«Арландар» жаңа маусымдағы құрамын таныстырды
Алматыда «Astana Arlans» командасының жаңа маусымдағы құрамын таныстыру рәсімі өтті. Маңызды шарада «Астана» президенттік спорт клубының атқарушы директоры Аманбек Кульчиков, «Astana Arlans» командасының бас менеджері Серік Сәпиев, аға жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков пен жаңа маусымдағы команда капитаны Олжас Сәттібаев тілшілер мен қонақтардың сұрақтарына жауап берді. Ал біз назарларыңызға таныстыру рәсімінен шағын фоторепортаж ұсынамыз.
«Astana Arlans» командасында да биылғы маусымда біраз өзгерістер орын алды. Қаржы мәселесіне байланысты боксшылардың саны былтырғы маусыммен салыстырғанда қысқарды. Мәселен, былтыр команда құрамында 30 боксшы болса, биыл 20 боксшы ғана бар. Дегенмен, команда бапкерлері резервтік құрамға 19 боксшы алып отыр. Олар маусым барысында негізгі құрамдағы жігіттерді алмастыруы бек мүмкін.
2010 жылы алғаш рет тұсауы кесілген жобаға биыл айтарлықтай өзгерістер енді. Бокс басшылары жобаға қатысатын 12 команданы географиялық орналасуларына байланысты 3 топқа бөлді. Бұған дейін қатысқан кейбір командалар қаржы тапшылығына байланысты жобаға қатысудан бас тартыпты. Солардың қатарында Украина, Әзірбайжан сияқты жобаның тұрақты қатысушылары да бар. Сондай-ақ, былтырғы маусымда өнер көрсеткен Түркия, Польша, АҚШ және Пуэрто-Рика елдерінің командалары да биылғы додадан тыс қалды.
Жаңа ереже бойынша әр топтың үздік екі командасы плей-офф ойындарына шығады. Сонымен қатар, үшінші орын алған командалардың арасында үздік нәтиже көрсеткен екі клуб та плей-офф бәсекесіне қосылады.
«Astana Arlans» жеребе қорытындысы бойынша «Uzbek Tigers» (Өзбекстан), «Russian Boxing Team» (Ресей), «China Dragons» (Қытай) командаларымен "С" тобына түсті.
Топтық жекпе-жектер ақпан айынан бастап сәуір айына дейін созылады. Плей-офф ойындары, яғни, ширек финал мамыр айына жоспарланған. Маусым айында – финал. Егер ширек финалдық жекпе-жек 5:5 есебімен аяқталса, онда жеңімпаз команда қосымша +91 келі салмақта анықталады. Ал, жартылай финал мен финалдық айқаста тең есеп тіркелсе онда қосымша жекпе-жек 52 келідегі боксшылардың арасында өтеді.
Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын елордалық «Astana Arlans» командасының үстінен бұрынғы боксшылар мен жаттықтырушылардан арыз түскені туралы хабарланған еді. Бүгін «Астана» президенттік клубының атқарушы директоры Аманбек Кульчиков осы іске қатысты ресми мәлімдеме жасады.
– Бүкіләлемдік бокс сериясының жетінші маусымы тартысты өтетініне күмәнім жоқ. Командалар географиялық орналасуларына байланысты үш топқа бөлінді. Жаңа ереже ең алдымен әр құрлықта кімдердің мықты екендіктерін анықтайды. «Арландардың» топтық сайыстан суырылып шығып, құрлықтың мықтысы атануға толық мүмкіндіктері бар. Команда құрамына еліміздегі тәжірибелі боксшылар топтасқан. Араларында соңғы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз бен жүлдегер атанған боксшылар бар, - деді С.Сәпиев.
Жетінші маусымда «Astana Arlans» капитаны болып, 52 келі салмақтағы Олжас Сәттібаев сайланды. Ол былтыр Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысты. 2015 жылғы Азия чемпионы. Бүкіләлемдік бокс сериясының V маусымында (2015) «Арландардың» құрамында чемпион атанған.
