"Арманы - Паралимпиадада жеңіске жету". Спорт ерекше жанның өмірін қалай өзгертті?

20 жастағы Мейірбек Оразбек - спорттың арқасында өмірін өзгерткен жас параспортшы. 2022 жылы Астанаға анасымен алғаш рет келген оның өмірі осы қалада жаңа арнаға түскендей. 

Дәлдікті, сабырды талап ететін паралимпиадалық бочча спортымен айналысатын Мейірбек Оразбек аз уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жеткен. Спорт оған медаль ғана емес, жаңа орта мен сенімділік сыйлаған.

"Басында боччаны түсінбеді"

Мейірбек бочча спортымен 2023 жылдан бері айналыса бастаған. Анасы реабилитологтың ұсынысына құлақ асып, ұлымен Астанадағы Паралимпиада орталығына барған. Бұл - Мейірбектің алғаш рет спортқа қадам басқан кезі.

"Басында боччаны түсінбей, қатысқысы келмей, арамызда біраз түсініспеушілік болды. Алайда одан да өттік", - дейді спортшының анасы Мөлдір Алмасқызы.

Осылайша бапкер Қазыбек Өтепбергенұлы Мейірбекті бақылап көрген.

Мейірбектің бапкері Қазыбек Өтепбергенұлы және бас бапкері Диана Молдахметова

Мейірбек аптасына үш рет екі сағат көлемінде орталықта боччамен айналысады. Арасында кішігірім турнирлер, шағын жарыстар болып тұрады. Жас дарын ешқайсынан қалмауға тырысады. 

Мейірбектің анасы Мөлдір Алмасқызының айтуынша, чемпионаттардан жүлделі орын алған кезде оған айлық төленеді, мемлекеттен зейнетақы беріледі. Бұл - Мейірбек үшін үлкен демеу.

Мейірбек пен анасы Мөлдір Алмасқызы

Мөлдір Алмасқызы ұлы көп сөйлемегенімен, өздігінен бәрін істей алатынын айтты. Таңертең жуынып, жаттығуын жасап, тамағын ішіп, кейін үйде жеке дайындалады. Бұл оның қолының икемін жоғалтпау үшін қажет.

Таксиді өзі шақырып, тамағына өзі тапсырыс береді, ақшасын да өзі төлейді.

"Бірнәрсені түсіндіріп жеткізе алмаса, телефонға жазып көрсетеді", - дейді анасы.

Ұлттық құрамаға дейінгі жол

Спортты жанына серік еткен Мейірбек біртіндеп жаттығуларға да тұрақты түрде қатыса бастаған. Анасының айтуынша, 2 маусым - оның өміріндегі ерекше күн. Дәл сол күні, 18 жасқа толған сәтінде Мейірбек Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, ел чемпионы атанған. 

"Сол сәттен бастап Мейірбек ұлттық құрамаға кірді", - дейді анасы.

Қазақстан чемпионы атанғаннан кейін 2023 жылы Ханчжоу қаласында өткен IV Азия пара ойындарына Темірлан, Қуаныш және Итиана есімді спортшылармен бірге барып, командалық есепте 8-орын алған. 

Мәулен Әшімбаевтың Мейірбекті құттықтап жатқан сәті. Анасының жеке архивінен

Одан бөлек төрт жылда бір келетін спартакиаданың күміс жүлдегері атанған. Ал 2025 жылы Ақтауда Түркі тілдес елдер арасында өткен бочча спортынан халықаралық турнирде 2-орын алған. 

"Техника мен қосымшалардың тілін жақсы біледі"

2025 жылы Мейірбек Қазақстан-Швейцария-Америка колледжін тәмамдаған. Негізгі мамандығы туризм болғанымен, оқу барысында бағдарламалауды меңгерген. Сондықтан техника мен қосымшалардың "тілін" жақсы біледі. Мектеп пен колледжде ерекше балаларға арналған сыныпта оқымаған, себебі интеллекті жоғары болған. Оқу үлгерімі 95-98 балдан төмен түспеген.

Мейірбек пен бас бапкері Диана Молдахметова

Анасының айтуынша, ұлы бос уақытында қазақ және корей музыкасын тыңдайды, киім үлгісі мен шаш стилін өзі таңдайды. Гиперкинез диагнозына қарамастан, әлеуметтік желілерін де өзі жүргізеді.

Қазір Мейірбек аптасына үш рет бочча, екі рет жүзу жаттығуларына қатысады. 

"Спортпен айналысқаннан кейін өз-өзін бақылауда ұстауды үйренді. Себебі гиперкинез кезінде жүйкесі бір орында тұрмайды. Бұрын төбеге қарап жата алмай, қозғалып жататын. Ал қазір босаңсып әрі айтқан тапсырманы орындайды", - дейді анасы. 

"Арманы - Паралимпиадада жеңіске жету"

Мейірбектің бапкері Диана Молдахметованың сөзінше, спортпен айналысатын адамдардың өмір тәртібі өзгереді. Олардың нақты мақсаты, күн тәртібі, мотивациясы қалыптасады. 

Бір ерекшелігі Мейірбек жаттығуларда үнемі күліп жүреді екен. Спорттың арқасында жаңа достар да тапқан.

"Шетелге жарысқа шығып келгеннен кейін балалардың көзқарасы мен армандары өзгереді екен. Қазіргі арманы - боччо спортынан Паралимпиадаға барып, жеңіске жету", - дейді спортшының анасы.

Мақала және сурет авторы: Руслан Базарбаев



Бөлісу: