Астана - саяси оқиғалар мен шығармашылық шабыттың қатар өркендеген қаласы. Қаланың оң және сол жағалаулары екі түрлі контрастылы. Шаһардың бір жағы - елдің саяси-әкімшілік орталығы болса, екінші жағы - мәдени және шығармашылық ордасы.
Сол жағалаудағы маңызды мемлекеттік ғимараттар - Президент резиденциясы, Үкімет үйі және басқа да мемлекеттік мекемелер, бұл - аймақтағы саяси өмірдің қайнап жатқанының айқын көрінісі. Министрлер үйі, Қорғаныс министрлігі, Бас прокуратура, Сыртқы істер министрлігі, сондай-ақ көптеген шетелдік елшіліктердің филиалдары Сарайшық көшесі бойына тізіле орналасқан.
Үкімет үйі, Парламент ғимараты және Министрліктер үйі бәрі - Мәңгілік Ел даңғылының бойында бір аймақта орналасқан. Бұл аймаққа таксилер тек бір-екі минутқа ғана кіре алады, ал аумақ тәулік бойы бақылауда. Кіріп-шығушылардың әрқайсысынан ішке не мақсатпен келгені туралы сұралады, бұл жерде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады.
Ақорда - Қазақстан Президентінің резиденциясы, саяси орталық саналады. Ғимарат мәрмәрмен қапталып, алтын күмбезбен безендірілген. Ақорда - елдің тәуелсіздігі мен бейбітшілігінің символы ретінде ерекше көзге түсетін ғимарат. Есілдің қай жағында тұрсаңыз да, Ақорда алыстан көрініп, елорданың айшықты белгісіндей болып тұрады.
Abu Dhabi Plaza - Астанадағы ең биік ғимараттар кешені. Бұл кешенде тұрғын үйлер, кеңселер және сауда орындары орналасқан. Заманауи архитектурасымен ерекшеленетін бұл орталық қаланың жаңа бет-бейнесін айқындай түседі. Ішінде әртүрлі бренд дүкендері, қымбат мейрамханалар мен кофеханалар, сондай-ақ жастарға арналған клубтар орналасқан. Қалада тау жоқ болғандықтан, бағыт-бағдарды осы бір биік ғимарат пен Бәйтерекке қарап біліп жатады.
Бәйтерек - Астананың ғана емес, бүкіл Қазақстанның басты символы. Ол елорданың ең танымал көрнекі орындарының бірі саналып, қазақ халқының тарихи тамырын, болашаққа деген сенімін және өркендеуін бейнелейді. Бәйтеректің сәулеті ежелгі аңызға негізделген. Самұрық құсы өмір ағашының басына салып кеткен жұмыртқаны бейнелейді. Мұнараның жоғарғы бөлігінде орналасқан шарға көтерілгенде, қаланың ғажайып панорамасы ашылып, заманауи сәулет өнері мен дәстүрдің біртұтас үйлесімін көруге болады.
"Астана Опера" - елорданың мәдени өмірінің маңызды орталығы және Қазақстанның жетекші опера және балет театры. Оның сәулеті классикалық еуропалық және шығыс стилдерінің үйлесімінде салынған, бұл театрды ерекше көрнекі орынға айналдырады. Театр ғимаратының ішкі дизайны да айрықша талғаммен безендірілген: үлкен залдағы акустика мен декор жоғары деңгейдегі қойылымдарға сай жасалған. "Астана Операның" сахнасында әлемге әйгілі опера және балет шығармалары қойылады, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік әртістердің өнер көрсетуімен өтетін фестивальдер мен премьералар жиі ұйымдастырылады.
EXPO шар ғимараты - "Нұр Әлем" - Астанадағы ерекше архитектуралық ескерткіш және EXPO 2017 көрмесінің басты нышаны. Бұл әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат болып, оның биіктігі 100 метрге, диаметрі 80 метрге жетеді. Айналасы сквер мен саябаққа айналған шар аумағы жаздай туристер мен қала халқының серуендейтін мекені. Ғимарат ішінде квазисектор өкілдері отырады.
Cол жағалау әсем архитектураларымен көздің жауын алғанымен, таңнан кешке дейін бұл жақта ары-бері ағылып жатқан халық қарасы көрінбейді. Қыста тіпті Астана көшелерінде көліктер мен аялдамаға асыққан студенттер мен жұмыскерлерді ғана көре аласыз.
ДИНАМИКА МЕН АТМОСФЕРАҒА БАЙ ОҢ ЖАҒАЛАУ
Астананың оң жағалауы - қаланың тарихы мен рухани байлығын сақтап қалған ерекше аймақ. Мұнда ескі архитектура мен жаңа ғимараттар үйлесім тауып, заманауи өмір мен өткен дәуірдің атмосферасы қатар сезіледі.
Қала тұрғындары мен қонақтары шығармашылық шеберханалар, галереялар, театрлар мен кафе-музейлерді аралап, өнер әлеміне жақындай алады.
Бейбітшілік және келісім сарайы (Пирамида) - дінаралық және мәдени келісімнің символы. Норман Фостердің жобасымен салынған ерекше пішінімен көз тартады.
Мұнда әлемдік діндер лидерлерінің съезінен бастап, түрлі форумдар өтеді.
"Атырау" көпірі - оң жағалаудағы адам қысы-жазы ең көп баратын орынның бірі. Мұнда жас та, жасамыс та ән айтып, түрлі ойындар өткізіп, тәттілер сатып отырады.
Шаһар базарларының барлығы дерлік оң жағалауда орналасқан. "Шанхай" базары - азық-түлік, киім-кешек және тұрмыстық заттар сатып алуға болатын танымал базар, оның атмосферасы жандандырады.