«Алтыншы бекет» («Шестой пост») картинасының түсірілімі
«Хабар» Агенттігі мен «Аю Синема» компаниясы бірлесе отырып жаңа кино түсіріп жатқанын жазған едік. Бүгін картинаның қалай түсіріліп жатқаны жөнінде түсірілім алаңынан фоторепортаж ұсынбақпыз.
Бастапқыдан «Побег» деп аталған жобаның атауын шығармашылық ұжым ойлана келе «Шестой пост» деп ауыстырыпты. Себебі шынайы өмірге негізделген туындының оқиғасы алтыншы бекетте болған.
Естеріңізге сала кетейік, «Шестой пост» картинасына 2010 жылы Ақтау қаласындағы түрмеден қашқан қылмыскерлердің қанқұйлы іс-әрекеті арқау болған. Бүгінде шығармашылық топ фильмнің соңғы сахналарын Астана қаласында түсіріп жатыр.
Фильмнің режиссері Серікбол Өтепбергеннің айтуынша бұл кино жастардың бойында патриоттық сезімді оятады. «Қазір сан алуан бағдарламалар азаматтарымыздың миын улап жатыр. Сондықтан біз қазіргі таңда батырларымыз бар екенін, олар өз өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан Отан алдындағы борышын өтеп жүргенін көрсеткіміз келді»,– дейді ол.
Оқиға желісі бойынша Ерлан Қаратаев деген 19 жасар жігіт Ұлттық ұланның әскери қызметіне қабылданып, қатаң режимдегі түрмені күзетуге жіберіледі. Оның рөлін жас актер Санұржан Сүлейменов сомдайды.
«Кейіпкердің образын ашу үшін арнайы дайындықтан өттім. Казармаға барып, сарбаздармен бірнеше күн бірге тұрдым. Таңертең ерте тұрып, 5 км жүгіріп, солармен бірге тамақтанып, жаттықтым. Уақыттың аздығына байланысты дайындығым жеткіліксіз болды. Сол үшін түсірілім алаңында әскери кеңесшілер де қатысып, сарбаздың өзін қалай ұстау керектігін үйретті»,– дейді Санұржан Сүлейменов.
Екінші кейіпкер Дәурен Ізбасов. Ол Ерланның бала кездегі досы. Дәурен өзінің сүйген қызын өлтіргені үшін түрмеге жабылған.
Ақан Сатаевтың «Районы» картинасы арқылы танылған жас актер Жасұлан Өмірбек Дәуреннің рөлін сомдайды. Фотоларға қарап Жасұлан қылмыскердің образын аша біледі деген ойдамыз.
Ал, мына актерді таныдыңыздар ма? Комедия жанрындағы телехикаялардан жалыққан Еділ Анарбай өзін драма бағытында сынап көрмек.
Сонымен қатар, фильмде Серік Салқынбаев, Ерболат Тоғұзақов, Саят Исембаев, Қажымұқан Қалымбетов, Жандос Жұмағұлов, Армат Смаилов, Бауыржан Балғабаев, Гүлнара Байбосынова сынды актерлер бой көрсетеді.
Телехикая шынайы оқиға ізімен түсіріліп жатқандықтан шығармашылық ұжым Алматы облысындағы түрмелердің біріне барып, сол жердің тыныс-тіршілігін көрсетуге тырысқан.
Яғни, кинодағы декорацияның барлығы дерлік қазіргі түрмелердегі жағдайды көрсетеді.
Жатын орындары, жуыну бөлмелері мен тамақтану бөлмелері – бәрі де қазіргі абақтының өмірі.
Айтпақшы, картинаға Ұлттық ұланның 1500-ге жуық сарбазы мен әскери қызметкерлері де қатысты.
Ұлттық ұлан сарбаздары мен қылмыскерлер арасындағы атыс-шабысқа толы картинаны көрермен ақпан айында үлкен экрандарда тамашалайды.