Алматы - қарама-қайшылықтар қаласы. Орталық пен шет аудандардағы тұрмыс бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін. Алматы тұрғындарының өмірі қаншалық өзгеше екенін қаланың батыс шекарасында орналасқан тұрғын үй кешендерінен білуге болады.
Бұл жолғы нысана - Райымбек және Алатау даңғылдары арасында өте ықшам орналасқан, 17 тоғыз қабатты корпустан тұратын "Нұрлы Дала" тұрғын үй кешені. Үйлердің маңында "Алтын Орда", "Барлық" базарлары және "Апорт" ірі сауда орталығы бар.
"Нұрлы Даладағы" барлық үйдің түсі қарапайым. Бірақ тұрғындар мұндағы пәтерлерді түсіне бола таңдамаған. Кезінде мұндағы баспаналар мемлекеттік бағдарлама бойынша сатып алынған. Сондықтан тұрғын үй кешені эконом санат ретінде белгіленген.
Бұл кешеннен пәтер алсаңыз, көп жағдайда терезеңізден көршінің терезесі көрініп тұрады. Мұндағы аулаларды кең деп айту қиын. Тіпті жұмыс уақытында да тұрақ орындары көлікке толып тұрады. Бұл - осыған ұқсас басқа да тұрғын үй кешендеріне тән жағдай.
Балалар алаңқайлары да өте қарапайым. Олардың біраз ескіріп қалғаны байқалады.
Дегенмен бұл үйлердің тұрғындарының жолы болды деуге болады. Мұнда жап-жаңа №124 жалпы білім беретін мектеп бар. Сондай-ақ, жақында ғана балабақша ғимараты салынды. Алайда, пікірлерге қарағанда, нысан әлі бүлдіршіндерді қабылдай қоймаған.
"Асыл Арман" тұрғын үй кешенімен салыстырғанда, мұнда бірінші қабаттарда шағын бизнес нысандары аз. Тек бірнеше дүкен мен дәріхана бар.
Бақтияр есімді тұрғын бұл үйлердегі тұрмыс "жаман емес" екенін айтты.
Ер адам тұрақ орындарының тапшылығы мен жағымсыз иісті ғана атады.
"Тұрақ орындары аз. Бұрын "Апорттағы" тұрақ тегін болатын, қазір ақылы. Содан кейін бәрі көліктерін біздің аулаға қояды. Қараңызшы, тіпті бес тонналық жүк көліктеріне дейін осында тұрады. Сондықтан тұрғындарға орын жетпейді", - деді ол.
Тұрғын үй кешені мен Райымбек даңғылы арасында үлкен тұрақ бар. Онда негізінен жеңіл көліктер тұр.
Дегенмен бірнеше тұрақ орнын алып тұрған ірі жүк көліктері де бар. Ер адамның айтуынша, бұл жерден республикалық маңызы бар тасжол өтетіндіктен, жүк көліктері бұдан да көп болады.
Оның үстіне тұрақ алаңында қарбыз саудасы қызып тұр.
Ер адамның айтуынша, иіс кәріз-сорғы станциясынан шығады:
"Жақында салынған кәріз сорғы станциясында иіс бар. Кейде жағымсыз иіс сол жақтан шығады".
"Нұрлы Даланың" тағы бір тұрғыны да жергілікті халықты мезі еткен жағымсыз иіс туралы айтты. Бірақ, оның айтуынша, иістің көзі - тұрғын үй кешеніне іргелес орналасқан картон зауыты.
Бір қызығы, тұрғындар бұл жердегі сасық иіске шағымданып жүргеніне бір жылдан асқан. 2023 жылы Наурызбай ауданы тұрғындарының бірі Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтан қағаз зауытын кешеннен алысқа көшіруді сұраған болатын.
Бірақ зауыт әлі сол орнында, аумақтық жағынан ол Алматы облысына қарайды, сондықтан қала әкімдері оған ештеңе істей алмайды.
"Су мен жарыққа келсек, бізде де басқа жерлердегідей өшіп тұрады, бірақ бұрын бұдан да нашар еді. Қазір сәл жақсарды", - дейді Бақтияр есімді ер адам.
Тағы бір жергілікті тұрғын трассаның үстінен салынған жаяу жүргіншілер көпіріне назар аударуды сұрады. Қазір бұл - жолдың келесі бетіне өтудің жалғыз қауіпсіз жолы.
"Нұрлы Дала" тұрғындары бұл көпірді жұмыстан автобуспен оралғанда немесе "Алтын Орда" базары мен сауда орталығына барғанда пайдаланады:
"Көпір темірден жасалған. Баспалдақтары да темір. Қыста көктайғақта бұл өте қауіпті. Баспалдақтар мұз болып қататындықтан, аяқ-қолыңды сындырып алуың мүмкін".
Жаяу жүргіншілер көпірінің баспалдақтары, шынымен де, темір, ал көпірден өтіп жатқан адамдардың қарасы өте көп.
Жергілікті тұрғындардың автобустарға қатысты шағымдары да айтылды, мұнда автобустар таңертең де, кешке де адамға лық толы болады.
Сонымен қатар, іргелес жерде "Нұрлы Дала - 2" кешені бой көтеріп жатыр. Алты корпус пайдалануға беріліп қойған. Олардың алғашқы кешеннен айырмашылығы - түстерінде және аулаға тек тұрғындар кіре алатынында.
"Нұрлы Дала - 2" жобасының ауқымы алдыңғысынан кем түспейтін түрі бар. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр.
Бірнеше жылдан кейін мұнда мектептердегі орын тапшылығы, тұрақ пен кептеліс, су мен жарық мәселесі өрши түсуі мүмкін. Екі ірі базардың түбіндегі халық тығыз қоныстанған, бірақ салыстырмалы түрде арзан үйлердегі өмір осындай.