімі – олардың жұмыс сапасына тікелей байланысты, өйткені учаскелік инспектор халық пен полиция арасындағы негізгі байланыстырушы буын болып саналады. Осы орайда учаскелік полиция инспекторының басты міндеттерін білу мақсатында Алматы қаласы Медеу ауданынадағы полиция тірегіне бардық. Бізді полиция капитаны Асхат Жеңісұлы мен аға лейтенант Қуат Қайратұлы қарсы алып, учаскелік полиция инспекторының негізгі міндеттерін айтып берді.
Рысбеков Асхат Жеңісұлы Тараз қаласының тумасы. Жасы 26-да. Ата-анасы Таразда тұрады.
Асхаттың бала кезінен осы мамандықты таңдағанын айтады. Оған полиция қызметкерлері туралы фильмдер себеп болған.
"2014 жылы Ішкі істер минстірлігі Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түстім. Төрт жыл оқып, лейтенант шенімен оқуымды аяқтадым. Кейін Алматы қаласының полиция департаментіне жұмысқа орналастым. Сол уақыттан бері қызмет атқарып келемін. Алғашында Түрксіб ауданында үш жылдай жедел уәкіл болдым. Сосын Медеу ауданына учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалдым", - дейді ол.
Асхат Жеңісұлы халықпен тығыс байланыста жұмыс істейтінін айтады.
"Осы полиция трегінде төрт қызметкер жұмыс істейміз. Барлық арыз-шағымды уақытылы шешуге тырысамыз. Қазір президент айтқандай отбасылық тұрмыстық жанжалды қатты қадағалаймыз. Көбіне сондай шағым түседі. Ондай шағым түссе жедел барамыз. Шағымданушының айтқанын тыңдап, шара қолданамыз. Ары қарай отбасылық жанжал қылмыстық іске айналмауы үшін профилактикалық іс-шара өткіземіз", - дейді Асхат.
Отбасылық жанжал бірден қылмыстық іс болып саналмайды. Полиция қызметкерлері оны алдымен бейбіт жолмен шешуге тырысатынын айтады.
"Отбасы болғасын ұрыс-керіс болады. Ол әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады. Мұндай жағдайда алдымен екеуін татуластыруға тырысамыз", - дейді ол.
Учаскелік инспектордың тағы бір міндеті - есепте тұрған адамдарды да тексеру.
"Кейбір адамдар нашақорлыққа, ішімдікке салынып кетеді. Оның ішінде бұрын сотталғандар да бар. Соларды қадағалаймыз. Үйіне барып қараймыз. Тағы да қылмыс жасауының алдын алу үшін іс-шаралар өткіземіз", - дейді учаскелік полиция қызметкері.
Асхат Жеңісұлы өзі қадағалайтын ауданның адамдарын тұрғылықты мекен жайы бойынша да тексереді.
"Ол да біздің міндетіміз. Шетел азаматтары келіп жатса, оны да тексереміз. Көші-қон полициясына хабарлама береміз. Солармен бірге жұмыс істейміз. Егер тұрғынның тіркеуі болмаса алдымен ескерту береміз. Екінші рет тағы тіркелмеген болса 5 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл саламыз. Егер одан кейін де талапты орындамаса айыппұл мөлшері көбейе береді. Оны тұрғызған үй иесі де әкімшілік жазаға тартылады", - дейді Асхат.
Асхат Медеуде халықтың тыныштығына жауап береді. Бұл жерге еліміздің әр жерінен, шетелден туристер келеді.
"Біздің учаскелік тірек ең көп турист келетін жерде орналасқан. Бізге демалыс, мереке сайын адам көп келеді. Олардың оқыс оқиғаға ұшырамауы үшін қараймыз. Қалта ұрлығы, басқа да қылмыстар болмауы үшін жұмыс істейміз. Келген қонақтарға дұрыс бағыт-бағдар беріп көмектесуге тырысамыз. Шетел азаматтары болса, көмекке жанымыздағы туристік полиция қызметкерлерін шақырамыз", - дейді ол.
