Астанада LRT желісі болашақта қалай өзгермек?

Астанада Tarlan Astana (LRT) жобасының екінші кезеңі аясында тағы 20 станция салу жоспарланып отыр. Оның бесеуі оң жағалауда, тағы үшеуі Қосшы бағытында бой көтереді. City Transportation Systems (CTS) компаниясы өкілдері қазір жұмыстар қай сатыда екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оң жағалауда бес станция салынады

Жоба бойынша оң жағалауда бес станция салу қарастырылған. Олар Сарыарқа, Жеңіс даңғылдары және "Астана-1" теміржол вокзалы аумағында орналасады.

Бұған дейін CTS басшысы Асылбек Дүйсебаев желіні "Хан Шатыр" СОО маңы, Кенесары және Жеңіс даңғылдары арқылы ескі теміржол вокзалына дейін ұзарту жоспарланғанын айтқан болатын. Компания бұған дейін жарияланған жоспар өзгермегенін нақтылады.

Tarlan Astana. © Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

Қазір оң жағалауда геологиялық ізденіс жұмыстары жүргізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық жасалып жатыр.

Осылайша, қазір оң жағалауда жүргізіліп жатқан жұмыстар эстакада мен станциялардың құрылысы емес.

Tarlan Astana. © Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

CTS өкілдері жұмыстардың құнын әзірге ашық айтқан жоқ. Компанияның мәліметінше, ол қажет рәсімдерден өткен соң анықталады. Құрылыс қашан аяқталатыны да нақтыланбаған. Ол қаржы уақтылы бөлінуіне байланысты болмақ.

Қосшы бағытында эстакада салынып жатыр

Tarlan Astana жобасының екінші кезегінің тағы бір учаскесі Қосшы бағытында салынып жатыр. Мұнда қазір тіректер мен эстакада тұрғызылып жатыр.

Желінің ұзындығы - 9 шақырым. Онда үш станция салу жоспарланған.

LRT құрылысы. © Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

Бұған дейін CTS өкілдері қаржыландыру болған жағдайда бұл учаскені 2027 жылдың соңына қарай аяқтауға болатынын айтқан еді. 

LRT құрылысы. © Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

Ескі вокзал мен Қосшы бағытындағы учаскелерді қатар салу жоспарланып отыр. Учаскенің құны да әзірге анықталмаған.

Жаңа желілер қай жерден өтеді?

CTS мәліметінше, Tarlan Astana жобасының екінші кезегінің жалпы ұзындығы 26,51 шақырым болады және 20 жаңа станция салу көзделген.

Tarlan Astana станциясы. © Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

Екінші кезек тек осы екі бағытты қамтымайды. Бұған дейін жаңа желілер үш бағытта салынатыны, яғни "Астана-1" теміржол вокзалына, Жағалау тұрғын алабына және Қосшы қаласына қарай жүргізілетіні хабарланған еді. Екінші кезектің жалпы ұзындығы 26,5 шақырымға бағаланып, 20 станция салу қарастырылған болатын.

Tarlan Astana желісі болашақта қандай болмақ?

CTS мәліметінше, бірінші және екінші кезектер іске асырылғаннан кейін Tarlan Astana желісінің жалпы ұзындығы 48,91 шақырым болып, станциялар саны 38-ге дейін артуға тиіс.

Қазір бірінші кезек 22,4 шақырым және 18 станцияны қамтиды. Екінші кезек тағы 26,51 шақырым және 20 станция қосады.

Айта кетейік, Астанада LRT 16 мамырда іске қосылды. LRT бағыты елорданың маңызды нүктелерін байланыстырады. Желі халықаралық әуежайдан басталып, "Нұрлы жол" вокзалына дейін барады. Жол бойында қаланың басты іскерлік орталықтары мен тұрғын аудандары арқылы өтетін 18 бекет бар. 

Кейінірек Astana LRT атауын өзгерту туралы шешім қабылданды. Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар "Тарлан Астана" нұсқасын қолдады.

Дереккөз: Tengrinews.kz



Бөлісу: