Алматыдағы спорт тойы. Жартылай марафон қалай өтті?
Алматыда күздің алғашқы жартылай марафоны өтті. Ресми дерекке сүйенсек марафонға 5 мыңға жуық адам қатысқан.
Тұңғыш Президенті Саябағынан бастау алған марафоншылар екі қашықтыққа жүгірді. Бірі 10 шақырымды меже етсе, екіншілері 21,1 шақырымға жүгіруге бел буыпты.
Араға бір сағаттан аз уақыт өткенде 10 шақырымға жүгірген марафоншылар мәреге біртіндеп келе бастады.
Бұл жолы жартылай марафонға қатысуға бел буғандардың ішінде нәзікжандылардың саны артқаны бірден байқалды.
Марафоншылар Абай даңғылында орналасқан Орталық стадионында мәре сызығын кесіп, өзіне тиесілі медальдарын алып жатыр.
Қолдау көрсетуге келгендердің арасында кішкентай бүлдіршіндер де болды. Сәбилеріміз марафонға қатысқан әке-шешесі мен туыстарына жанкүйер болды.
Сондай-ақ мәреде "күрке тауық" пен "панда" марафоншылар мен жанкүйерлердің көңілін көтеріп жүрді.
Жартылай марафонға қатысушылар бірнеше жас категориясына бөлінді.
Марафонға қатысушылар жәй ғана жарысқа емес, мерекеге келгендей дайындалған. Мына Спарта әскерінің образындағы қатысушы жанкүйерлердің көңілін көтеріп тастады.
"Effective Media Liaison" (tengrinews.kz, vesti.kz және massaget.kz) директоры Сұңқар Қарабалин 10 шақырымды бағындырып келгендегі өз әсерімен бөлісті.
- Мен үшін Алматы марафонына қатысу жылдағы әдетке айналды. Негізгі мақсат нәтижеге жету емес, әдемі спорттық шараға қатысу. Айналадағы көңіл-күй өте керемет. Жүгіру кезінде болсын, мәреде болсын қатысушылардың көңіл-күйінің көтеріңкі болуы өте қатты әсер етеді. Марафонға қатысушылардың саны жылдан жылға көбейіп келе жатқаны қуантады. Оның ішінде жастар санының артуы жақсы көрсеткіш. Отбасымен, бала-шағасымен жүгіретіндер де көп. Осының бәрі Алматы марафонын спорттық мерекеге айналдырғаны сөзсіз. Оның үстіне бүгінгі ауа-райы керемет болып тұр. Күзгі марафонға қатыспаушы едім. Бірақ бұл жолы бақ сынауға бел будым. Бәріміз шамамыз келгенше спорттық шараларға қатысып, денсаулығымызды нығайта түсейік, - деп әсерімен бөлісті Сұңқар Қарабалин.
Мәреге жеткендер медальдарымен фотоға түсіріп, кезекті белестерін бағындырғанына қуанып жатты.
Ал марафон уақытында бір-біріне қолдау көрсетіп, тіпті, фото, видеоға түсушілердің саны көп болды десек қателеспейміз.
Марафонға қатысу оңай шаруа емес. Тіпті, мықты спортшылардың қуаты таусылып, шаршайтын сәті болады.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар арнайы жүлделермен марапатталды. Жеңімпаздардың марапаттау сәтіне бір сәт назар бөлейік.
Мәреге бірінші болып 10 км қашықтыққа жүгіруден жеңіпаздар келді. Амангос Иассауи (32 минут 8 секунд) ерлер арасында өзгелерді озса, ал Екатерина Парамонова (37 минут 32 секунд) әйелдер арасында бірінші болып мәреге жетті.
Жартылай марафоншылар арасында қызу жарыс басталды. 21 км қашықтыққа жүгіруден алматылық Михаил Красилов (1 сағат 9 минут 15 секунд) жеңіпаз атанды. Қыздар арасында Жанна Мамажанова (Алматы) 1 сағат 19 минут и 8 секунд уақыт көрсеткішімен бірінші болып келді. Ең жүйрік ерлер мен әйелдер үштігі 1,5 миллион теңге көлемінде ақшалай жүлде қорын өзара бөлісті. Жүлдегерлер әр жас санатында да анықталды.
Келесі марафонда жолыққанша, құрметті спорт сүйер қауым!