Алматының тағы бір ауданы сүріле ме? Тұрғындар дабыл қақты
Алматыдағы Қалқаман-2 шағынауданының тұрғындары бас жоспардағы өзгерістерге алаңдап отыр. Олардың айтуынша, жеке үйлердің орнына көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу көзделген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тұрғындар бірнеше рет тиісті органдарға хат жолдағанымен, мардымды жауап ала алмағанын айтады. Сондықтан олар жиналып, түйткілді мәселеге қатысты ашық пікір білдіруге мәжбүр болған. Қалқамандықтардың сөзінше, бас жоспардағы өзгерістерден кейін олардың үйлері картадан "жоғалып кеткен".

Жергілікті тұрғын Райхан Мамырованың айтуынша, бұл аумақта көпқабатты тұрғын үйлер салынатыны туралы ақпарат тараған. Осыған байланысты олар Сәулет басқармасына жүгінген. Ресми жауапта әзірге инвестор жоқ екені айтылғанымен, жоспар өзгергені расталған.

Ал басқа тұрғындар өз үйлерін тастап кеткісі келмейтінін ашық жеткізді. Олардың сөзінше, бұл баспаналар ұзақ жыл жинаған қаражатқа салынған. Көпшілігі инфрақұрылымды да өз күшімен жүргізгенін айтады.
Тұрғындардың алаңдаушылығына тағы бір себеп - экология және көлік мәселесі. Олардың пікірінше, бұл аумақта көпқабатты үйлер салынса, қаладағы ауа сапасы нашарлап, кептеліс күшеюі мүмкін.
Ал Наурызбай ауданының сәулетшісі Дәурен Алмасбеков 2023 жылғы жоспарға сәйкес бұл аумақта білім беру, денсаулық сақтау нысандары, саябақтар және көппәтерлі тұрғын үйлер қарастырылғанын растады. Алайда, оның айтуынша, қазір нақты құрылыс жүргізетін инвестор жоқ.
Сонымен қатар, ол кез келген құрылыс жұмыстары тұрғындардың келісімімен ғана жүзеге асатынын жеткізді. Жер теліміне қызығушылық танытқан инвестор табылса, ол әрбір үй иесімен жеке келіссөз жүргізуге тиіс.

Осылайша, Қалқаман-2 шағынауданында жақын арада үйлерді жаппай сүріп, құрылыс бастау жоспары жоқ. Дегенмен аумақ бас жоспарға енгізілген. Бұл болашақта инвестор табылған жағдайда жағдай өзгеруі мүмкін екенін көрсетеді.

Қазір тұрғындар нақты кепілдік талап етіп отыр. Ал ауданның болашағы әзірге ашық күйінде қалып отыр.
Авторы: Әлібек Шынтемір
Суреттер: Болат Айтмолда