Арқалықтағы құны бір пәтердің бағасындай әуежайдың қазіргі ахуалы қандай?

Бұған дейін сатылымға қойылған Қостанай облысындағы Арқалық әуежайын облыс әкімдігі сатып алды. Құны бір пәтердің бағасындай әуежайдың қазіргі ахуалы қандай? Massaget.kz тілшісі материалында.
2020 жылы бұрын жеке меншікке берілген Арқалық әуежайы сатылымға шығарылды. Былтыр желтоқсанда Қостанай облысы әкімдігі әуежайды жеке меншік иесінен 20,7 миллион теңгеге сатып алды, осылайша нысан мемлекетке қайтарылды.
Әуежайға жақындағанда, қабырғалары тозған, төбесі жартылай опырылған ескі ғимаратты көреміз.
Ал жақын маңда техникаға арналған учаскені тазартып, бұрғылау алаңын дайындап жүрген жұмысшылар көзге түседі.
Әуежай аумағында бұрғылау қондырғысы жұмыс істеп жатыр.
Жұмысшылардың сөзінше, ұшу-қону жолағын қайта жасау алдында геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімдігі мәліметінше, ұшу-қону жолағының ұзындығы 2 500 метр болмақ. Ол қазір жарамсыз.
Әуежайда ешқандай инфрақұрылым жоқ, аэровокзал кешені толығымен бұзылған.
Аэродром 1992 жылдан бері жұмыс істемейді. Тек санитарлық авиация кей кезде ұшады.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың сөзінше, әуежайды қайта құру жобасы әзірленіп жатыр. Терминалдың жобалау-сметалық құжатын әзірлеуге, ұшу-қону жолағын қайта жаңартуға шарттар жасалған.
Бәрі жоспар бойынша жүзеге асса, Арқалықта қайтадан әуежай пайда болады. Әкімнің айтуынша, Қостанай - Арқалық - Қостанай және Астана - Арқалық - Астана бағыттары бойынша тұрақты рейстер жоспарланып отыр.
Дегенмен Арқалық мәслихатының депутаты Серік Төлекбаевтың айтуынша, қалада әуежай салудан гөрі өзекті мәселе көп. Оның сөзінше, қала тұрғындары да жергілікті билік бюджет қаражатын бұлай бөліп отырғанына наразы.
Төлекбаевтың айтуынша, әсіресе, қала тұрғындары бір кездері арзанға сатылған Арқалықтың ғимараттары бірнеше жылдан кейін қымбатқа қайта сатып алынып жатқанына наразы.
Алайда Арқалық әкімі Әмірхан Асанов мұнымен келіспейді. Оның пікірінше, қалаға әуежай өте қажет.
Суреттер: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
"Арқалықтан Астанаға дейінгі жол - 660 шақырым. Қазір барлығы мәселесін тез шешкісі, тез келіп, кездесіп, құжаттарға қол қойғысы келеді. Сондықтан әуежай қажет", - деді ол.
Айта кетейік, жуырда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арқалық әуежайын қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал кешенін салуды тапсырды.