49 келіге дейінгі салмақта команданың үздік әрі тәжірибелі боксшыларының бірі - Теміртас Жүсіпов. Жаңа маусымда команда сапынан бірінші болып шаршы алаңға көтерілетін боксшы.
Осы салмақтағы екінші бір боксшы - Ермек Мәдиев. Боксшыларға Аманбек Кульчиков пен Серік Сәпиев арнайы бокс шолақ шалбарын табыстады.
Олжастан өзге 52 келіге дейінгі салмақта Әнуар Мұзафаров бар. 2016 жылы Павлодарда өткен ел чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын. Финалда маңғыстаулық Азамат Исақұловқа ұтылған еді.
"Арландар" сапындағы тәжірибелі боксшылардың бірі - Ілияс Сүлейменов. Ол 56 келіге дейінгі салмақта бақ сынайды. 4 ақпан күні «Russian Boxing Team» командасына қарсы кездесуде шаршы алаңға шығады.
Тараздық боксшы Жанболат Қыдырбаев 56 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шығады. Павлодардағы ел чемпионатында қола Ілияс Сүлейменовпен бірге қола жүлдегер атанған болатын. Алда WSB жобасында атой салады деп сенеміз.
60 келіге дейінгі салмақта ел үміт артар боксшыларымыздың бірі - Закир Сафиуллин. Ол WSB жобасы мен халықаралық жарыстарда да ірі жетістігімен қуантып келеді.
Командадағы ең жас боксшы - Мирас-Әлі Сәрсенов.
64 келіге дейінгі салмақта алғаш рет "Арландар" сапында бақ сынағалы жатқан боксшы - Мақсат Жексенбі.
Осы салмақ дәрежесінде аға жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков сенім артып отырған боксшылардың бірі - Ділмұрат Мижитов. Павлодарда Мақсат Жексенбі екеуі қола жүлдегер атанған еді.
2016 жылғы WSB жобасындағы ең үздік боксшы - Асланбек Шымбергенов. Ол "қазақтың салмағы" саналып кеткен 69 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасады.
69 келіге дейінгі салмақтағы екінші боксшы - Қанағат Маралов. Павлодардағы ел чемпионатының финалында Абылайхан Жүсіповке жол беріп алды.
75 келіге дейінгі салмақта "Арландар" Әбілхан Аманқұловқа сенім артып отыр. Боксшы жаңа маусымдағы Russian Boxing Team» командасына қарсы кездесуде шаршы алаңға шығады. Павлодардағы ел чемпионатының жеңімпазы.
Бұл салмақта командадағы екінші боксшы - Сапарбай Айдаров. Команда сапына алғаш рет қосылып отыр.
81 келіге дейінгі салмақта сенім артатын боксшымыз - Нұрдәулет Жарманов. 2016 жылғы ел чемпионатының финалында Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасып, қарсыласына жол беріп алды.
WSB жобасы мен халықаралық жарыстарда жарқын жеңістерімен жанкүйерлерін қуантып жүрген боксшылардың бірі - Арман Рысбек.
91 келіге дейінгі салмақта Еркін Мұхамеджан шаршы алаңға шығады.
Командадағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі - Антон Пинчук.
91 келіден жоғары салмақта "Арландар" сапында Олжас Бұқаев бар.
Ауыр салмақтағы екінші боксшы - Дмитрий Зиско.
Қосалқы құрам: Шалқар Айқынбай (49 келі), Ақниет Балтабаев (52 келі), Олжас Байниязов (52 келі), Нұрбол Қалжанов (56 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Әділет Құрметов (60 келі), Мейірболат Тоитов (60 келі), Бекдәулет Ибрагимов (64 келі), Илья Очкин (69 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Амандық Мамаш (75 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі), Жәнібек Әлімханұлы (81 келі), Вадим Казаков (81 келі), Василий Левит (91 келі), Рахман Әлжанов (91 келі), Әбілқайыр Тұрланбек (91 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі), Нұрсұлтан Аманжолов (+91 келі).
Бапкерлер қосыны: Нұрлан Ақүрпеков (аға бапкер), Болат Жұмәділов (бапкер), Ермек Ертаев (бапкер), Нүркен Аңдасов (бапкер).