"Әлеуметтік желіге салған жазбаларымды кейін ұрпағым көреді, оқиды" деп ойлап па едіңіз? Біздің бүгініміз — ертең тарих. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі буын болашақ зерттеушілеріне өзі туралы көп дерек қалдырып жатыр. Туиттер, фейсбук, вконтакте, инстаграмға кіріп, XXI ғасырдың алғашқы 20 жылдығындағы халықтың әлеуметтік жағдайға, саяси мәселелерге, қоғамда орын алған қандай да бір оқиғаға қатысты пікірлерін, салған суреттерін жинап-ақ үлкен зерттеу жасауға болады. Жә, ол болашақтың ісі, қазіргі күнге оралайық. Бұрынғылардың бізге қалдырған ақпараты да аз деуге келмес. Әрине, заманы алыстаған сайын дерегі кеми береді. Бірақ, бастысы — бар. Әсіресе, фото, видео, аудионы таспаға жазу пайда болғаннан бері қалдырылған құнды мағлұмат көп.
Назарларыңызға сондай деректерді жинап, реттеп, сақтайтын мекеме — Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінен дайындалған фоторепортажымызды ұсынамыз.
Бұл мекемемен таныстығымыз "Ғылыми-анықтамалық ақпарат және ғылыми пайдалану" бөлімінен басталды. Атауы бір оқығанда қиын көрінетін бөлім қызметкерлері архив пен келушілер арасын байланыстыратын көпір іспетті. Олар қандай да бір құжат іздеп келген жандарға сұрағанын тауып беруге қай кезде де дайын.
Ел ішінде архивке тек ғалымдар барады деген жаңсақ пікір бар. Негізінде мұнда кез келген адам келе алады. Бастысы, не іздеп жүргенін нақты білсе болғаны.
Архивте маңызды оқиға мен шараның тізімі тұратын арнайы каталогтар жасалған. Егер өзіңіз кезінде қатысқан бір шараны жылы, мекен жайы арқылы іздесеңіз каталог бойынша сол кезде түсірілген суреттер мен видеоларды табуға болады. Әрине, ол жерде сіздің бейнеңіз болатынына кепілдік жоқ. Бірақ, кім біледі, бәлкім бір оператордың объективіне түсіп қалған шығарсыз?
"Мысалы, өткенде жасы 60-тан асқан ер кісі келді. 80-жылдардың басында Республика сарайында бір жарысқа қатысыпты. Сол кісі архивтен өзінің суретін тауып алды. Қырық жыл бұрынғы өзіне қарап, толқыған сәтін көргенде біз де тебіреніп кеттік. Шамамыздың жеткенінше келушілерге көмектесуге тырысамыз. Сұранысты орындай алмай қалсақ көңіл күйіміз түсіп, өзімізді кінәлі сезінеміз. Жыл өткен сайын келушілер саны мен тапсырыс саны өсуде. Оған архивтің ел арасына жақсы танылып жатқаны себеп деп ойлаймын. Оның үстіне, қазір өзіңе қажет құжатты біздің ғимаратқа келмей де алуға болады. Ол үшін сайтымызға кіріп тапсырыс беру керек. Бір тапсырысты үш күнде орындаймыз. Құжаттың көшірмесін флешка немесе қатқыл дискке жазып береміз",- дейді "Ғылыми-анықтамалық ақпарат және ғылыми пайдалану" бөлімінің меңгерушісі Еңлік Толықбаева.
Бұл бөлімнен бөлек, мекемеде тағы екі бөлім бар. Олар: "Архив қорын толықтыру және ведомстволық архивтер" бөлімі және "Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік есеп және техникалық бақылау" бөлімі.
"Архив қорын толықтыру және ведомстволық архивтер" бөлімінің негізгі мақсаты, аты айтып тұрғандай, мекемеге өткізілетін аудиовизуалдық құжаттар, фотосуреттер, магниттік таспалар, киноқұжаттар, видеоқұжаттар, аудиокассеталарды қабылдау.
Оның өзі оңай шаруа емес. Өйткені барлық құжат алдымен құндылық сараптамадан өтеді. Сапасы мен тарихи, мәдени маңыздылығы тексеріліп, анықтамасы жасалып, тізімге енгізіледі. Содан кейін арнайы құрылған комиссия бөлім қызметкерлері дайындаған тізімді талқыға салып, құжатты архивке қабылдау, қабылдамау туралы шешімін айтады. Комиссиядан өткен құжаттар арада біраз уақыттан кейін зерттеушілерге ашық болады.
Есенғазиева Шара, бөлім меңгерушісі:
"Комиссия мүшелері оң шешімін айтса ғана құжат мемлекеттік есепке өтеді. Бәрі сауатты болуы керек. Ол не оқиға, қашан болған? Егер біреудің отбасылық суреті этнография, тарих тұрғысынан маңызды болса, комиссия ондай суретті қабылдауы мүмкін. Ал олар "Мынау қажет емес" деп, құжатты кері қайтарса, бізде өз позициямызды қорғау мүмкіндігі бар.
