Алматылықтар Олимпиада жүлдегерлерін қалай қарсы алды?

Алматылықтар Олимпиада жүлдегерлерін қалай қарсы алды?

Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының алғашқы жүлдегерлері елге оралды. Дзюдошылар мен суда жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинді қалың жұртшылық зор қошеметпен қарсы алып, ыстық ықыластарына бөледі. Ал біз осы бір тарихи сәттен фоторепортаж ұсынамыз.

Астана уақытымен түнгі сағат 01:00-ден аса қазақстандық дзюдошылар Алматы әуежайына келіп қонды. Түн жарымнан ауса да өз батырларын күтіп алуға келген халықтың санында шек болмады. 

Күтіп алушылардың қатарында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев мырза мен Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов та болды.

Одан өзге дзюдодан 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Жіткеевті, еркін күрестен 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуковты, «Қазақстан барысында» танылған дзюдошы Руслан Әбдіразақовты да көзіміз шалды.

Елдосты қарсы алуға келген қара шаңырақ ҚазҰУ студенттері

Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Ермек Имамбековты құттықтау сәтінен.

Олимпиаданың күміс жүлдегері атанған Елдос Сметовтың ата-анасы ұлдарының жеңісіне дән риза екендіктерін жеткізді.

Ал спортшының жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев финал алдында демалыстың аздау болғанын, әзірбайжан балуанына көбірек күш жұмсап қойғанын айтты.

Елдос Сметов ерекше құрметпен қарсы алған жанкүйерлеріне алғысын білдіріп, жеңісін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнайтынын айтты.

- Барша қазақстандықтарға алғысымды білдіремін. Жеңісімді Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, Қазақстан халқы мен Елбасына арнаймын. Бұл - мен үшін ең қуанышты сәт, - деді спортшы.

Қазақстан құрамасының қоржынына алғаш болып жүлде салған Галбадрах Отгонцэцэг те жанкүйерлер назарынан тыс қалмады. Ол өзінің алғысын жанкүйерлерге шама шарқынша қазақ тілінде айтып жеткізді.

Жанкүйерлер ұлттық құраманың өзге спортшыларымен де естелік суреттерге түсіп, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.

Таң ата алматылықтар Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинді күтіп алуға асықты.

Алтын медалін тағынған Дмитрий де жанкүйерлерді көп күттірген жоқ.

Спортшы тілшілерге сұқбат беріп, жеңісіне ұзақ уақыт бойы сене алмай жүргені туралы айтты. 

Олимпиада чемпионын қарсы алу шарасына қала әкімі Бауыржан Байбек арнайы келіп құттықтады. 

Дмитрий жиналған жұртпен сәлемдесіп, алтын медалін таныстырды.

Дмитрий Баландин де өз қуанышын жасырып қала алмады. Барша қазақстандықтарға алғысын білдіріп, қуанышымен бөлісті.

Алматы қаласының әкімі Олимпиада чемпионын тәрбиелеп өсірген отбасына алғысын айтты.

Сондай-ақ Баландин оның жеңіске жетуіне анасының көрсеткен қолдауы көмек болғанын айтты. "Ана - саған үнемі сенім білдіретін, қолдау көрсететін жан. Анама рақмет", - деді Дмитрий.

Чемпионның жаттықтырушылары. Алексей Казаков та шәкіртінің жетістігіне бразилиялықтар қалай таңданғандарын айтып жеткізді.
 
 
ҚазҰУ студенттері қара шаңырақ оқу ордасының қабырғасында жүріп Олимпиада чемпионы атанған Дмитрий Баландинге гүл шоқтарын табыстады. 
 

Ал спортшы оқу ордасының студенттеріне естелік қолтаңба беріп суретке түсті. 


Еліне оралған чемпионды жиналған жұртшылық зор құрметпен үйіне шығарып салды.