Асхат алдағы мерекеге байланысты адамдарды заңды бұзбауға шақырады.
"Қоғаммен оң көзбен қарап, тығыз қарым-қатынаста болсақ барлық мәселе шешіледі", - дейді полиция инспекторы.
Учаскелік полицияның тағы бір міндеті - үйдегі қаруды тексеру.
"Кей адамдарда азаматтық және аңшылық қару болады. Біздегі тізім бойынша әр тоқсан сайын тексереміз. Қару сақталу ережесіне сәйкес келе ме, қару өз мекен жайына тіркелген бе, осыны қараймыз. Ереже бұзылса хаттама толтырып, өзіміздің басқармаға жеткіземіз", - дейді учаскелік полиция қызметкері.
Қарудың сақталу ережелері болады. Асхат оның әрқайсы маңызды екенін айтады.
"Қару ұстайтын кез келген адамның үйінде сейф болуы керек. Сейф еденге немесе қабырға алынбайтындай орналасуы қажет. Оның ішінде қарудан басқа артық зат тұрмайды. Кейде тұрғындар үй құжатын басқа да бағалы алтындарын салып қояды. Бұл заңбұзушылыққа жатады", - дейді ол.
Асхат Жеңісұлы учаскелік полиция қызметкерінің қандай жағдайда қару қолданылатынын да айтып берді.
"Ішкі істер минстрлігінің қару қолдану туралы өз заңы бар. Алдымен полиция қызметкерінің және халықтың өміріне қауіп төнсе, тұтқындағы қылмыскер қашса, біздің машинамызды тартып алуға әркеттенген жағдайда қару қолданамыз", - дейді ол.
Асхат жұмыс барысында бір рет қару қолданған.
"Түрксіб ауданында жұмыс істеп жүрген кезім. Қылмыскердің үйін қарауға кірдік. Қасымда тергеуші, криминалист қыз бар еді. Үйінде неміс овчаркасы бар екен. Сол бізге кенеттен атылды. Криминалист қызды талай бастады. Итті атуға тура келді. Ішкі істер министрлігінің 61 бабында хайуанаттардың шабуылан қорғану мақсатында қару қолдануға болады деп жазылған", - дейді ол.
Екінші кейіпкеріміз Бабиев Қуат Қайратұлы Жетісу облысы Ілияс Жансүгіров аулының тумасы. Жасы 33-те. Үйленген, екі ұлы бар. Учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етеді. Шені - аға лейтенант.
Қуат Қайратұлының ағалары ішкі істер органында қызмет еткен. Ол соларға қызығып, полиция қызметкері болуды армандаған.
"Алдымен әскери борышымды өтеп келіп, мамандандырылған күзет қызметіне жұмысқа тұрдым. Алматы полиция департементі Наурызбай ауданына 2016 жылы қызметке тұрдым. Уақыт өте келе жоғары оқу орнын аяқтап, офицерлік шен алдым. Учаскелік полиция қызметінде биыл 2 жыл істеп келемін", - дейді ол.
Қуат алғашында кәмелеттік жасқа толмаған балалардың тәрбиесімен айналысқан.
"Балалардың түнде бейуақыт жүрмеуі, нашақорлыққа салынбауы үшін профилактикалық жұмыспен айналысамыз. Мектепте қылмыстың алдын аламыз", - дейді ол.
Қуат Қайратұлы кәмелет жасқа толмаған ата-аналардың көп жіберетін қателігі балаларын қараусыз қалдыру екенін айтады.
"Балалар ойын клубтарында түнгі оннан кейін де көп отырады. Бұл жерде әкімшілік жауапкершілікке бала емес ата-анасы тартылады. Қасында туған ағасы немесе әпкесі болса да ол заңды тұлға боп саналмайды. Алғашында ескерту беріледі. Кейіннен тағы қайталанса, айыппұл салынады", - дейді ол.
Суреттер: Өмірбек Сансызбай