Мысалы, Қасым Бегалин бір жылдары кәдімгі VHS таспаға әуесқой түсірілім жасап, архивке өткізбек болды. Комиссия мүшелері оны алмаймыз деді. Кейін сол жерде кассетаны қосып, тағы тексердік. Видеода Сапарғали Бегалин атындағы мектептің ашылу салтанаты көрсетіледі. Ішінде Қасым Бегалиннің өзі, Әзірбайжан Мәмбетов, Кәукен Кенжетайұлы да бар екен. Әуесқой түсірілім болса да тарихи тұлғалар көрінетіндіктен ақырында видео архивке қабылданды".
Комиссия талқылауы жылына 6-7 рет өтеді. Одан бөлек, мұнда ынталы бейнетүсірілім деген жоба бар. Ол жобаға сай архив қызметкерлері мерекелік даталарға байланысты танымал тұлғаларға барып, олармен сұхбаттасып, фото-видео түсіреді. Кейін сол туындыларын қорға сақтап, болашақ зерттеушілеріне маңызды деректер қалдырады.
Ал енді архивке қабылданған құжаттардың жағдайын үнемі қадағалап отыратын бөлім туралы сөз қозғайық. Қарапайым тілде оны "Сақтау бөлімі" дейді. Ал ресми атауы — "Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік есеп және техникалық бақылау" бөлімі.
Мұндағы қызметкерлер құжаттарды дұрыс сақтап қана қоймай, оларды қалпына келтіру, сапасын көтеру және сандық форматқа ауыстыру жұмыстарымен де айналысады.
Архивте сақталған ескі аудио жазбаны тыңдап отырған қызметкер.
Архивте сақталған ескі видеоның түсін түзеп отырған қызметкер.
Архивте сақталған ескі суреттерді сандық форматқа өткізіп отырған қызметкер.
Архивте сақталған ескі пленканың жағдайын тексеріп отырған қызметкер.
Константин Карелин, архив инженері:
"Біз тарихтан сыр шертетін құнды құжаттармен жұмыс істейміз. Пленканы дұрыс кеспесең, бүтін бір буын туралы маңызды ақпаратты жоқ етуің мүмкін. Сондықтан жұмысымыз ұқыптылықты қажет етеді. Бірақ қиын емес. Қоймада тұрып шаң басқан таспаларды спиртпен сүртеміз. Одан бөлек, бір кадрда ақау кезіксе, арнайы құралмен кесіп, қайта жабыстырамыз. Бастысы, пленка ойнату құрылғысынан мүдірмей өтуі керек. Соны қадағалаймыз".
Шынар Сарыбаева, бөлім меңгерушісі:
"Архивте жұмыс істегеніме 15 жыл болса да өзіме күнде жаңалық ашамын. Өйткені мұнда құжат көп. Мысалы, фоно құжаттардың саны 15 мыңнан, кино құжаттардікі 30 мыңнан асады, фото құжаттардың саны 200 мың төңірегінде. Қорымыз жылдан жылға өсіп жатқанын ескерсек, біз көрмеген, біз білмеген қаншама дүние барын түсінесің. Әрине, мұның бәрін сақтау оңай емес. Сондықтан қоймалар ауа температурасы, ылғал деңгейі үнемі бір қалыпта ұстайтын арнайы құралдармен жабдықталған".
Айта кетерлігі, қазіргі күні кино құжаттардың 60%-дан астамы, фоно құжаттардың 70%-ға жуығы, фото құжаттардың 50%-ы сандық форматқа ауыстырылды. Бұл да оңай шаруа емес. Себебі, құжаттарды сандық форматқа ауыстыру қосымша жұмыс күшін — мамандарды, заманауи техниканы талап етеді.
Саян Ақмолда, дыбыс инженері:
"Жұмысымыздың жауапкершілігі көп болғанымен өте қызық, шаршамаймыз. Керісінше, ескіден қалған таспаларды тыңдап отырып демаласың, таным көкжиегіңді кеңейтіп, біліміңді арттырасың. Шіркін, Нұрғиса Тілендиев дирижерлық еткен әуендер, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов орындаған әндер қандай десеңші, кейде жылатады, кейде күлдіреді. Менің аудио құжаттармен жұмыс істеу кезінде байқағаным, бұрынғы музыканттар мен бүгінгі музыканттар арасында айырмашылық көп. Қазір заман бәрі жылдам, бәрі тез болуы керек деген талап қояды. Бұл музыкаға да әсер еткен сияқты. Бүгінгі күйшілер сахнаға шығып, бір күйді зырылдатып орындап шығып, халық шулап жатқанға мәз болады. Бұрынғының тәлімін алмастан жұлдыз атанғысы келеді. Бұл дұрыс емес, әрине. Күй деген өз бабында болғаны жөн. Оның шығу тарихына үңіліп, ырғағын сезіне білу де өнер. Өткенсіз болашақ жоқ. Осыны ұмытқан өнерпаздың барар жері — тығырық".
Рас, өткенге үңілмеу, өзіңе дейін өмір сүрген адамдардың тағдырын зерттемеу, қателіктерінен сабақ алмау тек өнерпазды ғана емес, бүкіл адам баласын тығырыққа тірейді. Архив жұмысының маңыздылығы да осында. Бұл мекеме қызметкерлері тарихи құжаттарымызды жинап, сақтау арқылы болашақ алдындағы борышын абыроймен атқарып келеді. Олардың жұмысы бүгін бағаланбауы мүмкін. Бірақ болашақ оларға зор алғыс айтары анық.